Басты жаңалықтар

Праймериз: 27 мыңға жуық партия мүшесі таңдау жасады

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Nur Otan праймеризінің дауыс беру кезеңі 4 қазанда аяқталды. Партияішілік сайлауға өңірімізден қатысқан 460 үміткерге 26839 партия мүшесі дауыс берген. Cөйтіп, Ақтөбе облысы праймеризде партия мүшелерінің дауыс беру белсенділігі жөнінен алғашқы бестікке енді.

Нұротандықтар 1-2 қазан күндері онлайн тәртібімен таңдау жасаған. Ал үлгермегендер және интернеті жоқ ауылдағы партияластарымыз үшін 3 қазанда арнайы дайындалған 118 орын ашылыпты.  Оның 76-сында онлайн форматта, 42 учаскеде дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс берілген.  Кейін онлайн дауыс беру тағы бір күнге ұзартылды.

Тіркелген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарады.  Олар партияластарымен 5 мыңнан астам кездесу өткізіп, өз бағдарламаларын ұсынды. Оның 642-сі онлайн форматында ұйымдастырылды. 16 жерде өткен 87 жария пікірсайыста түрлі мәселелер көтеріліп, оңтайлы шешу жолдары айтылды. Сөйтіп, біз  айдан астам уақыт бойы тарихи сәттің куәгері болдық. Өркениетті елдердің тәжірибесі мен озық үлгісі бойынша ұйымдастырылған саяси науқанға облысымыздағы партиялықтар белсенді қатысты, — дейді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Партияішілік сайлауда облыс бойынша 460 үміткер бақ сынаған. Оның ішінде бастауыш партия ұйымдарынан 232 партия мүшесі ұсынылса, өзін-өзі ұсынғандар саны — 228.  Партиялық тізімнің сапалық құрамында нәзікжандылардың үлесі 36,7 пайызды құрады. Елдің ертеңі болатын 129 жасқа сенім білдірілген. Праймериздің қорытындысы алдағы уақытта жарияланбақ. Ал қазір дауыс беру үрдісі қалай ұйымдастырылғанына тоқталып өтейік.

Шалғай ауылдағы партия мүшелері онлайн дауыс берді

Өз таңдауын ауылда отырып жасағандардың бірі — Мәлік Сәрсенов. Мәртөк ауданының Достық ауылында тұратын ол мектепте сабақ береді.

Еліміздегі қазіргі жағдайды ескере отырып онлайн дауыс беруді ұйғардым. Бәрі тиімді ұйымдастырылған. Ауылдықтар өте риза. Ешқайда сабылып жүрудің қажеті жоқ. Әркім өз үйінен таңдауын жасай алды. Мысалы, мен аудан экономикасына пайдасын тигізер, саяси-қоғамдық өмірде ойып тұрып орын алар белсенділердің жеңіске жетіп, ел игілігі үшін дауыс бердім, — дейді ол.

Ал интернет желісінде «Тракторшының махаббаты» деген атпен танылған Айнұр Жакенова Мәртөк ауданы Бөрте ауылында отырып-ақ өз таңдауын жасапты. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстаз осыған дейін төбенің басына шығып, терезенің алдында отырып, ауылдың қым-қуыт тірлігін шынайы да әдемі посттарымен жеткізіп келген болатын. Интернет желісі келген соң 245 мыңға дейін оқырмандарын көбейткен ол онлайн түрде праймериз қатысушыларына да өз дауысын беріпті.

Мен еліміздің үлкен қозғаушы күші Nur Otan партиясының мүшесімін. Ауылымыз жылдан-жылға өркендеп келеді. Биыл ауылға интернет келіп, қуанып жатырмыз. Заманның ағымына сай, озық технологиялардың арқасында жаңалықтан тыс қалмаймыз. Праймериз басталғалы бері бақылап, үміткерлердің бағдарламасымен танысып отырдым. 10 сиыр сауып, мектепте жұмыс істеп жүріп те партия жұмысына куәмін, — деді ол.

