Жаңалықтар

«Ырғыз» газеті — аудан шежіресі

Мерей

30 қыркүйек — «Ырғыз» газетінің туған күні. Ауданмен аттас басылым биыл 90 жасқа толып отыр.  Ғасырға жуық уақыт өңірдің өткені мен бүгінін саралаған төл басылым талай құрылымдық жүйені басынан өткеріп, бүгінгі күнге жетті. 

Деректерге сүйенсек, газеттің алғашқы саны 1930 жылы Ақтөбе округі ажыратылып, «Кедей» газеті және оның баспаханасы екі ауданға — Ырғыз бен Темірге көшіріледі. Ырғызда шығатын «Шаруа тілі» газетінің редакторы болып Қазыбек Әзірмәмбетов тағайындалады.

Осынау тарих толқынында аудандық басылым бүгінге дейін замана ағымымен халқымен бірге жасап келеді. «Ырғыздың» көп жылдар бұрын жарыққа шыққан сандары арқылы киелі мекен — Ырғыз елінің тарихы, өңірді қалыптастырған азаматтардың ерен еңбегі, жалпы, өңірдің тұтас болмысына көз жеткізуге болады. Аудандық газет 1930 жылдан 1936 жылға дейін «Шаруа тілі», 1936-1957 жылдары «Колхозшы», 1957-1962 жылдар аралығында «Ленин туы» деген аттармен жарыққа шыққан. 1963-1965 жылдары аудан тараған уақытта аудандық басылым да жабылған. 1965 жылы аудан қайта ашылған соң сол жылдың 1 шілдесінен бастап «Ырғыз» деген атаумен жарық көреді.

Газетте алғашқы редактор Қазыбек Әзірмәмбетов, одан кейін Шотбай Ембергенов, Бахман Нұрсұлтанов, Жөлеке Қоянбаев, Сағынтай Байғабылов, Бәйдеу Шынтаев, Шәкір Ғалиуллин, Әжібек Мәліков, Рахымжан Өтеміс, Марат Мырзалы, Шара Елеусіздер редактор болып қызмет атқарды. Осылардың ішінде газетке Әжібек Мәліков 28 жыл редакторлық етсе, Марат Мырзалы еңбек жолының 33 жылын газетке арнап, оның ішінде 21 жыл басшылық қызметте болды.

Сонымен қатар аудан басылымында Зейнолла Оспанов, Сәдуақас Сәрсенбаев, Әбдісағи Мүталиев, Лайық Есназаров, Ахмет Сарбөпин, Арыстан Аймағанбетов, Ертаза Жүсіпбеков, Аманғали Сәтеров, Амангелді Мектепбаев, Серік Сатанов, Зәкіржан Кәлкенбаев, Рахымжан Өтеміс, Кенжеқара Жұбаев, Төреғали Нәменов, Егенберлі Әбдіраев, Шара Елеусіз, Жанар Нұрғали, Дархан Мектепбаев, Айнұр Қыстаубаева, т.б. жұмыс істеді.

Аудандық газет жарыққа шыққаннан бастап 1988 жылға дейін басылымның өз баспаханасы болды. Онда Асылбек Дүйсенқұлов, Мәлік Әлмұратов, Мешітбай Серікбаев, Шәймерден Сейітмәмбетов, Сарша Мусина, Елтай Жұбанов, Бике Байшурина, Раушан Сәрсенбаева, Үрзия Мусина, Әлия Жылқайдарова, Гүлсім Кәрібаева, Панабек Мүсіралин, Болатбек Мәмбетов, т.б. азаматтар абыройлы еңбек етті.

2006 жылы аудандық газеттің құрылымы өзгеріп, облыс орталығындағы «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кірді. Ал 2010-2015 жылдары «Ырғыз газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайтадан қызметін жалғастырды.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жекешеленіп, қазіргі уақытта «Үркер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде.

Тарих толқынында қаншама құрылымдық өзгерістерге ұшыраса да, аудан айнасы – «Ырғыз» газеті өз оқырмандарынан еш алыстаған емес. Ауданның жаңалық жаршысы болған басылым алдағы уақытта да өз оқырманына адал қызмет етеді.

 Тұрсынбек Ақдәулетов,

«Ырғыз» газеті редакторының міндетін уақытша атқарушы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button