Басты жаңалықтар

Ақтөбеде спорт мамандары жетіспейді

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет.

Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Ақтөбеде қай спорт түрлері бойынша ілгерілеу бар? Ал қайсысы кенже қалып отыр? Облыс орталығындағы ақысыз негіздегі секциялар қандай? Салауатты өмір салтын ұстанған тұрғындарға ашық аспан астында нендей жағдай жасалып жатыр? Өңірдегі спорт саласындағы осы және өзге де мәселелердің жауабын білу үшін біз облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықовты әңгімеге тартқан едік.

Спортпен шұғылданатын жерлестеріміз көп пе?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында балалар мен жасөспірімдер спортын, жалпы бұқаралық спортты дамыту қажеттігін атап өтті. Аталмыш бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес.

Шын мәнінде шалғай ауылдан шығатын талантты, мықты жастар көп. Оларды дер кезінде тауып, спортпен шұғылдануға тартқымыз келеді. Осы орайда қазіргі таңда көптеген ауданда спорттық кешендер салынып жатыр. Бүгінге дейін Қобда мен Мәртөк аудандарында мұндай орталықтар пайдалануға берілді. Ал Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Темір, Байғанин, Хромтау аудандарында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұлар келер жылы ашылады деп күтілуде. Ойыл мен Мұғалжар аудандарында мұндай ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттары енді әзірленіп жатыр. Сонымен бірге шаһар аумағындағы Ақжар, Жаңақоныс елді мекендері мен 8-шағын ауданында сол типтегі спорттық нысанды салу үшін сметалық құжаттар дайындалу үстінде.

Статистикалық деректерге сәйкес облыста 278933 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл — облыс тұрғындарының 31,8 пайызы. Өз кезегінде спорттық ғимараттар базасындағы мекемелер мен ұйымдарда жаттығатындардың саны 104 мыңнан асады.

Жалпы, білім беру мекемелері — мектептерде 63283 бала спорттық секцияларға тартылған. Арнайы балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне 18906 жас барады.

…Қай түріне жақын һәм алыс?

Өңір спортының даму қарқыны зор. Жыл өткен сайын жас таланттар шығып жатыр. Әрине, бұның барлығы — шәкірт пен ұстаздың бірлікте, үздіксіз еңбек етуінің арқасы. Сауалға нақты жауап берсем, Ақтөбе дегенде алдымен футболшы мен палуандар ауызға ілігеді. Әсіресе, ақтөбеліктер тарапынан күрестің грек-рим, еркін және дзюдо түрі ерекше сұранысқа ие. Сәйкесінше, облыстағы әр ауданда палуандарды даярлайтын мектептер бар. Олимпиадаға жолдама алған грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов, Нұрислам Санаев, Юсуп Батырмырзаевтардың спорттағы жетістіктері жас буынға үлгі болып отыр. Дзюдодан әлем чемпионатының күміс медаль иегері Рустам Ибраев сынды боз кілем шеберлері де бозбалалардың осы спорт түріне тартылуына ықпалын тигізбей қоймайды. Өткен жылы Қазақстан Республикасының конфедерация кубогында дзюдодан облыс құрамасының үздік үштікті түйіндегені де көп нәрсені аңғартса керек.

Бокс, су спорты да соңғы жылдары жақсы дамып келе жатыр.

Статистика бойынша облысымызда 86 спорт түрі бар. Оның 33-і Олимпиадалық бағытта, 38-і Олимпиадалық емес, 7-еуі техникалық, 8-і ұлттық спорт түрі. Бұл қатарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 22 спорт түрі де бар. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары жеңіл атлетика, қысқы спорт түрлері бәсеңсіп тұр. Оған бірден-бір себеп — бапкерлердің тапшылығы. Қазір осы мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

АЙТПАҚШЫ…

Облыста жалпы саны 31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 19 мыңға жуық жас спорттың бірнеше түрімен тұрақты түрде һәм тегін шұғылданады.

Ұл-қызын ақысыз спорттық секцияларға жаздыртқысы келетін ата-аналардың облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мына телефон нөміріне хабарласуына болады: 8(7132)56-14-00.

Ақысыз негіздегі секциялар қайсы?

