Спорт

«Ақтөбе»: бірінші айналым, бірінші орын

Бірінші лига

Сәрсенбі күні бірінші лиганың бірінші конференциясында жетінші тур ойындары өтті. Осымен бірінші айналым аяқталды.

Бұл жолы жерлестеріміз Семейдің «Алтай» командасымен кездесті.

Бірінші таймда, оған қоса екінші таймның алғашқы жартысында есеп ашылмай қойды. Сөйтіп жүргенде алаңға екінші таймда шыққан Андрей Часовских 70-минутта алтайлық қақпашыны қапы қалдырды. Арада 13 минут өткенде команда капитаны Виталий Волков есепті одан әрі еселеді.

Осылайша «Ақтөбе» алты кездесудегі төртінші жеңісіне қол жеткізді.

«Ақтөбе» — «Алтай» — 2:0

Гол авторлары: Андрей Часовских, 70-минут (1:0), Виталий Волков, 83-минут (2:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов, Бобан Джорджевич (Андрей Часовских, 62-минут), Әлішер Әжімов, Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан, Виталий Волков (капитан), Максим Самородов (Владислав Прокопенко, 62-минут), Рифат Нурмугамет (Ардақ Сәулет 46-минут), Георгий Бурнаш (Никола Цуцкич, 46-минут), Эдуард Суханов, Олег Чернышов (Рустам Сахибов, 87-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Есен Жасанов, Антон Шурыгин, Нұрболат Батырханов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков, Тәуіпбек Орналин.

3 қазан 2020 жыл. БИІК спорт кешені, Шымкент. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Екібастұз» — «Байқоңыр» — 1:2

Гол авторлары: Аян Құлмағанбетов, 44-минут (0:1), Ислам Юнусов, 83-минут (1:1), Шоқан Абзалов, 90-минут (1:2).

«Арыс» — «Мақтаарал» — 2:1

Гол авторлары: Абдулла Набиев, 35-минут (1:0), Искандар Холмурзаев, 45+1 минут, пенальти (2:0), Александр Стародубов, 75-минут, автогол (2:1).

*   *   *

Бірінші айналымдағы алты турдан соң бірінші орында «Ақтөбе» командасы келеді — 14 ұпай. Жерлестеріміз 6 кездесуде 4 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы: 13-2.

2-орындағы «Қыранның» (Түркістан) 13 ұпайы бар. Бұлар да 4 рет жеңіске жеткенімен, 1 рет тең ойнап, 1 рет ұтылды. Доп айырмашылығы: 9-2.

3-4 орындарды 10 ұпайы бар «Арыс» (Арыс) пен 7 ұпайы бар «Мақтаарал» (Атакент) бөлісіп тұр.

5-6 орындардағы «Алтай» (Семей) мен «Екібастұз» (Екібастұз) 5 ұпайдан жинады.

Көш соңындағы «Байқоңырдың» (Қызылорда) 4 ұпайы бар.

Бірінші айналымда командалардың барлығы да алты кездесуден өткізді.

Енді сәл үзілістен соң екінші айналым ойындары басталады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button