Жаңалықтар

Үміт жібі үзілмейді

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты  КА-168/2 түзеу мекемесі Қарттар күніне орай мекемедегі сотталған азаматтар арасындағы үлкендерді назардан тыс қалдырмады. Мерекелік концерт ұйымдастырды.

Департаменттің  сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімі тобының бастығы, әділет капитаны Руслан Төлегенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жасы егде тартқан сотталғандарға «Сенім тірек» қоғамдық бірлестігі ұсынған бағалы сыйлықтарды табыстады.

Сотталған қарияларды құттықтауға мекемедегі жазасын өтеуші жастар да белсенділікпен қатысты. Олар тілектерін арнап, әннен шашу шашты. Домбырамен термелер орындап, Махамбет пен Исатай батырдың жырларын жатқа айтып берді.

Биылғы мереке ерекше өтіп жатыр. Біздің көңілімізді көтеріп, бағалы сыйлықтар да берді. Жаза өтеу орнында жүрсек те, бізді елеп, құттықтап жатқаны үшін департамен басшылығына, ұйымдастырушыларға ризашылық білдіреміз. Ертең осы жерге әйелім  кездесуге келеді. Оған сыйлықты көрсетіп, оны да қуантамын және немерелеріммен тезірек қауышқым келетінін айтамын, — дейді КА-168/2 түзеу мекемесінің 75 жастағы жазасын өтеуші.

Жалпы, бұл мереке жыл сайын ескерусіз қалмайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button