Ауыл

Спорт алаңдары ашылды

Қобда ауданында үш спорт алаңы ашылды. Жарсай, Қызылжар, Бесқұдық ауылдық округтерінде пайдалануға берілген спорт алаңдарында жасөспірімдердің спортпен айналысып, шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған.

Ауыл тұрғындары үшін заманауи спорт алаңын салуға қаражат жергілікті бюджеттен бөлініпті. Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілердің қолдауымен биыл тағы екі ауылда спорт алаңы қолданысқа берілмек.

— Бұқаралық спортты дамыту — дені сау ұлт қалыптастырудың басты шарты. Бұл бағытта аудан бойынша нақты жұмыстар қолға алынып, жасалып жатыр. Бұған дейін осындай арнайы алаңдар Жарық пен Жиренқопа ауылдарында салынған болса, осы аптада ауданға қарасты үш ауылдық округте пайданалуға берілді. Жыл соңына дейін демеушілер көмегімен Терісаққан мен Талдысай ауылдарында осындай алаңдар салынып, пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы жергілікті бюджет есебінен 4 ауылға спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз, — дейді Қобда аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ермек Қоспанов.

Жаңа спорт алаңдары салынған ауыл тұрғындары енді футбол, баскетбол, волейбол ойнап, воркаут алаңдарында тегін жаттыға алады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button