Басты бет » Мереке » Қариялар — қадірлі қазына

Қариялар — қадірлі қазына

Қарттар күнінде Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев сексеннің сеңгіріне жетіп, тоқсанға аяңдаған екі ақсақалды құттықтап барды.

Әуелі — Өрлеу ауылының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақал — Болат Шалабаевтың үйіне барды. Болат Құнантайұлы 1939 жылы 22 қарашада Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс елді мекенінде дүниеге келді.

1957 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеуге Германияға аттанды. 1966 жылы Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп келген жас жігіт Бақытшөкен Сыдықовамен отау құрады. Ол еңбек жолын Байғанин ауданы Оймауыт елді мекенінде мал дәрігері болып бастаған.

1981 жылы Темір ауданы «Теректі» кеңшарында жұмыс бабымен қоныстанып, 1985 жылы Ақтөбе қаласы маңындағы Россовхоз, қазіргі Өрлеу елді мекеніне отбасымен қайта қоныс аударды. 1995-2002 жылдар аралығында Ақтөбе қаласының ветеринарлық станциясында бас маман болып қызмет етті.

Болат Шалабаев ветеринария саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Болат Құнантайұлы 2002 жылдан бері зейнет демалысында. Ақсақал құдай қосқан жары Бақытшөкен әжемен 7 бала тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда сол балаларынан немере-шөбере сүйіп отыр.

Одан соң әкім төменгі Қурайлыда тұратын тыл ардагері, құрметті зейнеткер Ильяс Жанпейісовтің үйіне барды. Ақсақал 1937 жылы 12 қаңтарда Шалқар ауданы «Жомарт» кеңшарында, қазіргі Жаңақоныс ауылында дүниеге келіпті.

Сегіз жасынан еңбекке араласып, шөп шауып, тырма тартып, ата-анасына көмектескен ол Ұлы Отан соғысының қызған кезі — 1944 жылы мектеп табалдырығын аттайды.

Мектеп бітірген соң Орал қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына түсіп, 1958 жылы бітіріп шығады. Сол жылы отау құрыпты.

Елге келіп, еңбек жолын Жаңақоныста бастайды. 1961 жылы мамыр айында «Коммунизм жолы» кеңшарына, қазіргі Шетырғыз ауылына көшіп барып, машина-трактор шеберханасында инженер болып қызмет атқарды. 1995 жылы зейнеткерлікке шығып, жұмысын жалғастыра берді.

1998 жылы Ақтөбе қаласы Қурайлы елді мекеніне көшіп, содан бері осы ауылда тұрып келеді. Ильяс Жанпейісов — бүгінде Қурайлы ауылының белгілі азаматы, 7 баласы, 15 немересі, 16 шөбересі бар бақытты жан.

Әділкерей Әуелбаев қарияларға сәлем бере барып, шүйіркелесіп, ыстық ықыласын жеткізді, сый-құрмет көрсетті.

Өз кезектерінде екі ақсақал да мерекеде көңілдерін аулап жатқан әкім бастаған топқа баталарын берді.

А.БАЛЖАНАЙ.