Жеңіс

 «Алтын жұлдыздың» жарығы

Биыл — Ұлы Жеңіске 75 жыл, сонымен қатар осы Жеңіске ерлігімен үлес қосқан Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың туғанына 100 жыл.  Ол 1920 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Көктүбек ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесінен жастай айырылып, анасы мен ағасының тәрбиесінде болған.

Жиырма екі жасында қолына қару ұстап, мұздай құрсанған жауға қарсы шабуылға шықты. Ұлы Отан соғысының жорық жолдарында көрсеткен ерен ерлігі үшін Қ.Жазықов екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3- дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, «Үздік барлаушы» төсбелгісімен марапатталған. 1945 жылдың 28 сәуірінде оған ең жоғары марапат — Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызы —  Венгрияның астанасы Будапешт қаласын жаудан азат ету барысында көрсеткен ерекше қаһармандығы үшін берілді.

Жиырма төрт жасында неміс басқыншыларымен шайқаста ерлік үлгісін көрсетіп, елге батыр болып оралған ол бейбітшілік уақытта халыққа білім беру, мәдени-ағарту, әлеуметтік қолдау саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етті.

Батыр дүниеден өткеннен кейін оның 75, 80 және 90 жылдық атаулы күндері салтанатты жағдайда еске алынды.

Биыл да Қожабай Жазықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығы мен туған жерінде жыл басынан бері өткізіліп келеді. Байғанин ауданында да батырдың өмір жолы мен ерлігін ұлықтауға арналған іс-шаралар айлығы басталды. Осыған орай біз де батырға қатысты деректер мен естеліктерді ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ескірмейтін ерлік

Жерлесіміз Қожабай Жазықов 1920 жылы  Байғанин ауданының  Майтүбек ауылында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында тәрбие алған ол Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Кейін Ақтам ауылындағы бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарады.

1942 жылдың қаңтарында  майданға шақырылып, қызыл әскер қатарына алынады. Жас командирлер мектебінен өтіп,  206-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болады. Кейін 25-дивизияда барлау взводын басқарады. Воронеж қаласынан бастаған соғысты 1944 жылы Будапештте аяқтайды.

1944 жылдың 25 желтоқсанында барлаушылар взводы Венгрияның Сентендр қаласының маңында Дунай өзенінен өтіп барып, жаудың әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жаудың 70 жауынгерін тұтқынға алады. Олардың арасында фашистің бір рота командирі мен үш офицері бар болатын. Осындай ерлігі  үшін Қожабай Жазықовқа 1945 жылдың 28 сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Сондай-ақ ол Ленин орденімен, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірнеше медальмен марапатталады.

Соғыстан кейін туған жерге оралып, елдің тұрмысын түзеуге атсалысты. Халыққа білім беру саласында қызмет етеді. Ақтөбе педагогикалық институтын бітіреді. Мұғалім, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады.

Батырға арналады

Ақтөбе жұрты батырдың есімін әр кез ардақтап, ұлықтап, мәңгі жадында сақтайды.

Айталық, қаламгер Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» атты кітабы батыр өміріне арналған. Облыс орталығы Ақтөбе мен Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелдіде Қожабай Жазықов көшесі бар.

Ақтөбе қаласының «Отарвановка» атанып кеткен ескі бөлігіндегі бұрынғы  Донской көшесі 1998 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының №283 шешімімен  Қожабай Жазықов атындағы көше болып өзгертілді. Батырдың балалары қалалық әкімдіктің қолдауымен осы көшедегі «Малышка» дүкенінің қабырғасына граниттен жасалынған ескерткіш тақта ілді.

Батырды туған жері де естен шығарған емес. 1995 жылы Үкіметтің қаулысымен Байғанин ауданы Кемерши ауылындағы мектепке Қожабай Жазықов  есімі берілді. Аталған білім ұясы еліміз егемендік алғаннан бергі салынған облыстағы бірінші мектеп екен. Содан бері білім ордасы Тәуелсіз елдің жас ұрпағын білім нәрімен сусындатып келе жатыр. Батыр есімін биік ұстап, әр кез құрмет тұтатын мектепке 2015 жылдан бері Флюра Қазиева басшылық етіп келеді.

Қ.Жазықовтың 90 жылдық торқалы тойында ұрпақтарының демеушілігімен батыр есімін иеленген мектептің алдына бюст қойылды. Бүгінде мектептің көптеген  қоғамдық-мәдени шаралары батыр ескерткішінің маңында өтеді.

Сонымен қатар 2017 жылы Қарауылкелдідегі батыр атындағы көше бойына да қоладан жасалған бюст постамент қойылды. Осы көше сол жылдары асфальттанып, тротуарлар салынды.

Жазықов атындағы шәкіртақы

Батырдың ұрпақтары 2004 жылы туған жері Байғанин ауданы Кемерши ауылындағы Қ.Жазықов атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектеріне шәкіртақы тағайындаған болатын.

Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықов атындағы шәкіртақыға алғаш рет 2011 жылы осы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген Тоғжан Қоңыратбай ие болды. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік шәкіртақыға қоса, батыр атасының атындағы шәкіртақыны да алып, оқуын бітіріп алды. Қазір білікті маман.

