Экономика

К2 — маңызды көрсеткіш

Қаржы

Қазақстан Республикасы Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА) ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған Бағдарламасы шеңберінде қаржы және қор нарығы негіздері туралы мақалалар топтамасын жариялауды жалғастырады.

«Кішкентай бала әкесіне келіп, қай ЖЗҚ жақсы, қайсысы жаман деп сұрапты?».  Осы сұрақты аса дарынды В.В Маяковскийге қойса, оның өзі абдырап қалар еді: не дегенмен ол үшін жаңа іс қой. ЖЗҚ (жеке зейнетақы қоры) дегеніміз — мемлекет бәрін орнықтырып, анықтап, есептеп беретін ортақ зейнетақы жүйесі емес. Бұл таңдауды талап етеді, ал оған, әрине, бірқатар біліктілік қажет. Маяковский жолдас, әрине, әлі кішкентайсың деп оны қайтарып жіберер де еді. Алайда табанды жеткіншек міндетті түрде: «Менің жасым жыл санап өсіп келді, он жетіге де келіп жетем. Олай болса, мен жылдар бойы сенімді болып қала беретін қандай қорды таңдағаным дұрыс?» — деп сұрар еді. Бұл — аса өзекті шаруа, өйткені жастар жұмыс берушінің кеңсесінің табалдырығын аттаған сәттен бастап, ЖЗҚ-ны таңдау мәселесіне тап болады. Басқаша жол жоқ!

Өзінің зейнеткерлік өмірі жөнінде ойланатын бозбалаға дереу Қаржы қадағалау агенттігінің сайтына қарай жол сілтеуге болады. Мұнда ол «Зейнетақы жүйесі» сілтемесі бойынша ай сайынғы жинақ есепке қарап, көрсеткіштерді салыстыра отырып, лайықты қорды таңдай алады.

Алайда алдымен қорларды салыстыруға қажетті көрсеткіштерді түсініп алу, әрине, артық етпейді. Мұнда бірқатар нақты бағдарларды ұстану қажет. Біріншісі – қордың нарықтағы үлесі. Бұл көрсеткіш елдегі жұмыс жасайтын қанша тұлға белгілі бір ЖЗҚ-ны өздерінің нақты бір себептерге сәйкес таңдағанын айқындайтын маңызды көрсеткіш болып табылады. Маяковский жолдас «Егер қорға миллиондаған адам сенетін болса, және ол көптеген жылдар қатарынан олардың сенім үдесінен шығып отырса, бұл — өте жақсы нышан» дейтіні анық. Енді осы сипаттамаға назар салайық. Мәселен, Қаржы қадағалау агенттігінің мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың 1 тамызында міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотының саны 7 838 873 құрап отыр. Яғни бізде жүзеге асып отырған «бір салымшыға бір қор» қағидасын ескеретін болсақ, зейнетақы жүйесіне сегіз миллионға жуық тұлға тіркелген. Ал олардың төрттен үші 4 қордың үлесіне сәйкес келеді. Олардың арасындағы екі қор — Халық банкі ЖЗҚ мен МЖЗҚ-ның үлесі 20%-дан астам.

Мәселен, МЖЗҚ-ның нарықтық үлесі 22,2%-ды құрайды. Неліктен біз осы қорға назар аударып отырмыз? Мұның екі маңызды себебі бар. Біріншіден, тарихи тұрғыдан алғанда аталмыш қор мемлекеттік санатқа ие болған алғашқы қор болып табылады, осы қордың негізінде еліміздегі зейнетақы жүйесі дамып, ол өзге қорлардың жұмысы үшін үлгіге айналды. Яғни қор республикалық стандарттарға сәйкес қызмет етеді. Екіншіден, бүгінгі күні оның акционерлері ҚР Ұлттық банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі болып табылады. Алайда, қор қазір мемлекеттік болып табылмағанымен, оның акционерлерінің мәртебесі тұрақтылық пен сенімділіктің жоғарғы деңгейіне кепілдік береді. Жеке қорлар пайда бола бастаған кезеңде салымшылар басқа ЖЗҚ-ға еркін ауысу мүмкіндігіне қол жеткізді, алайда, елімізде жұмыс жасайтын тұлғалардың 20%-ынан астамы бұрынғысынша осы қордың салымшылары болып қала беруде.

Сонымен қатар, ЖЗҚ-ны таңдамастан бұрын оның акционерлері туралы сұрақты қою қажет. Негізгі акционерлер мен ірі қатысушылар жөніндегі ақпаратты Қаржы қадағалау агенттігінің сайтынан да табуға болады. Расында осы мәселе бір қарағанда ғана қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда акционерлері қоғамда белгілі, қызметі барынша мөлдір, ашық дерекнамаларда қолжетімді ақпаратқа ие ЖЗҚ-ны таңдаған дұрыс. Ал Интернеттен олар жөнінде ақпаратты жылдам жинауға болады.

