Жаңалықтар

Қордың қаржысы — қыстың қамы

Тікелей желі

Жыл сайын азық-түлік қорын мол жинап, сақтау арқылы тауар бағасы тұрақтандырылады. Қыс пен көктемде  әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің құны шарықтап кетпеуі облыс басшыларының назарында.

Естеріңізде болса, көктемгі карантин кезінде азық-түлік бітіп қалады деп алаңдаған қала тұрғындары үйлерін азық-түлікке толтырып қойды. Ірі супермаркеттерде ұзын сонар кезек шоғырланды. Алайда өткен жылы облыста азық-түлік қоры мол жиналғандықтан тамақ таусылған жоқ.  Ауылшаруашылық өнімнің барлық түрлері сөрелерде толып тұрды.

Міне, биыл да облыстың қоймасын толтырып алуға қадамдар көктем шыға басталып кеткен. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне алдын ала ақша берілді. Олар сол қаржыға тұқым алып, егіп, өз өнімдерін дайындайды. 1850 тонна картоп, 300 тонна пияз, 250 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабаттың ақшасы төленіп тұр. Бұл тауарларды өндірушілер өз өнімдерін қорға сақтап, облыс тұрғындарын қамтамасыз етеді. Бұған 146,9 миллион теңге бөлінген. Тағы бір тиімдісі — осындай жолмен дайындалған өнімдердің бағасы өспейді.

Ақтөбе облысында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры 629 миллион теңгені құрайды. Оның 55,2 миллион теңгесі тауарларға арналса, 160 миллион теңге нан зауыттарына төленген. Келісімшартқа сәйкес облыста  бір бөлке нанның бағасы 82 теңге болып белгіленді.

Біз ірі сауда желілеріне облыстық бюджеттен 500 миллион теңге айналым қаражатын бөлдік. Айналым қаражаты дегеніміз — біз берген ақшаға сауда орындары жыл бойы азық-түлік және қажетті тауарлармен  қамтамасыз етеді. Келісімшарт бойынша олар тауар бағасын көтермейді.

Тұрақтандыру қорының өнімдері «Табыс» коммуналдық базарлары мен 22 шағын базарларда сатылады. Сонымен қатар әлеуметтік дүкендер мен сауда павильондарында жалпы қаладағы нарық бағасынан 10-25 пайыз төмен бағамен ұсынылады, — деді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тұрақтандыру қорын қалыптастыру тақырыбында өткен тікелей эфирде.

Облыстың ауылшаруашылық басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда қорға арналған 230,3 теңге ақша бар. Бұған өзімізде өндірілмейтін, яғни сырттан қант, тұз, қарақұмық, тағы басқа тауарларды сатып алмақ. Бүкіл әлемдік індетке байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында  тұрақтандыру қорына облыстық бюджеттен 300 миллион теңге ақша бөлінді. Оған 90 тонна күріш, 159 тонна 1-сұрыптағы бидай ұны, 75 тонна қарақұмық жармасы, 15 тонна шай, 60 тонна күнбағыс майы, 144 тонна қант, 16 тонна тұз, 84 тонна ет консервісі және 36 тонна тауық еті сатып алынған.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button