Басты жаңалықтар

Жол жөндеу жұмыстарын бақылады

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында атқарылып жатқан бірқатар жобалармен танысты.

Облыс басшысы алдымен Рысқұлов көшесіндегі көп қабатты үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын қарады. Атап айтсақ, бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құны 86 млн теңгеге асфальттау жұмыстары, спорт және балалар ойын алаңы, тротуар салынуда. Құрылыс жұмыстары қазан айында толық аяқталады.

30 жылдан астам уақыт ешбір жөндеу көрмеген Рысқұлов көшесінің тұрғындары облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе қаласы әкімдігі жыл соңына дейін жалпы саны 40 ауланы абаттандыруды жоспарлап отыр.

Бұдан кейін облыс әкімі триатлон паркінің құрылысымен танысып, Қостанай, Орынбор көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көрді. «Ақтөбе-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі Сүт зауыты ауданындағы ұзындығы 8305 метр болатын Зинченко, Жиенбаев, Гастелло, Қостанай, Штурманская, Шевченко, Авиационная, Можайский, Маяковский, Ембі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1975 метр болатын Түрксіб, Гоголь көшелерінде де жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс.

Жол жөндеу жұмыстарын бақылаған облыс басшысы Орынбор көшесіндегі тротуардың  салынуында кеткен кемшіліктерге қатысты ескерту жасады.

  • Көшелердің қиылысқан тұстарында жолдардың биіктігі әртүрлі. Көліктердің еркін бұрылуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ тротуарларды соңына дейін жеткізіп төсеу қажет. Мұндай жұмыстар кішігірім болып көрінгенімен, тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан мұны тез арада қалыпқа келтіру керек, — деді Оңдасын Оразалин.

Биыл қаладағы «Глобал-Спецодежда» ЖШС тігін фабрикасы көлемін кеңейтті. Өткен жылы кәсіпорын жаңа ғимараттың құрылысын бастаған болатын. Облыс әкімі арнайы  киімдер тігумен айналысатын фабриканың ғимаратын аралады. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорын биыл қазан айында іске қосылса, 500-ден астам жұмыс орны пайда болады. Жұмысқа көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік топтағы әйелдер қабылданады. Мұнда кішкентай балалары бар аналардың да алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасалады. Яғни түрлі үйірмелер ашылып, педагогтер қызметі қарастырылмақ.

Бұдан кейін облыс басшысы К.Нокин ауылындағы 140 орындық Мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны — 209 млн теңге. Жөндеу жұмыстары келер жылдың ақпан айында аяқталмақ.

Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын әрі сапалы болуын бақылауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button