БілімБасты жаңалықтар

Мұғалімдер мерейі

Кеше Мұғалімдер күніне орай «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталып, үздіктер марапатталды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет облыстың 5 ұстазына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақы және «Үздік педагог» белгісін табыстады.

Салтанатты жиынға жиналғандар алдымен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің білім саласы қызметкерлеріне арнаған құттықтауын тыңдады.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет Ақтөбе облысы атынан республикалық байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген ұстаздарды жетістіктерімен құттықтап, «Үздік педагог» белгісін және сертификат табыс етті.

Биылғы жылы «Үздік педагог-2020» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған ұстаздардың қатарында облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Санзира Қалбек, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Әділова, Назарбаев интеллектуалдық мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мират Оспанов, Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Еркін Тобылбаев, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балия Жолаевалар бар.

Айта кету керек, биыл өңірімізде мұғалімдер мерекесі қарсаңында «Өз ұстазыңды құттықта!» атты эстафета өткізіліп, инстаграм парақшаларында құттықтаулар топтамасы жарық көруде.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button