Экономика

Кәсіпкерліктің көшіне ілескен аудан

Көшпелі конференция

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Ырғыз ауданында көшпелі баспасөз  конференциясы өткізілді. Онда Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин 2020 жылдың 8 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және алдағы жылғы жоспарлары туралы баяндады.

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Ырғыздың басты байлығы — табиғаты. Өзгелерден ерекшелігі — төрт түлік малын айтпағанда аң-құстардың ордасы. 80 көлі мен 4 ірі өзеннің жағасы осындай қазынаға толған өңірдің табысы да төрт түліктің төлі. Сондықтан да бірыңғай мал баққан ауданның ауылшаруашылық саласы асылданып келеді. Биылғы жылға 900 бас асылтұқымды мал сатып алу жоспарланған. Әзірге оның 170 басы алынды. Оның ішінде 2100 бас асылтұқымды қой  алу толығымен орындалған. Яғни Ырғыздың өрісіне 2172 қой қосылды. Ырғыз ауданы жыл аяғына дейін 70 тонна сиыр еті мен 20 тонна қой етін экспортқа шығармақ.  8 ай ішінде мал басының барлық түрлерінен өсім болғандықтан, оның өнімдерін өндіру өткен жылға қарағанда 5 пайызға артқан. Жалпы  жыл басынан бері 505,6 миллион теңге өнеркәсіп өнімдері өндірілді.

Биыл Ырғызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, былтырғыдан 22  пайызға артқан. Ауданның өз қалтасымен салынған 5 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды.

Ырғыз ауданы алдағы уақытта ірі жобаларды қолға алғалы отыр. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасымен «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық өңдеу зауытын ашпақ. Сонымен бірге құс фермасын салу жоспарда тұр. Биыл 400 жұмыс орны ашылған. Бюджет кірісі 8 ай ішінде 4 миллиард 46 миллион 425 мың теңге болды.

Аудан әкімі Аққанат Шахин барлық саладағы өсім мен жетістіктерді айта келе, аудан үшін негізгі күрделі мәселелерге тоқталып өтті.

Жылыжай мен сүт өндіру цехын салу жоспарымызда бар. Жылына қуаттылығы 100 тонна балық өндіретін зауыт салынады. Балық шаруашылығын дамытуда «Ырғыз-Торғай» резерваты айырықша рөл атқарады. Онда 120 адам жұмыс жасайды. Ауданның кәсіпкерлік саласын дамыту үшін 43 грант бөліп отырмыз. Жасыратыны жоқ, ауданымызға дәрігерлер жетіспейді. Бірақ биыл біз үшін жағымды жаңалық  — 9 бала медицина саласына оқуға түсіп, дәрігер мамандығын таңдады. Бұған қарап болашақта ауданымыз жоғары білімді дәрігерлермен толығады деп үміттеніп отырмыз.

Жалпы ырғыздықтар батысты орталықпен байланыстыратын республикалық жолдың салынуын күтіп жүр. Егер ол жол салынып, біздің ауданның үстімен өтетін болса, қаншама құрылыс нысандары салынып, кәсіпкерлер көбейіп, жұмыс орындары ашылар еді, — дейді аудан басшысы.

«Зәуреш» әніне ескерткіш қойылады

Аудан орталығында жаңа аудан пайда болып, оның көшелеріне асфальттар төселе бастады. Күн сайын көркейіп келе жатқан бұл аймаққа ашық аспан музейі түспек. Оған арнайы орын белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Құны 76 044,3 мың теңге болатын «Даңқ аллеясы» саябағы демалыс орны әрі аудан тарихын таныстыратын алаң болмақ. Саябақта Ырғыз тарихы туралы мәліметтер, ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері, 23 Социалистік Еңбек Ері және өзге де тұлғалар туралы ескерткіш тақталар орнатылады. Сонымен бірге 7 тарихи-мәдени ескерткіштің макеті және «Зәуреш» әніне арналған ескерткіш қойылады.

Бұл жерге келушілердің қызығушылығын арттыратын барлық жағдайды жасаймыз. Ал балалар демалып қана қоймай, туған жердің тарихы мен тұлғаларын танып өсетін болады. Саябақтың ұзындығы — 150, ені — 90 метр. Сал Мұхиттың Зәурешке арнаған әні осы өңірден шыққанын көбі біле бермейді. Біздің мақсатымыз — рухани құндылықтарымызды сақтап қана қоймай, ұрпақ санасына сіңіру. Ауданның жаңа бөлігіндегі 16 көшеге жер-су аттары мен тарихи атауларды бердік, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейірхан Әттиев.

Жармадағы жаңалық — ауызсу

Аманкөл ауылдық округіне қарасты Жарма елді мекенінде 55 түтін бар. Аудан орталығынан 45 шақырым болса, округ орталығы Құтикөлден 18 шақырым. Құм арасындағы ауыл ауызсуды 40 жылдан бері ауыл шетіндегі жалғыз құдықтан қауғалап келген. 1980 жылға дейін ауылдан 2 шақырым жердегі Сартай деген жерден тасып ішкен. Енді жармалықтар бұл бейнеттен құтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы ауылға ауызсу құбыры тартылып, барлық үйге кіргізілді. «Өтес Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан құрылыстың жобалық құны — 199 747, 0 теңге. Бұған жергілікті жерден 22 адам жұмысқа тартылған. Су  Сартай құдығынан келеді. Бұрынғы ескі құдықтың орнындағы су қоры 50 жылға жетеді.  Құбырдың ұзындығы  — 9526 метр. Жуырда ауыл тұрғындары ауызсудың дәмін татады.

Ауылдағы жалғыз тұщы құдықтан бәріміз су аламыз. Одан басқа мал сураратын екі-үш құдық бар. Оның суы ішуге жарамсыз. Өзіміз ішіп отырған құдық кейде сарқылып қалады. Әсіресе, күн ыссыда малға да, адамға да жетпейді. Күніне екі-үш рет қатынауға тура келеді. Бөшкеге толтырып аламыз. Тасып ішкесін таусылып қала береді. Қыста қиын. Енді ауылға су құбыры жүріп, үйімізге дейін кіргізіп берді. Қуанышымызда шек жоқ. Малымыз да қанып ішетін болды. Ауламызға бақша салатын болдық, — дейді ауыл тұрғыны Сәбила Тоқабаева.

Ырғыз ауданындағы 18 елді мекеннің 12-сі ауызсумен қамтылып отыр. Енді Шеңбертал, Жаныс би ауылдарына ауызсу тарту құрылыстары жүргізілуде.

Құтикөлдегі көпір

Аманкөл ауылдық округінің орталығы Құтикөлде жаңа көпір салынып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен салынып жатқан нысанның құны — 213 108,0 мың теңге. Құрылыс жұмыстарына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 25 адам тартылған. Ырғыз өзенінің бір саласы ағып өтетін сайда бұрынғы ескі көпірдің әбден тозығы жеткен. Әр жері тесіліп, тіреулері қисайған ескі көпір көлікке де, адамға да, малға да қауіп төндіреді. Бұған дейін сол көпірмен амалдап жүріп келген тұрғындар жаңа көпірдің игілігін көрмек.

Өйткені бұл көпір үш ауылды жалғастырады.  Жарма ауылы мен Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтеріннің тұрғындары аудан орталығына барып келу үшін осы жерден өтеді. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары қараша айына дейін бітіп, пайдалануға берілмек. Жаңа көпірдің ұзындығы — 54 метр болса, ені — 8 метр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button