Басты жаңалықтарДенсаулық

Облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және қыс мезгілінде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларға байланысты мәселелер қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

— Бүгінгі күні облыста төсек-орын жүктемесі 78 пайыздан 16,2 пайызға төмендеді. 315 төсек-орын дайындалды, резервте 3588 төсек-орын бар. Жедел жәрдем қызметін шақырту үш есеге, науқастарды стационарларға жатқызу 10 есеге азайды. Қазіргі таңда COVID-19-ға байланысты алдын ала болжамдарға сәйкес дайындық шаралары жүргізілуде, — деді Н.Қалауов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта қажет болған жағдайда төсек-орындарды 315-тен 3 903-ке дейін, соның ішінде реанимациядағы орындар санын 401 орынға дейін көбейту жоспарлануда. Екі емдеу мекемесі жөнделді. Стационарлар тиісті жабдықтармен жарақтандырылған. Кереуеттердің 93 пайызы оттегімен қамтылып, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.

Кеше Ақтөбеге 19 жедел жәрдем көлігі әкелінді. Оның 13-і аудандық ауруханаларға берілсе, қалғаны Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем бекетінің автопаркіне жіберіледі.

Жуырда өкпені жасанды желдететін 147 аппарат, компьютерлік томограф, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі бекеті мен «КамАЗ» түріндегі екі жылжымалы медициналық кешен жеткізіледі деп күтіліп отыр. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталған. Жеке дәріхана желілері дәрілік заттарға сауда үстемесін 10%-дан аспау туралы меморандумдарға қол қойды. 47 622 адам тұмауға қарсы егілді. 37 бақылау тобы 1000 заңбұзушылық дерегін анықтап, 816 материал қаралды, нәтижесінде 71,5 млн теңгеге айыппұл салынды.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне:

Барлық ауруханалардың санитарлық талаптарға сәйкестігін, жабдықтардың, дәрілік заттардың, жеке қорғаныс заттардың қорын тексеріңіздер. Егер жағдай нашарласа, қалалық стационарларға жүк түспеу керек,— деп тапсырды.

Бұдан кейін отырыста облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар өңірдегі эпизоотиялық жағдайды да сөз етті.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаевтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы жануарлары арасында эпизоотияға қарсы шаралар жоспары толығымен орындалған. Өңірде аса ауыр аурулар тізіміне енетін он ауруға қарсы екпе жасалып, 37 ауруды анықтайтын диагностикалық шаралар жүргізілуде.

Қазақстанның кейбір өңірлерінде тіркелген құс тұмауына байланысты облыс әкімі аталған басқарманың бұл мақсатта қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанын сұрап, қызығушылық танытты.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыста жоғары патогенді құс тұмауына қатысты жағдай тіркелген жоқ, эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин жауапты тұлғаларға бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button