Білім

Ұлы қызмет

«Адамның адамгершілігі — жақсы ұстаздан», — дейді ұлы Абай. Өйткені ұстаз —  адамзаттың бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін абзал жан. Олар тек шәкірттерін ғана емес, ұлтын, күллі адамзат баласын бақытқа жеткізу үшін еңбектенеді.

«Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет», — деген екен Бауыржан Момышұлы да.

Дегенмен ұстаз  ұғымы  арнаулы білім не бір құжатқа байланысты емес. үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана нағыз ұстаз бола алады.

Ұстаз — пір, яғни ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы ұғымы да қазақтың дәстүрлі мәдениетіне бөтен емес.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде бай мұра қалдырған, адамгершілік мұраттары мен ұстанымдары, үлгі-өнегесі түркі әлеміне, жалпы адамзатқа ізгілікті, игілікті жол нұсқайтын рухани ұстаздар бар. XIX-XX ғасырларда Абай Құнанбаев көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным тұтқан Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық ғылыми-әдістемелік негіз жасады. Кешегі өткен ғасырдың аяғына дейін ұстаздардың дені, тәрбие мен тәлімді қолға алғандар ұлттың сорпа бетіне шығар қаймақтары болған.
Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктер түзелгенде оқумен түзеледі. Оны түзететін — білім мен білікті ұстаз» деген сөзінен-ақ оқыту ісін Алаш қайраткерлерінің басты бағытта ұстағаны көрінеді.

«Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын — мұғалімдікі», — деген  Мағжан ақынның  сөзі біздің халқымызда ұстаз ұғымының қашанда жоғары болғанын айғақтайды.

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұлан-ғайыр сауапты істің аясында білім беру, ағартушылық  мәселесі тұрды.

«Сыйса көйлек үстіңде, тоқуменен табылған, өнер-білім бәрі де оқуменен табылған», — деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқанындай, қандай тұлға болмасын ең алғашқы өмірлік көзқарасын алтын ұя — мектепте ұстаздардың берген білімімен қалыптастыратыны сөзсіз.

Кеңестік дәуірде өркендеген ғылым-білім саласындағы жетістіктер негізінде ұстаз мамандығы, педагогика ғылымы жаңа деңгейде дамып, өрістеді. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мардымсыз жалақымен елеусіз қалған кейбір білікті ұстаздарымыз күнкөріс қамымен басқа салаға кетсе, мектеп бітірген жаста­рымыз педагог маман­дығына қызығушылық таныт­пай, кейін жалақысы дұрыс болатын өзге мамандықтарды таңдап жатты. Осы олқылықтар еліміздің мектептеріндегі білім сапасының төмендеуі мен педагог кадрларының жетіспеуіне әкеліп соқтырды. Осы жайттардың алдын алу,  ұстаз мәртебесін көтеру еліміздің ең өзекті мәселесінің біріне айналған болатын.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң күні кеше біздің елімізде де қабылданды. Аталған Заңға сәйкес мұғалімдер кәсіби қызметінен тыс қосымша жұмыстардан арылады және істеген жұмысына сай жалақы төленетін болады. Бұл заң мұғалімдердің құқығының тапталмауына және олардың өз кәсібіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарға тартылмауына кепіл болады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң ендігі кезеңде ұстаздар қауымының мерейін одан да асқақтатқаны сөзсіз.

Уақыт ұзаған сайын мемлекеттің қаржылық қолдауы мен қамқорлық көмегі күшейді, нәтижесінде, ұлттық білім мен ғылым саласы жаңаша ізденістермен ілгері дамып, басым бағыттар тың серпін алды. Мақсатты межелердің ауқымы кеңейіп, жауапты міндеттердің салмағы артып келеді.

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру — кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында. Еліміздің тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер —  бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында: «Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл — келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», —  деп атап көрсетті. Бұл — ұстаздар қауымына жасалған зор қамқорлық. Сәйкесінше, ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған өңір басшысы Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің де әр кез ұстаздар қауымына, білім саласына айрықша көңіл бөлетіні шындық.

Менің де сонау 1972 жылдың күзінде қолымнан жетектеп анамның алғашқы мектепке апарған, мұғалімнің алдын алғаш көрген күннен бастап, ұстаздарға деген құрметім бір сәтке де төмендемегені аян. Ұстазды мен адамзат өміріне жолдама беруші тұлға деп танимын.
Өмір жолымда  ұстаздарымның өнегесі маған көп көмектесті, жол көрсетіп отырды. Сондықтан да әрбір шәкірттің өмірінде жылы лебізін білдіріп, естен шығармай жүретін ұстаздары мол болғанын қалар едім.

Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату —  өз ісіне берілген, мамандығын ерекше сүйетін, ел болашағына бейжай қарамайтын жандардың қолынан ғана келетін іс. Сондықтан ұстаз болу жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Ұстазды сыйлай білейік, ұлықтай білейік.

Мектепте, жоғарғы оқу орнында, өмірдің әр кезеңдерінде жол көрсетіп, қамқорлық жасаған, біліктілігімді арттыру жолында бар білгендерін үйреткен ұстаздарымды мерекелерімен құттықтаймын. Ұстаздар қауымына биік белестерді бағындыру жолында ізгі жақсылықтар мен сәтті қадам тілеймін. Қызметтеріңізде абыройға бөленіп, шығармашылық жұмыстарыңыз толымды табыстарға жетелесін! Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту мақсатында қосатын азаматтық үлестеріңіз сүбелі болсын!

                                            Әділкерей ӘУЕЛБАЕВ,

                                 Қазақстан Журналистері одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button