Әлеумет

Жұмыссыздар қатары азаймақ

Жәрмеңке

Жұма күні Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде кезекті қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Бұл жолғы жәрмеңкеде «Ерхат жолдары», «МунайгазИнженеринг», «Өтес», «Байсын А», «Жалаугер НС» секілді 20-дан астам мекеме 433 жұмыс орнын ұсынды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұсынып отырған жұмыс орындарындағы жалақы көлемі 85 мың мен 150 мың теңге аралығын құрайды. Бір айта кететіні, жұмыс орнын ұсынып отырған мекемелердің көпшілігі тек тәжірибелі маманды ғана жұмысқа алуға ынталы. Жәрмеңкеге 9 түрлі бос жұмыс орнын ұсынған мекеменің бірі — қаладағы «Айгерим» клиникасы. Мекеменің кадр бөлімінің маманы Назира Жаубаеваның айтуынша, клиникаға кассир, call-орталыққа жауапты маман, бухгалтер, әкімші секілді мамандар ауадай қажет.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Камила Бураханның айтуынша, бұл — жыл басынан бері ұйымдастырылып тұрған 3-ші бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бұған дейінгі жәрмеңкелердің нәтижесінде 140-қа жуық адам жұмысқа орналасқан.

Ақтөбе қаласында жұмыссыздық деңгейін өсіріп алмау мақсатында нақты жұмыстар қолға алынған. Мәселен, жәрмеңке барысында орталық мамандары «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке оқыту, қайтарымсыз грант алудың жолдары, жастар тәжірибесі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 13 000-нан астам жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылар белсенді шаралар мен тұрақты жұмысқа бағытталған. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қала бойынша 111 инфрақұрылымдық жобаларға 7370 жаңа жұмыс орнын құрып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 3685 жұмыссыз адамды бағыттау жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 103 жоба аясында 5400 адам жұмысқа орналасса, оның 3200-і орталық жолдамасымен бағытталған.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін электронды еңбек биржасы порталы жұмыс жасайды. Ол үшін әрбір мекемеде электронды цифрлы қолтаңба болуы тиіс. Және бос жұмыс орындарын жариялап, азаматтарды жұмысқа орналастыру шараларын орындап отыруы керек. Бүгінгі таңда порталда Ақтөбе қаласы бойынша 1500 бос жұмыс орындары мен 3800 адамның түйіндемелері орналастырылған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button