Жаңалықтар

Тәуелсіз бақылаушылар комиссия отырысына қатысты

Сәрсенбі күні облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы педагогтерге «Ақтөбе облысының үздік педагогі» және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы мен төсбелгісін беру бойынша ұсыныстарды қарау үшін құрылған комиссия мүшелерінің отырысы өтті.

«Ақтөбе облысының педагогтеріне жергілікті ерекшелік белгісі мен құрметті атақ беру тәртібін, олардың сипаттамасы және біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін айқындау туралы» Ақтөбе облысы әкімдігінің 2020 жылғы 18 тамыздағы №309 қаулысына сәйкес «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісіне ие болған педагог белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 500 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем, яғни 1 389 000 теңге, ал

«Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем (833 400 теңге) алатын болады.

Сондай-ақ аталған қаулыға қосымша жалпы ережелерге сәйкес комиссия құрамына жергілікті өкіл және атқарушы органдардың, білім саласындағы қоғамдық кеңестің, әдістемелік қызметтің, кәсіби біліктілігін арттыру институтының, кәсіподақтың және «Атамекен» өңірлік филиалының өкілдері кіреді. Комиссияға облыс әкімінің білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары төрағалық етеді.

Отырысқа «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысты. Сондай-ақ комиссия отырысы жобалық кеңсенің ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Сараптау жұмысы аяқталғаннан кейін кеңсе өкілдері өз ұсыныстарын беретін болады.

Айта кету керек, биыл облыс бойынша «Үздік педагог» номинациясына 20 ұстаз, «Құрметті ұстаз» номинациясына 16 адам өтініш білдірген.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button