Экономика

8 айдың межесі — 4 миллиард пен 46 миллион теңге

Көшпелі конференция

Жыл басынан бері ауданда жасалған жұмыстарды қорытындылаған Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов биыл 3 елді мекенге газ құбыры барғанын айтты.

«Біздегі шешімін күткен ең үлкен мәселе — осы. Ауылдарды газбен қамтуда көрсеткішіміз төмен. Ауданды көгілдір отынмен қамтемелеу бұрын 22 пайыз-ақ болса, Еңбекту, Жамбыл, Талдысай елді мекендеріне газ тартылып, 29 пайызды құрап отыр», — деді аудан басшысы көшпелі баспасөз конференциясында.

Солтүстігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, елімізде екі облыс орталығы және 4 ауданмен шектесетін Әйтеке би ауданында 24 мыңнан аса адам тұрады. 15 ауылдық округі, 27 елді мекені бар өңірдің даму қарқыны көңілді бірлеп тұр. Басқасын айтпағанда, Самара-Шымкент тасжолы бірнеше ауылдарды басып өтеді. Облыс орталығынан 320 шақырым қашық болғанымен, Әйтеке би ауданы  тоғыз жолдың торабына жатады. Әр ауылдың бойындағы жанар-жағармай құю бекеттері мен кемпингтер, көлік жөндеу, автоқосалқы бөлшек, тағы басқа қызмет көрсету орындары әр көліктен пайда көреді. Айналып келгенде, соның бәрі ауданға түсетін табыс боп есептеледі.

Биылдан бастап Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргеновтің есімімен аталады. Аудан орталығына  қоныстанушылардың қатары көбейіп келеді. 8 ай ішінде 44 жеке тұрғын үй салынып, 58 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 7 көше асфальттанып, төрт шақырымнан астам жолдың құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда Светлый, Құмқұдық, Жабасақ ауылдарына баратын жолдар орташа жөндеуден өтуде.

Егіннен қол үзбеген ауданда биыл 168371 гектар жерге дәнді дақылдар егіліп, 130649 бидай мен 20490 тонна арпаны қамбаларына құйып алған. Аудан диқандары ауылшаруашылық техника паркін жаңарту мақсатында 17 трактор, 3 егіс кешені, 6 егіс комбайнын, 26 жер өңдеу және мал азығын дайындайтын арнайы техникалар сатып алыпты.

Аудандағы мал саны 3-5 пайыз өскен. Мал қыстату науқанына қажетті мал азығы толығымен дайындалған. Қазіргі таңда 190 мың тонна шөп тасылып, шөп шабу жұмыстары аяқталды.

Аудан жерінде экотуризмді жандандыру жолындағы жұмыстар журналистердің сұрағына арқау болды.

Ауданда туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Келушілердің қатарын көбейтетін Әбілқайыр ханның мемориалдық кешені бар. Самара-Шымкент тасжолымен қаншама адам өтеді. Сол жолдың бойында киіз үй тігіп, бие байлап, қазақы дәстүрмен жолаушыларға қызмет түрін ұсынбақпыз. Олар сол жерде атқа мініп, серуендеп, тек табиғи өнімдерден жасалған тағамдарды тұтынатын болады. Бұл жұмыс туралы шаруа қожалығымен келіссөздер жүргізудеміз, — деді аудан басшысы.

Бақытжанның бизнесі — жылыжайдың жемісі

2017 жылы «Жас проджект» жобасы арқылы 1 миллион теңге алған жас кәсіпкер Бақытжан Сабыров шағын жылыжай салып алған. Содан бері тұтынушыларға бақша өнімін ұсынып келеді. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып алған ол қайтарымсыз грантқа ие болды. Ендігі мақсаты жылыжайдың іргесін кеңейтіп, отбасылық бизнеске айналдырмақ.

Қияр мен қызанағының өнім беру уақыты — 6-7 ай. Тамызда егіп тастаған қияры түйнек салып тұр. Бұйырса, бұл сәуір айына дейін береді. Оның айтуынша, бақша жемісінің сұранысы азайған жоқ. Үйден келіп алып кетеді.

Бақытжан жер алып, тағы жылыжай салуға кірісті. Оған қажетті жабдықтарын алып қойған. Алдағы уақытта ол аудан тұрғындарына жылыжайдың жемісін көбірек ұсынбақ.

Жолаушысы мен демеушісі көп ауыл

Өңірдің қай саласы да өсімтал округтерінің бірі — Қарабұтақ ауылы.

Күре жолдың қиылысында отырған ауылда 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 25 шаруа қожалығы мен 90-нан астам кәсіпкер бар. Сол кәсіпкерлердің бірі Қайрат Қойлыбаев «Әкелер» саябағын салып берген. Оның ішіндегі барлық ойын алаңы бар. Жаттығуға арналған жабдықтар орнатқан. Футбол, волейбол, теннис алаңдары бар саябаққа 1000 түп тал егілген.

Биыл Қ.Шаңғытбаев атындағы мектептің жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Оған 19 миллион қаржы жұмсалды. Ал, оның сметалық-жобалық құжатын дайындауға демеуші болған сол ауылдың түлегі — Жасталап Жанбауов. Мектеп түлектері мектеп ауласына 300 шаршы метр жерге брусчатка тас төсеп берген. Ал, Мұрат Әбдірахманов дарынды оқушысына смартфон сыйласа, Гүлжанат Ембергенова 1 миллион теңгесін өзі білім алған мектебіне арнапты. Қазір мектепке 24 бейнебақылау орнатылып, 16 орынға жарық шамдары қойылған.

Ауыл әкімі Кеңшілік Байдрахмановтың айтуынша, аталмыш мектептің жанынан 50 балаға арналған интернат ашу көзделіп отыр.

Беріктің берекеті — өсім мен өнім

Қарабұтақта тағы бір серіктестік құрылып, ет, сүт өңдейтін кешен ашылады. Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Қияқты елді мекенінің өрісін асыл тұқымды малға толтырған «Әділ» мен «Еділбай» шаруа қожалығынан шыққан өнімді өндіру үшін «Берік АБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылмақ. Қос шаруашылықтың басшысы Берік Аяпов 2013 жылдан бері қазақтың ақбас сиыры мен мұғалжар жылқысын, еділбай тұқымды қойын өсіріп келеді.

Үкіметтің жеңілдетілген бағдарламаларына қатысамын. Субсидия аламыз. Былтыр шаруа қожалығына электр желісі тартылды. Қазіргі таңда аталық малдарды сатып жатырмыз. Қостанай, Қарағанды облыстарынан келіп алады. Біз етке өткізбейміз. Аталық малдарды пайдалануға алады. Ақтөбе облысы мен ауданның барлық шаруа қожалықтары аталық малды басқа жақтан іздемей, осы жерден табады. Біз мал басын өсіріп болдық. Енді оның өнімін өңдеуіміз қажет. 22 адам тұрақты жұмыс жасайды. Жалақылары күнделікті тамағынан бөлек 120 мың теңгеге дейін төленеді, — дейді қожалық басшысы. Берік Аяпов «Еділбай» шаруа қожалығынан 500 қойға дейін бордақылау алаңын салды. Барлық  жағдай қарастырылған. Жұмысшыларға арналған үй, монша тегін. Қай түлігі болса да бір түсті тұқымнан іріктелген. Әсіресе еділбай қойы өтімді болып тұр. Саулығының орташа құны — 70 мың теңге.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button