Одан кейін араға үш жыл салып, «Алтын белгіге» ие болған Нұрбек Маратов, Көркем Нәбиева және Динара Ерғалиеваға батыр атындағы шәкіртақы тағайындалды. Бұл түлектердің бірі қазіргі уақытта Еуразия ұлттық университетінде, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде оқып жүр.

— Біздер әкеміздің атындағы шәкіртақыны мектепті үздік бітірген, жоғары оқу орнына түскен студенттерге тағайындаймыз. 15 мың теңге көлеміндегі шәкіртақыны әр студентке ай сайын салып отырамыз. Жастардың жақсы азамат болуына, Тәуелсіз еліміздің ертеңіне қызмет етуіне тілектестігімізді білдіреміз, — дейді батырдың қызы Лаура Жазықова.

Өнегелі ұстаз еді…

Байғанин ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Дәулет Үмбет Сарыбайұлының Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың зайыбы Қаншайым Нұрманова туралы былай деп еске алады:

— 1965-1966 оқу жылының екінші тоқсанының  басында мен «Комсомолдың 30 жылдығы» атындағы орта мектепке жұмысқа тұрдым. Неміс тілінен оқушыларға сабақ беремін.

Бірде Қаншайым апай екеуміз мектепте қабырға газетін шығардық. Есімде қалғаны, 9 мамыр қарсаңында ауданымыздағы Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов туралы «Батыл барлаушы» мақаласын жарияладық. Мұғалім Аманғосовтың ерлігі жөнінде «Красная звезда» газетінде жарияланған шағын мақаласын көшіріп жаздық. Соғысқа қатысқан, әскери газеттерге тілші болған Жайылхан Кенетаевтан интервью алдық. Қаншайым апай Қожабай ағайдың барлаушыларды бастап барып, «тіл әкеліп», бағалы құжаттарды қолға түсіргендігі туралы қызықты әрі тартымды мақала жазған.

Нұрманова Қаншайымның қазақ әдебиетінен терең білімі мені қайран қалдыратын. Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сәкен Сейфуллин, тағы басқалар жөнінде айтқан әңгімелері есімде қалыпты. Шәкәрім Құдайбердиевті Қарасартовтың атып өлтіріп, құдыққа салғанын, оның Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген мұғалім ұлы Ахаттың қазып алып, жерлегені туралы деректі әңгімені алғаш рет апайдан естідім.

Қаншайым апай өмірінің барлық саналы әрі мәнді кезеңдерін, жастық шағын ауданымыздың жастарына білім беруге сарп етті.

Нұрманова Қаншайым отағасы Қожабай Жазықов екеуі ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиелеп азамат етіп шығарды. Ұлдары Балғали, Темірғали, қыздары Тамара, Лаура, Мақпал — әке-шеше тәрбиесінен өнеге алған халқына қалаулы азаматтар. Олар халқымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет етіп жүр.

Үздік ұстаз кабинеті ашылады

Қожабай Жазықовтың 100 жылдығына арналған мерейтой аясында Қарауылкелдідегі «Комсомолдың 30 жылдығы» атындағы орта мектепте батырдың зайыбы, Халық ағарту ісінің үздігі Қаншайым Нұрманқызы атындағы кабинеттің ашылуы өтеді.

Бұл шараны Байғанин ауданының әкімдігі мен батырдың ұрпақтары бірігіп ұйымдастырып отыр.

Батырдың қызы Лаура Жазықова: «Әкеміз де, анамыз да ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етті. Бауырларым Балғали, Мақпал, Тамара ата-анамыз құсап үздік ұстаздар қатарын толықтырды. Бүгінде алты немересі де ата-әжесінің жолын қуып, педагогика саласында жүр. Анамызға арналған кабинетті жиһазбен жабдықтап беруді толықтай міндетімізге алдық. Сосын стенд жасаттық, проектор тарту етеміз», — дейді.

«Еліміз ерлерімен мақтанады»

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы — облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Кеңес Одағының батыры Қожабай Жазықовтың 100 жылдық мерейтойына арнап осындай тақырыпта онлайн байқау жариялаған болатын.

Кеше аталған институт кітапханасында осы шараға белсене қатысқандарды марапаттау рәсімі өтті. Аталған институт директоры Нұргүл Әбішева шараға қатысушыларды шын жүректен құттықтап, Алғыс хат табыстады. Ал

облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова сөз сөйлеп, байқауға белсене қатысқан мектептердің алдағы бір жыл бойы «Білімді ел» газетін алып тұратындарын жеткізді. Батырдың ұрпақтары атынан қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді.

— Батырдың құрметіне арналған қашықтан ұйымдастырылған байқауға класымның оқушыларымен бірге және жекелей де қатыстым. Батыр атамыз туралы эссе жаздық, слайд жасадық, бейнематериалдар  ұйымдастырдық. Мектебімізге Қожабай Жазықовтың есімі берілген кезде, анығы, 1995 жылы мен сол мектепті үздік бітірген едім. Жоғары  білім алып келіп, ұстаздық жолымды өзім оқыған мектепте бастадым. Мектебіміздің батыр атаның есімімен аталататынын мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да мектебіміздің абыройын асқақ ұстау — біздің парызымыз,  — дейді Байғанин ауданы, Кемерши ауылындағы Қожабай Жазықов атындағы орта мектептің мұғалімі Миргүл Дүсіпова.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button