Инвестициялық тиімділіктің ұзақ мерзім аралығындағы тағы бір маңызды көрсеткіші — К2. Бұл қаржылық білімді игеру, әрине, белгілі бір зерделілікті талап етеді. Алайда, бұл объективті көрсеткішті түсінуге ұмтылған да дұрыс. Ендеше, К2 шифрының астарында не жатыр? Мамандар осы ұғымды номиналды табыс коэффициенті ретінде түсіндіреді. Яғни бұл көрсеткіш қордың инвестициясына сәйкес қанша табыс тапқандығын белгілейді.

Бірнеше жыл бұрын ҚҚА келесі нормативті енгізген болатын: қор ай сайын К2-нің үш позициясын – 12, 36 және 60 ай аралығындағы, яғни бір жыл, үш жыл және бес жылдағы табысын көрсетіп отыруға міндетті. Осы мәліметтерді ҚҚА сайтының жиынтық кестелерінен де табуға болады. Маяковский жолдас осыдан «Егер К2 өсімге қарай артса, бұл – жақсы нышан, егер ол құласа – бұл жамандықтың нышаны!» деген баршаға түсінікті формуланы шығарар еді.

Бұл көрсеткіштер әрбір қорда бар. Сондықтан, таңдау жасамастан бұрын олармен танысып алған жөн. Ендеше, неліктен К2-нің үш позициясын қарастыру қажет? Жауап айқын: ол арқылы қордың соңғы бес жыл аралығындағы қызметінің динамикасы байқалады. Салыстыру үшін ҚҚА кестесіндегі нарық бойынша орташа көрсеткіштердің графасына назар аударыңыз.

ҚҚА қаулысына сәйкес, әрбір қор бойынша К2-нің ауытқуы нарықта қарастырылып отырған орташа номиналды табыстың түзетілген коэффициент мәнінен 30%-дан төмен болмауы тиіс. Демек, тамыздың басында ЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша К2-нің орта өлшемді коэффициенті 2005 жылдың шілдесі мен 2010 жылдың шілдесі кезеңі аралығында 43,63 құрап отыр. Мұнда осы кезең аралығында қорлар бойынша табыстылықтың аз мәні 28,98-ден төмен болмауы тиіс. ҚҚА мәліметтеріне сәйкес бұл нормативті 13 қор жүзеге асырды.

Ал 2007 жылдың шілдесі мен 2010 жылдың шілде айы кезеңі аралығында, яғни 36 ай аралығында К2 коэффициенті 16,43 құрады. Мысал ретінде қолданып отырған МЖЗҚ-ның осы көрсеткіші 20,60-қа тең келеді. 2009 жылдың шілде және 2010 жылдың шілде кезеңі аралығында, яғни бір жыл аралығында К2 коэффициенті 5,47 құрайды. Бұл көрсеткіш МЖЗҚ бойынша 6,47 деңгейінде тіркеліп отыр. Яғни аталған көрсеткіш қордың жүзеге асырып отырған инвестициясы ұзақ мерзім аралығында тұрақты әрі оң екендігін көрсетіп отыр. Баршаға белгілі жайт, кез келген қордың алдында екі міндет — болашақ зейнеткерлердің жинақтарын сақтап қалу және оны көбейту міндеттері тұрады.
Сонымен қатар, қор стратегиясы консервативті және сақ болған сайын табыстылық та сонша есе төмен, ал инвестициялық саясат тәуекелшіл әрі агрессивті болған сайын табыстылық та жоғары болатындығы белгілі жайт. К2 коэффициенті тәуекел мен тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті көрсете отырып, тек номиналды табыстылықты ғана бейнелейді. Сондықтан, аса жоғары табыс та салымшының күдігін туғызуы мүмкін. Ал егер зейнеткерлікке шығуға аз уақыт қалған болса, тәуекел етудің қажеттілігі де шамалы. В.В. Маяковский өзінің «Өсім терезелері» шығармасында «Жолдас, зейнетақыңмен тәуекел етпе!» деп қысқа қайырар еді. Дегенмен, ҚҚА күзетте тұр, және ол қорларға халықтың қаржысына тәуекел түсіруге мүмкіндік бермейтін нормативтер мен шектеулерді енгізіп отыр.

Әрине, мамандар К2-ні ғана емес, сондай-ақ, инфляциямен салыстырып қарағанда алынатын шынайы табысты бейнелейтін К1 коэффициентін есепке алады. Бірақ бұл басқа қаржы оқиғасы болып табылады. Дегемен, В.В. Маяковский айтпақшы, «Қаржылық сауатсыздықты жеңу үшін, қаржының негіздерін оқытатын екпінді топқа кіруге асық!». Алайда ол мұны еңбекке қатысты айтқан болатын. Бірақ қаржылық сауаттылық та елеуді қажет ететін еңбек болып табылады.

А.МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button