Тарих

Кеткенің бе, шынымен…

Тағзым

Маусым айының соңғы күні. Кеше ғана зайыбым Бәдигүлдің туған сіңлісі Бибіғайшаның өкпенің қабынуынан қаза болған 38 жастағы баласы Мерекені жер қойнына тапсырғанбыз. Шаршап қалыппын, үйде демалып жатқанмын. Ұялы телефонға суық хабар түсті. Қолға түскен көлікпен Батыс-2 ауданындағы апамыздың үйіне шұғыл жеттік. Төргі бөлмеде бауырым Қанымай қимыл-қозғалыссыз жатыр. Айналасында балалары, өксіктері басылар емес. Санамды «Шынымен, кете бардың ба?» деген ой тұмшалап алды. «Ат жауырға, ер бауырға шыдамайды». Ата-баба қалай тауып айтқан? Талай адамды  ақыретке жөнелтудің басы-қасында жүргенімде бұлай босамап едім, жанарға еріксіз жас іркілді.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана қолындағы келіні Луизаның сәбилі болу қуанышына орай басымыз қосылған-ды. Сонда көтеріңкі көңілмен бір жылдан соң жасы 75-ке толатынын, алдын ала өткен өмір жолдарын қағазға түсіре бастағанын, кітап шығару ниетін балалары қолдағанын айтқаны бар. «Жазбаларымды қарап берші» дегенінде  «Несіне асығасың, әлі біраз уақыт бар ғой?» деп, тоқтатқанмын. Алланың құдіреті: аяқастынан дене  қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртқан. Ол келіп үлгергенше, мынау жалған дүниеден мәңгілікке сапар шеккен.

Жалпы, қай әулетте де әр баланың өзіндік  орны болатыны анық. Әкеміз Ұлы Отан соғысының қан майданынан 1945 жылдың қазан айында оралыпты. Келесі жылғы шілденің соңғы аптасында апам өмір есігін ашқан. Елге аман-сау жетіп, отбасына қауышуды армандаған әке Тәңірінің берген сыйына тәубе деп, анамызбен екеуі дүниеден озғанға дейін Қанымайын әлпештеп, төбесіне көтерумен болды.

Ол болса еркелікке салынған жоқ. Көркіне ақылы сай қалпынан танбай, мектепте үздік оқыды, тәртібін ұстаздары өзгелерге үлгі етіп айтқанын талай естігенбіз. Бағына Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік институтын  Лениндік стипендиямен бітірген алғыр жігіт Сағидолла тап болды. Келін болып түскен шаңырағы қажылық сапарға  екі рет шыққан аузы дуалы, ісі бәтуалы Мұханбетпайыз қарияның әулеті екен.

Апамыздың ерекше қасиеті, әдемілікті сүйді, бауырмал, ағайын-туысты алаламай,  бірдей қарайтын-ды. Сол кезеңде елдегі жалғыз Киров атындағы университеттің филология факультетін бітірген соң мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс берді, аудандық, кейін облыстық білім бөлімдерінде абыройлы жұмыс істеді, Алматы теміржол инженерлері институтының Ақтөбе филиалында еңбек етті. Қандай ортада да  байсалдылығымен, сауаттылығымен құрметке бөленді.

Жездемізбен екеуі «ища»» деспей, тату-тәтті тірлік кешті. Ата-ененің алдынан кесіп өткен емес. Қайнағаларын, абысындарын пір тұтты, кейінгі бауырларының үй болуының басы-қасында жүрді. Өмірінің соңғы он шақты жылында сәждеге басын тигізіп, намаз оқыды. Келіндері Үмітжан мен Луизаны тазалыққа, әдептілікке баулыды, үйінде әр заттың өз орнында болуын талап етті. Табандылығына бір мысал — Ақтөбенің қақ ортасында кеңестік дәуірдің жобасымен салынған тоғыз қабатты панель үйдің ең жоғарғы қабатындағы үш бөлмелі пәтерінде отыз бес жыл қабақ шытпай тұруы. Екі келінін осы үйге түсірді, қызын үйреншікті мекенжайынан тұрмысқа шығарды.

Осыдан бірер жыл бұрын ағайындар жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлы бабамыздың үлкен баласы Есіргеміске кесене тұрғызып, ас беруді қолға алды. Осы үлкен шаруаның басы-қасында Қанымай апамыз да жүрді. Алғашқылар санатында ортақ қорға қомақты қаржы салды. Баба ұрпақтарының шежіресін дайындап, баспадан шығару мәселесін көтерді. Шалқар қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше ауылдық кеңеске төрағалық еткен, Ақтөбе облыстық кеңесінің депутаты болған әкеміз Жұмағалиға көше атауын беруде, соған орай салтанатты  перзенттік шараларда шын ықыласын  тағы да байқатты.