Ол онлайн әдісімен сайлау алғаш рет ұйымдастырылып жатқанына қарамастан, өте жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.  Енді көпшіліктің таңдауымен іріктеліп, алға шыққандарға ауылдықтардың артатын сенімі зор. Себебі праймеризге қатысқан азаматтардың басым көпшілігінің бағдарламасында ауылды көркейтуді қолға алу көзделген.

Заманауи әдіс кәсіпорын жұмысшыларына да тиімді

Өңір нарығында өзіндік орны бар «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі партия мүшелері де праймеризден шет қалмады. Он жыл бұрын кәсіпорынға қарапайым жұмысшы болып кіріп, қазіргі таңда цех шебері болып отырған Ерболат Жасжанов партияішілік сайлаудың маңызды екенін айтады. Ол бастамасы мен бағдарламасы ұнаған кандидатқа дауыс беріп, өз таңдауын жасаған.

Праймериз додасына түсіп жатқан үміткерлер түрлі мәселелерді көтеріп, атқарылуы керек жұмыстарды атап айтып жатыр. Тұрғындарды толғандырып жүрген жайттарды қозғап, шешімін де ұсыныс ретінде жеткізуде. Қоғамда болып жатқан мәселелерге бейжай қарамай, оны көтеріп жатқан үміткерлердің бастамасы мені қуантты. Партиямыздың лайықты көшбасшылары анықталып, нәтижелі жұмыс атқаратынына толықтай сенімдімін, — дейді Ерболат.

Сонымен қатар дауысты онлайн арқылы беру уақытты үнемдеудің және соңғы жағдайларға байланысты адамдардың денсаулығы үшін тиімді екенін айтты.

— Бұл әдіс  біз үшін тиімді болып тұр. Жұмыста болғандықтан арнайы сайлау учаскесіне барып, таңдауымызды жасау уақытымызға сәйкес келе бермейді. Қызметімізді атқарып жүріп primaries мобильдік қосымша арқылы дауысымызды бердік, — деді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандар праймеризден үлкен үміт күтеді

Ақтөбедегі «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мүшелері праймеризден көп өзгерістер күтеді. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпке баулып, қоғамға бейімдеп жүрген бірлестік өкілдері партияішілік сайлауда да белсенділік танытып таңдауларын жасаған.

Үміткерлердің бір ай бұрын басталған үгіт-насихат кездесулерінде болдық. Праймеризге еліміздің дамуына үлес қосатын, қоғамдық мәселелерді шеше алатын, нәтижелі іс көрсететін азаматтар қатысып жатыр. Жалпы бағдарламалары және алға қойған мақсаттарымен таныстық. Саламыз бойынша пандус қою мәселесі, қоғамдық көліктердегі арбалардың орналасуы, мүмкіндікі шектеулі азаматтардың білім алуы және олардың кәсіппен айналысуы сынды тақырыптар қозғалды. Лайықты кандидаттарымыз көшбасшылардың қатарынан табылады деп ойлаймыз. Сайлау учаскелеріне бармай-ақ, онлайн дауыс беруге болады. Уақытымызды жоғалтпауға мол мүмкіндіктер жасалған. PRIMARIES2020 қосымшасы арқылы кез келген жерден таңдауымызды жасай алдық, — дейді «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Елеусізов.

Қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесі Болат Қалықбаев депутаттық орындыққа отыратын үміткерлермен алдағы уақытта тығыз жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар праймериз арқылы көптеген жастардың бағы ашылатынын жеткізді.

Қазақта «Ақыл — жастан, асыл — тастан» деген жақсы сөз бар. Жастар қауымына да билік басына келуге мол мүмкіндік жасалуда. Тың идеяларымен келген олар үлкен өзгерістер жасайды деген сенімдемін. Көптеген үміткерлердің бағдарламаларымен таныстым. Қоғам үшін өзекті мәселелерді көтеріп жатқаны көңілге жылу ұялатады. Ең лайықтылары депутаттық орынға отырады деп ойлаймын. Алдағы уақытта болашақ ел қалаулыларымен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Өзіміздің саламыз бойынша әлеуметтік жобаларымызды дайындап, ұсынатын боламыз, — дейді «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Болат Қалықбаев.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button