Басты жаңалықтар

Қыркүйек: қауырт істер кезеңі

Шолу

Бұл ай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауымен басталды. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тың өзгерістерді алға тартып, технологиялық экономика құрудың өткір қажеттігін атап өтті.

Президент қыркүйектің басында облыс әкімі Оңдасын Оразалинді қабылдады. Мемлекет басшысы өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз етуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Облыстың еңбеккер қауымы бұл айда айтарлықтай шаруалар тындырды. Жиын-терін ұйымшылдықпен жүрді, мал өнімдерін молайту, өнім өткізу бағытында белгіленген жұмыстар жүзеге асты.

Ең бастысы, алдағы қысқа дайындық шараларына басымдық берілді.

Праймериз: үміткер саны — 486

Nur Otan партиясы партияішілік сайлау — праймериз өткізу науқаны осы айда қыза түсті. Жалпы облыс бойынша праймеризге қатысуға 493 адам ниет білдірген. Соның ішінде 486 адамның өтініші мақұлданып, тіркелген.

221 адам партияның бастауыш ұйымдары арқылы, қалғандары өзін-өзі ұсынды. Белгіленген талап бойынша, қатысушылардың 30 пайызы — әйел адам, 20 пайызы жастар болуы тиіс. Облыс бойынша 35,8 пайызы — әйелдер, 29 пайызы — жастар.

Қыркүйек айы бойы үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, жария пікірсайыстарға қатысты.

Ең алдымен, халықтың мүддесін қорғау және халықтың сенімін ақтау бірінші орында тұруы тиіс. Праймеризге қатысушыларды біріктіретін ортақ бағыт осындай.

«Бизнеске арналған үкімет» орталығы

Жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылды. 

Бұл орталық «Бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында іске қосылған. Яғни бұған дейін кәсіпкерлерге көрсетіліп келген қызмет түрлерінің ауқымы кеңейген.

«Бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерге қызмет көрсетудің жаңа форматын қолдану оның еңбек шығындарын қысқартып, мемлекеттік қызметтер кешенін бір жерден алуға жол ашады. Яғни бизнес-процестердің мерзімі қысқарады және қажетті құжаттар пакетін қалыптастыру тездетіледі.

Сонымен бірге, қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің, табиғи монополия субъектілерінің өкілдері, қаржылық емес қолдау көрсету жөнінде кеңесшілердің тарапынан он беске жуық қызмет түрі көрсетілмекші.

Сервистік қызмет — кәсіпкерлерге

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» деп аталатын төртінші бағыты аясында «Жұмыс істеп тұрған бизнесті жүргізуді сервистік қолдау» компоненті бойынша облыста кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсету орталығы жұмыс жасауда.  Кәсіпкерлерге services.atameken.kz. қолжетімді порталы арқылы да өздеріне қажетті қызмет түрлерін алу мүмкіндігі жасалған. Биылғы жыл басынан бері орталықта 1,5 мың қызмет көрсетілді.

Бүгінгі күні бизнес өкілдері портал арқылы бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізіп, статистикалық есептерді жасауға байланысты қызметтерді ала алады. Сонымен қатар маркетинг мәселелері бойынша қызметтер, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына байланысты қызметтер ұсынылып, отандық тауар өндірушіге өндірілетін өнімді өткізуге жәрдемдесу бойынша кеңестер беріледі.

Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жұмыс жасайтын 11 менеджер-консультант 1092 — офлайн, 282 онлайн қызмет көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жәрмеңке

Астанамызда өткен жергілікті тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне облыс орталығы мен 12 ауданның ет, сүт, басқа да өнімдері қойылды.

Жәрмеңкеге Ақтөбе қаласының өзінен жиырмадан астам ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілер, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты.

Ақтөбеліктер тұтынушылар талғамына 62 тонна ет, 83 тонна картоп пен көкөніс,12 тонна сүт өнімдері, 5 тонна өсімдік майы,13 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 0,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 5 тонна ұн өнімдері, 5 тонна алкогольсіз сусындар, 19 тонна басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Ең бастысы, тауар бағалары жергілікті базарлардан 15-20 пайызға төмен болды.