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында заман талабына сай екі Мұз сарайы бар. Бұлар —  Ақтөбе қаласының денешынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Олимп» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және Батыс-2 шағын ауданындағы Мұз сарайы. Бұл кешендерде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей секциясының жұмысы жолға қойылған. Соның ішінде «Олимп» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде мәнерлеп сырғанау секциясының жұмысы ақысыз негізде жүргізіледі. Осы спорт түрімен мұндағы 11 топта 200-ге жуық бала шұғылданып жүр. Жаттығуларды 2 бапкер, 1 хореограф маман жүргізеді. Ұл-қыздар 4 жастан бастап қабылданады. Қазір мұндағы ересек топтағы балалардың орташа жасы — 15-16 жас. Ал Батыс-2 шағын ауданындағы Мұз сарайы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынғандықтан, мұнда бәрі ақылы. Ата-аналар ол жақта айына 24 мың теңге төлейді.

Өңірдегі жалпы саны 31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі секциялар тегін. Мұнда 19 мыңға жуық жас спорттың барлық түрімен тұрақты түрде шұғылданады. Сонымен бірге жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиада резервін даярлау орталығы, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіде тегін қызмет көрсетіледі.

Ашық аспан астындағы жаттығу:

қалай және қайда?

Қазір Ақтөбе жұрты өз денсаулығына немқұрайды қарамайды. Спортқа ден қойғандар көп. Әсіресе, жүгіретіндер мен спорттық жүрісті құп көретіндер. Осы ретте жағымды жаңалықпен бөліссем деймін. Шаһар орталығында алғашқы триатлон алаңы салыну үстінде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта ұзындығы 2,5 шақырым велосипед және жүгіру жолының құрылысы жүріп жатыр. Бұл демеушілердің есебінен жасалуда. Қараша айында алаң тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Кірпішті ауылында шаңғы роллерлі жол (трасса) салынып жатыр. Мұнда жылдың 4 мезгілінде де тұрғындар спортпен шұғылдана алады. Кәсіби спортшылар да осында оқу-жаттығу жиынын өткізеді деген жоспарымыз бар.  Құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл нысандар ең бірінші кезекте бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ 2011 жылдан бері қала аумағында, соның ішінде жалпы білім беретін мектептер мен көп қабатты үйлердің ауласында салынған 57 футбол алаңы, 13 хоккей корты, 8 теннис корты және ең қол­жетімді, көп қаржыны қажет етпей­тін, қарапа­йым спорт құралдарымен жабдықталған, көше гимнастикасымен шұғылдануға мүмкіндік беретін 28 StreetWorkоut алаңы бар. Ақтөбе қаласы бойынша биыл Әбілқайыр хан даңғылы, 17, 59, 89, 30, 22, 26, 18, 83, 47«А», Есет батыр көшесі 109/1, 134, 164, 156, 73 «А», 89/1, 101, 69 «Б», 13, Тургенев көшесі 94/1, 90, 108, 80«А», Ә.Молдағұлова даңғылы, 12, 143/1, Маресьев көшесі 69, 79, Сәңкібай батыр даңғылы, 169/2, 173/1, Рысқұлов көшесі, 271, 57«А» үйлердің аулаларынан спорт алаңдары,  ал 11-шағын ауданы 115,19-үйлерде, Есет батыр көшесіндегі Жолшылар гүлзарына, Красногорский көшесі, 6-үй, Ақжар-2 ауылындағы «Сапа» дүкені жанында футбол алаңдары салынды. Бұл спорт алаңдарының барлығы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігінде тұр және спорт алаңдарының құрылысын жоспарлау аталған мекеменің құзырында.

Кадр тапшылығы мәселесі шешілді ме?

Бүгінгі таңда облыста денешынықтыру пәнінің мұғалімі және бапкерлерді 5 арнаулы оқу орны (колледж) мен екі жоғары оқу орны даярлайды. Басқарма тарапынан жоғары және орта біліміне байланысты, штат санының мүмкіншілігіне қарап жас мамандарды жұмысқа орналастырамыз.

Кадр тапшылығы әлі де бар. Біз спорт түрлерінен бапкер боламын деген жастарды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Егер жас маман белгілі бір спорт түрімен айналысқан болса, сол саласы бойынша оны бапкер етіп тағайындаймыз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button