БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбе гуманитарлық колледжі — ғасырлық тарих көшінде

Ералы НҰРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің директоры,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ағарту саласында өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан оқу орындарының бірі  — Ақтөбе гуманитарлық колледжі. Ғасырлық тарихқа аяқ басқан білім ордасы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында сапалы білім беру, кәсіби білікті маман даярлау, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде инновациялық бағытқа бет бұрған, өткен тарихтың жарасымды жалғастырушысы.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих — жақсы мұғалім, ол халықтың өзін-өзі құрметтеуге қалай өтетінін есіне түсіреді» деген айшықты ойына орай, білім беру ұйымының өткен кезеңдеріне шолу жасасақ, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге бастауы болмақ.

1909 жылы Ақтөбедегі төртжылдық қалалық училище жанынан педагогикалық класс ұйымдастырылып, бір жылдан кейін екі жылдық педагогикалық курстар жұмыс жасай бастады. Сол кездегі алғашқы түлектердің бірі — Ұзақбай Құлымбетов. Ол — қарапайым ауыл мұғалімінен мемлекеттік дәрежедегі ірі қызметкерге дейін көтерілген біртуар тұлға.

1920 жылдары қысқа мерзімді мұғалімдер курсы кең етек жая бастады. Осы курстар негізінде 1922 жылы қараша айында педагогикалық техникум болып құрылып, оқу орнының ҚазАССР білім беру жүйесінде тіркелген тарихы бастау алды. Педтехникумда қазақ тіл білімінің негізін салушы Құдайберген Жұбанов, жазушы, драматург Жиенғали Тілепбергенов, сонымен қатар ағарту ісінің қайраткерлері ұстаздық еткен. 1937 жылы педтехникум педагогикалық училище болып аталды. 1994 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан Республикасы Білім министрлігі коллегиясының №8 шешімімен және Ақтөбе облысы әкімшілігі басшыларының 1994 жылғы 12 шілдедегі №148 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық училищесі колледж болып қайта құрылды.

Ал кейін Қазақстан Республикасы Білім министрлігі 1997 жылғы 15 қаңтардағы 3-НС бұйрығымен Ақтөбе мәдени-ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледжі статусына ие болып, уақыт қажеттілігіне қарай жаңарып, өз қызметінің ауқымын кеңейте бастады.

Педтехникум алғашқы түлектерін 1930 жылдары ұшырды. Еліміздің мақтанышы болған академик Ахмет Жұбанов, академик Рабиға Сыздықова, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдени-ағарту қызметкері, журналист Смағұл Мұқашев,

ақын Бәкір Тәжібаев, Совет Одағының Батырлары Ідіріс Үргенішбаев, Қожабай Жазықов, Фёдор Озмитель, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ғұбайдолла Ақтаевтар алғашқы сара жол салған саңлақтар деп білеміз. Сонымен қатар осы оқу орнын бітірген белгілі ғалым, журналист Мұса Дінішев, мұғалім, сазгер Емберген Тереков есімдерін мақтанышпен айта аламыз.

Тәуелсіз еліміздің көркеюі мен дамуына елеулі үлес қосып отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова т.б. түлектеріміздің еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінде түлектерімізбен байланыс орнығып, еңбек жолы және кәсіби тәжірибелерімен бөлісу мақсатында өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Біздің білім ордасының дамуына сүбелі үлес қосқан басшыларымыз бен  педагогикалық еңбек ардагерлерімізді қашан да мақтан етеміз. Тарих беттерінде Ниетжан Беріков басқарған жылдар (1979-1987 жылдар) айрықша естеліктерімен қалды. Өйткені ол оқу орнына  көптеген тың жаңалықтар әкелді. Сол жылдары қазақ бөлімдері ашылып, студенттер контингенті артты. Педагогикалық училище 1987 жылы республика бойынша 1-орынға шықты. Сонымен қатар өзінің әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінен айрықша орын ала білген қазақ тілінің жанашыры, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Зоя Бралова, еңбек жолы өнегеге толы, білім ордасының әдістемелік деңгейін көтеру мен оқу орнының тарихын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында қызмет еткен Еңбек Қызыл Ту ордені, «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері» құрметті атақтары мен Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айша Базарбаева, Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына, әсіресе, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінің қыр-сырын, салт-дәстүрін меңгертуде зор үлес қосқан, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Нұрбәтес Тобағабылованың еңбектері колледж тарихы беттерінде айрықша көрініс табады.

Соңғы жылдары білім беру стандартына сай физика, химия, лингафондық-мультимедиялық кабинет, робототехника, өзін-өзі тану кабинеті, сонымен қатар оқу ғимараты мен жатақханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу кабинеттерінің жаңаша құрылғылармен жабдықталуы білім алушылардың уақыт талабына сай білікті маман ретінде қалыптасуына септігін тигізіп отыр.

Оқу орнының ғасырлық тарихы жаңаша жабдықталған колледж музейінде көрініс тапты. Музей бүгінде ғасырлық ғұмыры бар білім ордасының өткенінен сыр шертіп, келешегіне жол сілтеп тұрғандай өз жұмысын жетілдіріп отыр.

