Білім

184 мектеп қашықтан білім беріп жатыр

Брифинг

Жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдары сабақты дәстүрлі және  қашықтан оқытып жатыр. Қазіргі таңда облыста 184 мектеп қашықтан білім беруде. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады.

Коронавирус пандемиясы кезінде ең бірінші балалардың денсаулығы мен өмірін сақтау маңызды. Сондықтан министрлік тарапынан бұйрықтар мен актілерге өзгерістер енгізілді. Министрлік пен бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдардан бастап, барлық білім беру мекемелерінде оқу процестері ұйымдастырылды. 17 тамыздан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар жұмыс жасады. Бұл жерге балалар ата-ананың өтінішімен ғана қабылданды. Қазіргі таңда облыста 420 балабақшада кезекші топ бар, яғни  1568 кезекші топта 20 632 бала тәрбиеленуде. Балабақшаға жолдамалар электронды түрде беріледі. Облыс бойынша 45 қосымша білім беру ұйымы бар. Оның 15-і Ақтөбе қаласында орналасқан. 173 үйірмеде 12 мыңнан аса бала білім алады. Әр топта 15 баладан аспауы тиіс. Арнайы білім беру ұйымдары бойынша үш балабақша, төрт білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде Жайсаңдағы және қаладағы есту, көру қабілеті бұзылған мектеп-интернат қашықтан оқыту әдісіне көшті, — деді Гүлназ Сүлейменова.

Облыстың алыс ауылдарындағы және интернет жүйесі жоқ мектептер дәстүрлі түрде білім беріп жатыр, яғни бұл — 219 мектеп.   Жалпы облыста 403 мемлекеттік, 10 жекеменшік мектеп бар. Осы білім беру мекемелерінде 17 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Бастауыштағы 2675 кезекші сыныптарда  37 240 бала білім алуда. Гүлназ Сүлейменова мектептерде барлық санитарлық талаптардың сақталғанын айтты. Облыстағы кәсіптік білім беру ұйымдары да қашықтан оқыту әдісін қолдануда. Қазіргі таңда  облыста 43 колледж бар. Биыл бірінші курсқа  7332  оқушы қабылданған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button