Мереке

Құрмет көрсетілді

1 қазан — Қарттар күніне орай «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ында ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Баспасөз үйі пайдалануға берілгелі «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ардагер  журналистері мұнда келіп, әртүрлі жиындарға қатысып жүр. Бірақ корректор, терімші және беттеуші секілді басылымның қара жұмысын атқарған мамандар әлі  жаңарған ғимараттың есігін ашпаған екен. Сондықтан да осы жолы негізінен солар шақырылды.

Қонақтар әуелі  басылымдар мұражайымен танысты. Содан кейін «Ақтөбе-Медианың»  ЖШС мәжіліс залында салтанатты шара өтті.

— Қарияларымыз — біздің қазынамыз,  «алтын қорымыз». Әрине, біздің барша ардагерлерімізді жинап, ұлықтағанымыз дұрыс болар еді. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты барынша қауіпсіздік шараларын сақтауға мәжбүрміз. Сондықтан да ардагерлерімізге арналған сый-сияпатымызды үйлеріне апарып беріп, мұнда  азғантай  топпен ғана жүздесіп  отырмыз. Сіздермен аман-есен қауышқанымызға қуаныштымын, бәріңізге де мықты денсаулық тілеймін. Шаңырақтарыңызда дәйім қуаныш болсын. Бір кезде сіздер атқарған жұмыстарды  бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмегей, — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.

«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев пен Айгүл Нұркеева да  жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Қазақстанның құрметті журналисі Зияш Телеуова тебірене сөйлеп,  жиналғандар атынан бүгінгі ұжымға алғыс айтты.

Әдемі әңгіме дастарқан басында жалғасты. Жәмила Жәкиенова, Алтын Қарағұлова, Құлпырған Құсайынова, Айғаным Мәмбетова, Ажар Тасқалиева, Асылтас Бейсенғалиева, Галина Трофимова, Роза Рамазанова, Әлия Құлжановалар қызықты естеліктер айтты. Өз ізбасарларының осындай еңселі, жарық, заманауи технологиямен жабдықталған ғимаратта еңбек етіп жатқандарына риза екендерін білдірді.

                                                                                                     Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button