Әулетіміздің ең үлкені Қапан ағамыз бертін келе 89 жасында дүниеден озды. Оны және соған жалғас Қартбай ағамызды әке-шешенің үйретуімен «Көке»  дейтінбіз. Кіші көкеміз тоқсан жасқа толар қарсаңында бауырлар тарапынан атап өту жөнінде ой қозғалды. Бастапқыда даңғаза-дақпыртқа көп әуестігім жоқ  және кейбір себептерді түйіндеген мен мақұлдамай: «Үйінің екі бөлмесіне елу-алпыс адамды шақырған жөн» дегенмін. Апам маған арнайы жолығып, былай деді:

— Өзің білесің, көкеміз уақытында тәуір қызметтерде болған адам.  Жеңгеміз Несібелі қайтқалы да алты жыл өтті. Оның үстіне мүгедектікке ұшырап, арбаға  таңылып қалды. Сен екеуміз жерге қарап отырған ештеңеміз жоқ. Қолымыздағы барды біріктіріп, 90 жасын мейрамханада атап өтейік. Сәтбай тірі болғанда бірден келісер еді…

Дұрыс уәжге қалай тоқтамайсың?! Сөйтіп, ақпан айының 15-інде Шалқардың «Әсем» мейрамханасында үлкен-кішінің қатысуымен ауқымды шара ұйымдастырылып, көпшіліктің батасын алғанымыз бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан, аудан әкімдігінен келіп түскен құттықтаулар, телефоннан соғылған қоңыраулар  абыз аға көңілін көтеріп тастағаны рас. Айта кету керек, ағамызды бағып отырған бала-келіні Мұхтар мен Назерке шын ықыласымен қызмет жасады.

Арада бір апта өткен соң Ақтөбедегі менің 70-ке толу тойымда да апам ағынан жарылып, сыр шерткенде тыңдаушылар дидарынан ризалықты сезінгенмін.

Қанымай апамыз орта мектепті бітіргелі жарты ғасырдан асты. Жеке адам үшін айтарлықтай ұзақ кезеңде қайда, қандай жағдайда жүргеніне қарамастан, балалық шақты бірге өткізген құрбыларынан хат-хабарын үзген емес. Қуанышты-ренішті сәттерде кластастар атынан газетте құттықтап немесе көңіл айту міндетін адал атқарды. Облыс орталығында тұратын достарға үйінде немесе дәмханада шай беруі  үйреншікті жайға айналды. Апамның садақаларына бастан-аяқ қатысқан Бәдиға Дүйісоваға, Алматыдан арнайы келіп, көңіл айтқан Әсия Құлетоваға,  қайсар тұлға, ұзақ жолға денсаулығы жарамайтынын айтып, телефон  арқылы жұбатқан  Бибі-Ана Иманғазинаға,  апамды өз қолымен оң жаққа қойған Аманкелді Мұстафинаға, қайғымызды бөліскен дос-жаранға, ағайын-туысқа алғысымыз шексіз.

Орайы келіп тұрғанда айтқан артық болмас, ұлдары Есет пен Алмас, келіндері, қызы Жеңісгүл анасының алдындағы перзенттік парызын абыроймен өтеді: тамақтың дәмдісін аузына тосты, киіміне қылау тигізбеді, баратын жеріне жайлы, жұмсақ көлікпен апарып, әкелді. Ауырып-сырқағанда қабақ шытпастан қалаған дәрігеріне апарып көрсетті. Солардың үлгісімен дос-құрбылары да есімін атамай «Ақмама» деп кетті.

Ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома — адам дүниеге келеді, Алладан пәрмен болған уақытта тірліктегі көшін тоқтатады. Қанымай апам да бақилық болып кете барды. Дәтке медет қыларымыз — әдемі ғұмыр сүріп, 74 жасына бір ай қалғанда демі үзілді. Балаларының арқасында ешқандай кемдік көрген жоқ, өңіндегі сұлулықты жоғалтпады. Отағасы Сағидолла дүние салғаннан кейін он жеті жыл өткен соң асыл жары мекен еткен қорымнан топырақ бұйырды.

Әлемді жайлаған індет тұсында үйімізге күнара телефонмен қоңырау шалып, амандығымызды сұраушы еді. Енді сол мақпал үн сап тыйылды. Еске алсаң, жүрек шым етеді. Тәңірінің құдіретіне әңгіме айтуға қақымыз жоқ.

Бұл жазбамды қағазға түсіру барысында Кердері Әубәкірден жеткен:

«Жақсы әйел — ер жігіттің адал мүлкі,

Кіреді сән-салтанат, ердің көркі.

Дүниенің орнын таппас нашар қатын,

Өткені ғұмырының болып күлкі», —  деген ғибратты сөз ойға оралды.

Бақұл бол, жұмақтың төрінен орын алғайсың, апатайым!

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button