Экономика

Қала әкімі ақтөбелік кәсіпкерлерді қабылдады

Ашық талқылау

«Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің алаңында қала әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік кәсіпкерлерді жеке қабылдады.  

Кәсіптеріне қатысты туындаған мәселелерін шешу мақсатында қала басшысына 15 кәсіпкер жолықты. Олар негізінен жер қатынастары және абаттандыру салаларындағы бизнесті дамыту бойынша өзекті әрі жүйелі мәселелерді қозғады.

Мәселен, «Дәмді торттар мекені «Happy cake» дүкенін ашқан кәсіпкер Венера Әділшина Ақтөбеде бірнеше орында кондитерлік өнімдер сататын павильон ашпақ жоспарын айтты.

— Биыл маусым айында мен  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан қаланың 11, 12-шағын аудандарынан, «Нұр Ақтөбеден» Заречный елді мекенінен және қаланың ескі бөлігінен жер сұрадым. Әзірге өтінішіме жауап ала алмадым. Маған менің өтінішім қалалық әкімдікке бағытталғанын айтты, — деген кәсіпкер әкімге павильон сызбасын көрсетті.

Венера Әділшинаға мұндай сату орындарын аялдамалық павильондардан ашуға болады деген ұсыныс берілді.

— Үш ай бұрын Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп біз аялдамаларда павильон орнату бойынша бизнесмендер арасында байқау жарияладық. Конкурс талабы бойынша жеңімпаз бір жыл ішінде бекітілген жобадағыдай аялдамалық павильон салыпоның аумағын абаттандыруы тиіс. Аялдама тұрған павильонды кәсіпкер  20 жыл пайдалана алады және оған сол павильонда дүкен, гүлдер салонын, дәріханашағын дәмхана немесе аяқкиім жөндейтін шеберхана аша алады. Ол үшін кәсіпкер жер қатынастары бөліміне келіпәртүрлі нұсқаларды бірге қараймыз. Дегенмен, барлығы конкурстық негізде болатынын ескеру керек, —  деді жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Серікбаев.

Қала басшысының қабылдауында болған тағы бір кәсіпкер —  24 жастағы Евгений Мерц. Оның жеке кәсіпкерлігі бес жылдан бері кілем жуып, химиялық  тазалау қызметін көрсетумен айналысады. Жалға алынған ғимаратта жұмыс істеп отыр. Ол екі қатарлы, заманауи ғимарат тұрғызып, бұйымдарды жуу және химиялық тазалау қызметін еуропалық стандартқа сәйкес келетін деңгейге жеткізуді армандайды.

— Идеямды жүзеге асыру үшін  ғимарат құрылысына арналған  0,3 га жер учаскесі керек. Осы кәсіпке 80 миллион теңге қаражат салуға дайынмын. Жаңадан дамып келе жатқан Батыс-2 ауданы біз үшін қолайлы болар еді, — деді бизнеске арналған дайын жобасын жайып көрсеткен Евгений.

Бұл мәселеге қатысты қала әкімі жер қатынастары бөлімінің басшысына тапсырма берді. «Егер өндіріс  инновациялық-инвестициялық маңызға ие болса,жоба аукцион арқылы немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ұсынылады», — деп атап өтті қала әкімі.

«АСК-Project» жобалық компаниясының директоры Айгүл Сейітжапарова да бизнесін дамыту үшін жер телімін сұрады. Кәсіпкер өз серіктестігінің базасында оқу орталығын салуға дайын. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту курстарын ұйымдастыруды жоспарлайды. Әлеуметтік жоба қала әкімінің назарынан тыс қалмады, қаперге алынды.

Ал Ақжар ауылынан келген Светлана Романюк жолдасы екеуі ұсақ жандық және үй құстарын өсірумен айналысады. Жұмыстың қиындығына мойымайды. Кәсіпті кеңейтіп, мал басын көбейтуді ойлайды. Өздері тұратын аумақтан кәсіп үшін жер телімін сұрады.

Бүгінгідей  жобалар таңданыс тудырады және оларды жүзеге асырмақ болып отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге тырысамыз. Әсіресе жұмысқа батыл кіріскен еңбек адамдарын қолдау керек, — деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Кәсіпкерлерге мәселелерін шешу бойынша заң аясында түсіндірілді және жауапты тұлғаларға сәйкесінше тапсырма берілді.

«Мұндай алаң билік өкілдерімен бірге бизнес мәселелерін ашық талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Бұның нәтижелі бола бастағанын көріп отырмыз. Біз қала әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Кәсіпкерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныстар қолдау табады деген үміттемін.  Кәсіпкерлердің кейбір жобаларын  «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қосуға болады. Біз кәсіпкерлерге өз тарапымыздан да қолдау көрсететін боламыз. Айта кету керек, осыған дейін біздің алаңымызда қала әкімінің орынбасары Сергей Ли кәсіпкерлерге арналған қабылдау өткізді», — дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Енді мұндай қабылдаулар тұрақты өткізіледі. Бұл туралы БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарланады.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button