Жаңалықтар

Ардагерлерге төсбелгі тақты

Қарттар күнінде Темір ауданындағы 6 ардагерге жергілікті билік тарапынан ерекше құрмет көрсетілді.

Атаулы күнде аудан әкімі Жолдас Батырхан:

— «Бүгінгінің қартымыз, кешегінің артымыз», — деген қанатты сөзі бар халқымыз адамгершілікті ту еткен, салиқалы, дана қарттарымызды әрқашан құрметтеген. Осынау мерекеде біз де сіздерді құттықтап, барлық жақсылықты тілегіміз келеді, — деп  жылы лебізін білдіріп, бүкіләлемдік індет кезінде қолынан келгенше еңбек еткендерге «Төтенше жағдай кезіндегі ерекше еңбегі үшін» және «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгілерін тақты. Олар — Амангелді Бақаев, Темірхан Әділханов, Нұрсұлтан Ілияс, Сағындық Жанғалиев, Асқар Әбубәкіров пен Адам Ацуев.

Өз кезегінде «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» медалімен марапатталған — білім беру саласының ардагері Амангелді Бақаев: «Қарттарды ұмытпай, осылай құрметтеп жатқандарыңызға рақмет», — деп жүрекжарды сөзін айтты.

Темір ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қариялардың атаулы күнінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, онлайн-концерттер өткізілген. Сондай-ақ әр салада еңбек еткен ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталған.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Темір ауданында 3412 зейнеткер бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button