Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге  7 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Санитарлық талап

Облыс бойынша мобильді топтар, жергілікті полиция қызметкерлері бас  мемлекеттік санитарлық дәрігер қабылдаған қаулылардың орындалуына бақылау жүргізіп жатыр. Нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес  620 хаттама толтырылып, 75 645 240 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жалпы, құқықбұзушылық фактілерінің 23,5% -ы кәсіпкерлердің жұмыс уақытын бұзуы болса, бетперде кию тәртібін бұзу  —  22,5%,  әлеуметтік арақашықтықты сақтамау —  19,5%, дене қызуын өлшемей, қызметкерлерді жұмысқа жіберу — 5,3%, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ нысандардың жұмыс істеуі —  4,8%. Тұрғындар тарапынан да қаулы тәртібін бұзушылар жиі кездесіп отыр. Әсіресе, той, қыз ұзату секілді шараларды ұйымдастырушылар көп. Осындай заңбұзушылықтар — 23%. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсәуле Оралбаеваның айтуынша, той, садақа, қыз ұзату шараларын жасаған 24 кәсіпкерлік нысанына 6 917 220 теңге көлемінде айыппұл салынған. Департамент мамандары облыс тұрғындарын коронавирус  инфекциясының алдын алу үшін мерекелік, отбасылық шараларды тоқтата тұру керектігін және бетперде тағу, қолды жиі жуу, антисептиктерді пайдалану, әлеуметтік дистанцияны сақтау талаптарын орындауға шақырады.

Кәсіпкерлік субъектілері коронавирус  инфекциясы таралмауы үшін санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтағаны жөн.  Мәселен, қалалық басқармаға  Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында карантиндік шектеу шараларының бұзылғандығы  туралы шағым түскен. Іс бесінші қазанда қаралады. Айсәуле Оралбаева індет өршімес үшін тұрғындар барынша сақтанып жүру керектігін ескертті.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button