Білім ордасында алғашқы домбыра оркестрін ұйымдастырушы ұстаз Ысқақ Райымбергеновке мемориалдық тақта орнатылды. Болашақ музыка пәні мұғалімдерінің зерттеушілік қабілетін дамыту мақсатында Ы.Райымбергеновке атаулы кабинет ашылып, бүгінгі күні жоспарлы түрде ұстаз ұрпағы, Республикалық «Мұрагер» бағдарламасының авторы Абдулхамит Райымбергеновтің шеберлік-класын өткізу орталығына айналды.

«Рухани жаңғыру»  мемлекеттік бағдарламасына орай, колледжіміздің оркестр мүшелерінің жаңа музыкалық аспаптар және ұлттық киімдермен қамтамасыз етілуі білім алушылардың өз мамандықтары бойынша біліктерін жетілдіруге, бос уақыттарын тиімді өткізе отырып, бұқаралық мәдени шаралар мен қоғамдық іс-шараларға белсене араласуларына мол мүмкіндік берді.

Өскелең ұрпаққа қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуі туралы терең ұғым беру мақсатында 2017 жылы қазақ халқының абызы атанған, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевқа арналған атаулы кабинет өз жұмысын бастады. Бүгінде білім алушылардың жазушы шығармаларына айрықша ықыласпен көңіл бөліп, зерттеу бағытында жұмыс жасауларына септігін тигізуде.

Колледж әкімшілігі жас мамандардың білімін жетілдіру және ғылыми іздену жұмыстарымен айналысуларына үздіксіз қолдау көрсетеді. Бүгінде оқу орнында магистрлер санының артуы оқытушылардың сапалық құрамының көтерілуіне ықпал етті. Білім беру қызметін автоматтандыруды жүзеге асыру мақсатында облыста алғашқы болып 2018-2019 оқу жылы оқу-тәрбие үрдісі «Platonus College» жүйесіне енгізілді.

Колледжде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін модернизациялауға байланысты «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру»мамандықтары бойынша дуалдық оқыту енгізіліп, бүгінде білім алушыларымыз әлеуметтік серіктестіктегі білім беру ұйымдарында кәсіби дайындықтан өтіп, шыңдалу бағытында жоспарлы жұмыс жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы жылдарда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі енгізіліп отырған жаңалықтар «Білім» бейіні бағытында мамандар даярлау ісіне де біршама мәселелерге жаңаша қарауға мүмкіндік берді.

Ауылдық елді мекендерден қалаға білім іздеп келген жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында колледж әкімшілігінің қолдауымен аралас хор ұжымы құрылды.

Оқу орны қашан да білімді де өнерлі, әрі қабілетті білім алушыларға қолдау жасап келеді. Соның нәтижесінде 2016 жылы құрылған колледждің «Ақберен» әуесқой студенттер театры облыстық «Студенттер театры» фестивалінде І орынды иеленді. Колледж студенттері кәсіби-шығармашылық және спорттық байқауларда өздерінің білімі мен біліктерін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Студенттеріміз жыл сайын «Абай оқулары», республикалық үш тілде өтетін «Тіл дарын» олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Заман талабына сай колледжде тың жаңалықтарды енгізу жалғасып келеді. Оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеру және марапаттау, болашақ мамандар даярлау сапасын арттыру және еңбек нарығында олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында 2013 жылдан бастап «Ұстаз. Жастар. Болашақ» форумын өткізу дәстүрге айналды. Сонымен қатар  педагогтердің кәсіби шеберліктерін көтеру, оларға қолдау жасау үшін алғаш рет 2018 жылы «Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жыл адамы» байқауын өткізу жолға қойылды. Нәтижесінде жеңімпаз оқытушы немесе қызметкер колледж директорының Алғыс хаты және ақшалай сыйақысын иеленуге мүмкіндік алады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі халықаралық байланысты нығайту және шет мемлекеттердің маман даярлау ісіндегі тәжірибелерімен танысу, озық тәжірибені енгізу  мақсатында Н.Калугин атындағы Орынбор педагогикалық колледжі, Чуваш мәдениет және өнер мемлекеттік институтымен меморандумға қол қойылып, бірлескен жұмыс жүзеге асырылып, аталған оқу орындармен байланыс уақыт өте нығайып келеді.

Жоғарыда аталған жетістіктер оқу орнының  институционалдық және 9 біліктілік бойынша мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтуіне өз септігін тигізді.

Ғасырлық тарихы бар мамандар даярлайтын білім ордасында жылдар бойы шешімін таппай келген құрылыс мәселесі бүгінде оң шешімін тауып, колледждің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту және дамыту мақсатында  спорт және акт залдарының, асхана мен киім ілінетін орын құрылысы өз жұмысын бастап кетті. Осы орайда, құрылыстың қоғамдағы келеңсіз жағдайға қарамастан, дер кезінде қолдау көрсетіп, істің оңтайлы шешілуіне өз үлестерін қосып отырған Ақтөбе облысы әкімдігіне, Ақтөбе облысының мәслихатына, облыстық білім басқармасына ризашылығымызды білдіреміз.

Тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұрпағын тәрбиелеп, кәсіптік білім беруді одан әрі жалғастыруда колледж қызметкерлері алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелермен сусындап, өз тарихын қадірлей отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Колледж ұжымы әлі де болашақ мамандарды даярлау мәселелерін бірлесе шешіп, талай түлектерді қанаттандыруға дайын.

Осы сәтті пайдаланып, Ұстаздар мерекесі қарсаңында барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңыздың еңбектеріңізге кәсіби-шығармашылық табыс тілеймін!

Басқа жаңалықтар

Back to top button