Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге көмек керек

Мәслихат

Кеше облыстық әкімдік ғимаратында «Атамекен» палатасы өңірлік филиалы жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, жоғарыда аталған кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғазин, жергілікті депутаттар мен журналистер қатысты.

Жиналғандар күн тәртібінде Ақтөбе қаласының индустриялық аймағындағы жер учаскесінің құнын төмендетуге байланысты сұрақты көтерді. Аталған мәселе бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасына «FIBC Kazakhstan» мен «Baumaster International» ЖШС-лары тарапынан өтініштер келіп түскен.

«FIBC Kazakhstan» ЖШС — «Ақтөбе» индустриялық аймағында инвестициялық жобаны іске асырып жатқан резиденттердің бірі. 2016 жылы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «FIBC Kazakhstan» ЖШС арасында жобаны іске асыру және жер учаскесін жалға алу туралы шарт жасалды. Жобаның өзін 4 кезеңде іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда полипропилен қаптамасын өндіру бойынша цех құрылысының бірінші кезеңі тәмамдалды, меншікті қаражат есебінен екінші кезеңнің құрылысы аяқталуға жақын.

Ал «Baumaster International» ЖШС компаниясы өз қаражаты есебінен су-дисперсиялық бояу өндіру цехы құрылысының бірінші кезеңін жүзеге асырды. Инвестициялар 71 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта құрылыстың екінші кезеңі жоспарлануда және өндірісті одан әрі кеңейту үшін компанияға тиісінше қаражат қажет. Кепіл ретінде әкімшілік-тұрмыстық кешені бар цех ұсынылмақ. Бірақ банк жер учаскесін жекеменшікке рәсімдемейінше мүлікті қабылдамайтынын білдірген.

Осы орайда облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 15 тамыздағы «Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекіту туралы «2015 жылғы 11 желтоқсандағы №350 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешіміне сәйкес индустриялық аймақтың жерлеріне қолданылатын жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасына түзету коэффициенті жекеменшікке сатып алу үшін экономикалық тиімсіз 1,5 коэффициентін құрайтынын атап өткен жөн.

— «Ақтөбе» индустриялық аймағы инвестициялық өндірістік жобаларды іске асыруда жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылғанын назарға ала отырып әрі инвесторлардың индустриялық аймаққа қызығушылығын ескеріп, «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасына түзету коэффициентіне түзетулер енгізу, яғни түзету коэффициентін төмендету қажет. Мысалы, қолданыстағы 1,5 коэффициент кезінде 2 гектар жер учаскесін сатып алу үшін шамамен 38 миллион теңге қажет. Егер біз қазір коэффициентке қол жеткізіп, оны 0,5-ке дейін төмендетсек, онда шамамен 10 миллион теңге аламыз. Бұл бизнес субъектілері үшін айтарлық қолдау болар еді, — деп атап өтті өз сөзінде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлер индустриялық аймақтағы жер учаскелері үшін төлемақы мөлшерлемелерін төмендетуді сұрайды.

Екі тарап — кәсіпкерлер палатасы мен меншік иелерінің ұсыныс-тілегін тыңдаған облыстық мәслихаттың өкілдері сұраныстың орынды екенін, атқарушы биліктің бұны қолдайтынын айтты. Бұны іс жүзінде бекіту үшін сала мамандарына барлық құжаттарды жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button