Басты жаңалықтарЭкономика

Грант ұтып ал да, кәсіп аш

Ақтөбе қаласында жеке кәсібін ашуды жоспарлаған адамдарға 200 айлық есептік көрсеткішке (555 мың теңге) дейінгі көлемде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл туралы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Маханова айтты.

289 адамға грант берілді

Бұл грантқа «Бастау-Бизнес»  жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтағандар үміткер бола алады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар сертификатсыз қатыса алады. Қазіргі таңда 289 адам грантқа ие болған.

— Бүгінгі таңда белгілі бір мамандықтар талап етілмейтін жағдайда қосымша біліктілікті арттыру қажеттілігі туындайды. Ол үшін «Еңбек» бағдарламасында қысқа мерзімді кәсіптік оқу қарастырылған.

Биылғы жылдан бастап жаңа жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ,

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы —  алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, 29 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жұмыс іздеп жүрген жастар үшін жүзеге асырылады. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы — жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді ауыстыру арқылы жұмысқа орналастыру. Сонымен қатар жыл басынан бері Жастар тәжірибесіне 785 адам бағытталды, — дейді Алтынай Маханова.  

Оның айтуынша, биыл қоғамдық жұмыстарға 407 жұмыссыз орналасқан. Қоғамдық жұмыс орындары мамандықты талап етпейтін мекемелердің өтініміне сәйкес жүзеге асырылады. Жалақысы —  52233 теңге.

Сондай-ақ жазғы каникул кезінде қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 348 жоғары сынып оқушылары мен студенттер бағытталды. Аталған акция оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына және қаражат табуына үлкен септігін тигізеді.

Бағдарлама нәтижелері

Бүгінде қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдары мен ұлттық ыдыс-аяқтарына қызығушылық артуда. Эльеонора Ибадуллаева «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, ағаштан жасалған бұйымдар жасауды қолға алды.

Кәсіпкер алған қаражатына станок сатып алып, бесік, нан тақтай мен оқтау, шежірелер тізімі, түрлі ағаштан жасалған кәдесыйлар мен басқа да бұйымдар жасауда.

Өзім бала кезімнен сурет салумен айналысамын. Балабақшада тәрбиеші болып 12 жыл жұмыс істедім. Онда балаларға қызықты макеттер жасап, безендіру жұмыстарына ерекше қызығатынмын. Кейіннен бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Ол уақытта да қарап отырмай, интернет арқылы «Corel DRAW» деген графикалық бағдарламаны үйреніп алдым. Қазір осы бағдарламаның көмегімен, мәселен, нан тақтайдың бетіне, бесікке салынатын оюлардың алдымен суретін салып аламын. Бұдан соң лазерлі станокпен ағаштың бетіне түсіріледі. Кейбір күрделі жұмыстарға жолдасым да көмектеседі.

Сондай-ақ қазір балаларға ағаштан әзірленетін үйшіктер жасап жатырмыз. Сыртын түрлі ертегі кейіпкерлерінің суреттерімен әсемдейміз. Алдағы уақытта балабақшаларға жиналмалы киіз үй жасағым келеді, — дейді Эльеонора.

Оның айтуынша, бесіктің бағасы (жасауымен) 20 мың теңге болса, нан тақтай оқтауымен 10 мың теңге тұрады.

— Жақында екі тігін машинасын сатып алып, көрпе тігуді де бастадым. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытқым келеді. Қолға алған жұмысыңды жақсы көріп жасасаң, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізерің сөзсіз, — дейді кәсіпкер.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі — Арайлым Бөкенбаева. Ол «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында грантқа ие болып, Ақтөбе қаласынан «Эмпатия» психологиялық кеңес беру кабинетін ашты.

— Алған қаражатымды кабинетке керекті жабдықтар алуға жұмсадым. Жалпы, кабинеттегі қызмет тұлға дамуына бағытталған. Балалар мен ересектерге арналған диагностика, жеке психолог кеңесі, ерекше балаларға арналған психолог пен логопед қызметі бар. Мемлекет тарапынан берілген грант, жаңадан кәсіп бастағалы отырған іскер жандар үшін үлкен мүмкіндік, — дейді Арайлым.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Роза Қойбағарова да аталған бағдарлама арқылы грант ұтып, тігін ательесін ашты. Бала күнінен анасының ою ойып, киім тіккенін көріп өскен ол қазақтың қолөнеріне ерекше қызықты. Бүгінде тігіншілікке ден қойып, тапсырыспен түрлі киім тігумен айналысуда.

— Осыдан үш жыл бұрын тігіншіліктің курсын оқып шықтым. Былтыр «Бастау- Бизнес»  бағдарламасы арқылы грант ұтып, екі тігін машинасын сатып алдым. Тапсырыс берушінің талғамына қарай балалар мен үлкендерге арналған киімдер, сырт киімдер, спорттық киімдер тігемін. Сұраныс бар.  Қазір күз мезгіліне қарай қалың көйлектерге тапсырыс түсуде, — дейді Р.Қойбағарова.

Электронды еңбек биржасы

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының басты мақсаты — жұмыс орындарын құру арқылы жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу. Жоба қатысушыларының жалақысы 85 000 теңгеден кем емес. Бүгінде аталған бағдарлама аясында 5400 адам жұмысқа орналасқан.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында биыл бос жұмыс орындарының 7 жәрмеңкесі жоспарланды. Жыл басынан бері бос жұмыс орындарының 1 форумы өткізіліп, нәтижесінде 27 адам жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бос жұмыс орындарының 1 жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде  65 адам жұмысқа  орналасты, — дейді А.Маханова.

Бүгінде жұмыспен қамту орталығына жолықпай-ақ, электронды еңбек биржасына (www.enbek.kz) тіркелу арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және бірыңғай жиынтық төлем төлеу жүйесі, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында жұмыссыз азаматтарды бағыттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін халық көп шоғырланатын жерлерде, «Анвар», «Дина» гипермаркеттері мен айналма тасжолдары бойында мобильдік рекруттік пункт арқылы «Қамқор» акциясы өткізіледі.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button