Жастар

Волонтерлер жылы: жеңілдік жасалып, қолдау көрсетіледі

Брифинг

Ақтөбеде волонтер жастардың саны артып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов айтты.

Оның айтуынша, облыста жыл басында құрамында 1000-ға жуық волонтері бар 35 топ қызмет етсе, қазіргі таңда олардың саны 2000-нан асқан. Бүгінде облыста қайырымдылық пен мейірімділікті басты ұраны етіп алған 90 топ қызмет етеді.

— Волонтер ретінде тіркелген 2000-нан астам адамның 62 пайызы — нәзік жандылар,  38 пайызы — ер адамдар. Санаттарына қарай бөлетін болсақ, көмек қолын созуға үнемі құлшынып тұратындардың дені — жұмысшы жастар. Студенттер мен оқушылар да бар. Волонтерлік қызмет жас таңдамайды. Мәселен, қазіргі таңда Волонтерлер базасына тіркелген волонтерлердің ең үлкені 41 жаста болса, ең кішісі — 14 жаста. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып өткендей:  «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет», — деген басқарма басшысы дүниежүзінде волонтерлікпен айналысу үрдісі кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғанын, қазірдің өзінде жер бетіндегі 1 миллиардқа жуық адамның волонтерлікпен айналысатынын айтты. Ал елімізде бүгінде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар екен. Онда 50 мыңнан астам волонтер тіркелген.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор ондаған жалпыұлттық жоба қолға алынды. Бүгінгі таңда «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде 7 бағытта, атап айтқанда: «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Қазақстан», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» жалпыұлттық жобалары жүзеге асырылуда.  Осыған орай, Ақтөбе облысы әкімдігімен жоғарыда аталған «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатындағы іс-шаралар мен жобалар пысықталып, 43 тармақтан тұратын өңірлік жұмыс жоспары жасақталды. Жоспар аясында 7 бағыт бойынша 200-ге жуық шара ұйымдастырылыпты.

Брифинг барысында басқарма басшысы төтенше жағдай кезіндегі волонтерлер қызметіне арнайы тоқталды.

Төтенше жағдай режимінде облыстық волонтерлер штабы кұрылып, құрамына 300-ден астам волонтер жұмылдырылды. Олар #Бізбіргеміз акциясы аясында 400-ге жуық шара ұйымдастырып, азық-түлік пен қажетті заттарды дер кезінде жеткізіп отырды. Сондай-ақ өңір волонтерлеры «Біргеміз», «БіргемізМақтаарал», «Халық Қоғамдық Қоры» акцияларына белсенді қатысты. Әкімдік және өңірдегі волонтерлердің ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданына алғашқы қажетті азық-түлік, киім-кешек, жатын орындарына қажетті төсеніштер мен жеке бас гигиенасына қажетті заттарды жинап, гуманитарлық көмек жолданды, — деген Сәбит Мұқанов сол тұста өз үлесін қосқан бірқатар ерікті жастардың Елбасының және Мемлекет басшысының, облыс әкімінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталғанын айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» фронт-офисінің ашылуында волонтерлерге алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсетіліп, жеңілдіктер ұсынылатынын айтқан болатын.

Атап айтар болсақ, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі. Сондай-ақ волонтер-студенттерге қосымша шәкіртақы беріледі немесе кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Ал еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button