Ақтөбелік «Айс+», «Тау» агрофирмасы, «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан», «Ақтөбе-нан», «Айбек» кәсіпорны, «Степное», «Рокос» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Шыңғыс», «Абылай» шаруа қожалықтары ұсынған өнімдерге сұраныс жоғары болды.

Жиын-терін жемісі

Биыл облыста егіс көлемі 778,3 мың га құрады, оның ішінде 445,4 мың га дәнді дақылдар, 46,2 мың га майлы, 103,7 мың га мал азығы дақылдары мен 12,2 мың га картоп пен көкөніс-бақша дақылдары болып сараланды. Егіс алқабының орташа өнімділігі гектарына 9,3 центнерді құрады.

Келер жылдың егісіне 167,1 мың га алқапқа сүр, 5,6 мың га алқапқа сүдігер дайындалды. Сүдігер дайындау жұмыстары жалғасуда.

Ағымдағы жылы суармалы жерлерді қалпына келтіру  бағдарламасы аясында 10,6 мың га тұрақты суармалы және 24,7 мың га көлтабанды суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қобда, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарында белгіленген жобалардың аяқталуы көзделген.

Облыс аумағында малдың барлық түрінде де өсім байқалады. Жалпы, ілгерілеу көрсеткіші 6,6%-ды құрайды. Оның ішінде асылтұқымды ірі қара мен жылқының үлесі жоғары.

Жыл басынан бері барлығы 767,0 тонна ет және ет өнімдері экспортталды, оның ішінде 375,7 тонна сиыр етін «АкТеп» ЖШС Қытай Халық Республикасына жөнелтті.

Жиналған астықты сақтау да ойластырылған. Жаңа өнімді лицензияланған 7 астық сақтау кәсіпорны қабылдауда. Олардың жалпы сыйымдылығы — 395,0 мың тонна.

Бүгінгі күні астық жинау негізінен аяқтала келді.

Жаңа құрамдағы өңірлік кеңес

 Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жаңа құрамда жұмысқа кірісті.

Өткізілген онлайн-сайлау қорытындысы бойынша өңірлік кеңес құрамы 33 мүшеден тұрады. Бұлардың барлығы да танымал кәсіпкерлер. Ақтөбе қаласындағы «Дастан» компаниялар тобының президенті Асхат Айтжанов кеңес төрағасы болып сайланды

Қоғамдық негізде қызмет ететін құрылымның міндеті  кәсіпкерлерге тәжірибелік көмек көрсетуге бағытталған. Бұл ретте кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу, жалпы кәсіпкерлік үшін қолайлы ахуал қалыптастыру, бизнесті сервистік қолдау үшін қажетті жағдайлар жасау қарастырылған. Аталған шаралар сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық қамту үлесін арттыруға, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту және жұмыс жасап жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін қолдап, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті, жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жол ашады деп күтілуде.

Баспасөз — 2021

Баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев пен Айгүл Нұркеева Қобда, Ойыл және Мұғалжар аудандарында болып, оқырмандармен кездесулер өткізді.

Бас редакторлар өздері жетекшілік ететін газеттердің бүгінгі тынысы, баспасөз алдындағы міндеттер туралы ойларымен бөлісті, сондай-ақ кездесуге келген оқырмандардың сауалдарына жауап қайтарды.

Тұрғындар тарапынан газетте көтеретін мәселелерге қатысты ұсыныстар айтылды, жергілікті проблемалар қозғалып, түйінді жайлардың шешімін табудағы баспасөздің ролі әңгіме арқауына айналды.

Кездесулер барысында екі газеттің белсенді оқырмандарына қос басылымды біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығының Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

* * *

…Есігін ашып отырған қазан айында күн суыта түседі. Сонымен бірге салқын тию, басқа да инфекциялық сырқаттардың қаупі күшейе түседі деген болжамдар айтылуда. «Сақтансаң — сақтармын» деген қағиданы ұмытып, етек-жеңін кеңге жая бастаған тұрғындар үшін өткеннің ащы сабағын ұмытпау маңызды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button