Денсаулық

Екі адам коронавирус жұқтырды

Дерек

27 қыркүйекте коронавируспен ауырған 2 адам тіркелді. Бірінде клиникалық белгі болса, екіншісінде ауру симптомдары жоқ. Ауру белгісі бар науқас — 2020 жылы туған бала. Диагностикалық  ПТР зерттеулерінің қорытындысы негізінде  балаға COVID-19 диагнозы қойылған.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемилогиялық қадағалау бөлімінің басшысы Мұрат Мирмановтың айтуынша, балада жұқпалы респираторлы вирусты инфекция симптомдары пайда болғандықтан ата-анасы  медициналық көмекке жүгініп, COVID-19-ға тексерген. Нәтижесінде баладан қауіпті індет анықталған.

Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.

Жалпы облыста КВИ-мен ауырған 3243 адам  тіркелді, оның 48,9%-ы ауру белгілерімен болса,  51,1%-ы симптомсыз. 3169 (97,7%) науқас жазылып шықты.

Ақтөбе қаласында 2339 адам тіркелді. Оның ішінде 1047 адамнан ауру белгісі анықталмаған. Ал аудан бойынша Әйтеке биде  20 адам тіркелсе,  Алға – 93, Байғанин — 58, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 26, Мәртөк — 48, Мұғалжар — 173, Темір — 191, Ойыл — 21, Хромтау — 101, Шалқар ауданында 105 адам ауырған.

Қазіргі таңда үй карантиніне 51 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button