Мереке

Ғасырдан астам жасаған

Қарттар күніне орай облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ғасырдан астам ғұмыр жасаған тыл ардагері Айжамал Мырзағалиеваны құттықтап, арнайы үйіне барды.

1917 жылы дүниеге келген Айжамал Мырзағалиева «Халық жауының қызы» атанып, бала кезінен туған жерден жырақта жүрді. Жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, тылда еңбек етеді. 12 жылдай уақыт еліміздің Атырау қаласында тұрып, Ақтөбеге 2001 жылы көшіп келген.

М.Шермағанбет кейуананың денсаулығын сұрап, амандығын білген соң облыс әкімінің атынан жылы лебізін білдірді.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету — ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздер қиын кезеңде өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсы болуы үшін өмір бойы еңбек еттіңіздер. Біз әр уақытта сіздерге басымызды иеміз. Бүгінгі мерекеңізбен құттықтаймыз! — деген ол  гүл шоқтарын ұсынып, жеміс пен тәттіге толы себетті сыйға тартты.

Ақ жаулықты әжеміз жолдас Оразғали екеуі бес баланы өмірге әкелген. Бүгінде сол ұрпақтарынан тараған немере, шөберелерінің қызығына бөленіп отыр.

Кейуана мерекеде өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button