Абай — 175

Әлем таныған Абай

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шетелдерде және елімізде қазақтың бас ақынын ұлықтауға арналған іс-шаралар жалғасуда. Сонымен…

«Абай» мәдени-танымдық залы ашылды

Өткен аптада Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залы ашылды.
«Абай» мәдени-танымдық залында оқырмандар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қазақ, араб және ағылшын тілдеріндегі туындылармен таныса алады. Сонымен қатар аталған зал Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған ғылыми бағыттағы түрлі жиындарды, баспасөз конференциялары мен басқа да ресми іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында қолданылады.

Литвалықтардың құрметі

Литваның астанасы — Вильнюс қаласында ұлы ақын Абайға арналған оқу залының салтанатты ашылуы өтті.

Оқу залы Вильнюс округінің Адам Мицкевич атындағы қоғамдық кітапханасының ғимаратында ашылған. Ашылу салтанатына қатысқан Қазақстанның Литва Республикасындағы Елшісі В.Темірбаев Еуропаның әйгілі ақыны Адам Мицкевичтің құрметіне аталған кітапханада Абай атындағы оқу залының ашылуы ақынға деген үлкен құрметтің нышаны екенін жеткізді.

Іс-шара аясында Литвадағы ең үздік опера әншілерінің бірі Раймонда Янутенайте және белгілі концертмейстер Нийоле Баранаускайте Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты танымал әндерін орындады. Шараға қатысушылар бұл залды тек Литвада ғана емес, бүкіл Балтық өңіріндегі қазақ мәдениетінің «тартылыс орталығы» деп атады. Өйткені Абайдың оқу залын ашуға дайындық барысында Вильнюс кітапханасы мен Қазақстандағы ең көне кітапхана — Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалған.

Анталияда саябақ, Ыстамбұлда көше ақын атына берілді

Өткен аптада Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ ашылды.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

Саябақта Абайдың мәрмәрмен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылып, оның ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, Дүниежүзі қазақтар ассоциациясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұратова, Қожа Ахмет Яссауи университеті өкілетті кеңесінің төраға кеңесшісі, профессор Фырат Пурташ, т.б. қатысты.

Шарада шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Абайдың өлеңдері оқылып, әндері шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

Айта кету керек, осы аптада Түркияның Ыстамбұл қаласындағы көшелерінің біріне Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Эстонияда пошта маркалары жарыққа шықты

Эстонияда Абай Құнанбайұлы мен Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған пошта маркалары жарыққа шықты.

Эстонияның мемлекеттік «Eesti Post» пошта операторы қазақстандық маркаларды алғаш рет басып шығарды.

Марка дизайны ағылшын тілінде, ұлы ойшылдардың мерейтойы белгіленіп, үйлесімді стильде жасалған.

Ұлттық музей алаңына Абай бейнесі салынды

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Ұлттық музей алаңына ақынның суреті салынды.

Жалпы аумағы 20 шаршы метр болатын муралды музей қабырғасына Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Райымбек Сәкенов пен Айдос Шекер салған.

Суретшілер Абайдың жан дүниесін, ішкі толғаныстарын көрсету үшін қою қанық түстерді көбірек қолданған. Олар муралды бір күнде салып бітірген.

Ұлы ақын Абайдың мерейтойына орай оның қалдырған мұрасын насихаттауда барлық құралдарды пайдаланғымыз келді. Соның бірі — қалалық өнер, яғни стрит-арт. Сондықтан Абайдың мұрасын тек қана көрме алаңдарында емес, музейден тысқары жерде де насихаттау жастардың қызығушылығын арттыратынына сеніміміз мол. Жалпы стрит-арт өнерін біз Ұлттық музейдің сыртқы алаңына алғаш рет пайдаланып отырмыз және алғашқысын Абайға арнап отырмыз, — дейді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Айбар Қасеналин.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button