Пікір

Бірлік — барлық қиындықты жеңетін күш

Мұса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

аудандық «Ойыл» газетінің қызметкері:

— Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты және халықтың табысын сақтап қалу басты міндет болып табылатынын атап айтты.

Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы өте зор. Президент Жолдауында мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға бағытталатын барлық міндеттемелердің орындалатыны нақты айтылды.

Биылғы қыста киліккен коронавирус пандемиясы қазір барлық адамзатты алаңдатып, әлемнің барлық елдері үшін сынақ болып отыр. Коронавирус індетінің одан әрі таралуының алдын алу мақсатындағы шектеу шаралары кезінде елімізде уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам адамға 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек көрсетілді. Бұған жұмсалған қаржы мөлшері — 450 миллиард теңге. Ал осындай көмек көршілес елдерде, тіпті кейбір ірі мемлекеттерде де берілмеген. Яғни бұл — біздің мемлекетіміздің қиын-қыстау уақытта жұмыссыз қалған жандарға көрсеткен қолдауының айқын көрінісі.

Сондай-ақ миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры 550 мыңнан аса отбасыға бір жолғы қаржылай көмек ұсынды. Nur Otan партиясы Ойыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Біз біргеміз» акциясы аясында біздің ауданда да көптеген отбасыларға қолдау көрсетілді. Жұмыс барысында осы акцияларға қатыса жүріп, өздеріне көрсетілген қолдауға көптеген жандардың ризашылық білдіріп, алғыс айтқанына куә болдық,  бүкіл әлем әбігерге түскен осынау қиын шақта бірлігіміз бен ынтымағымыздың мығым болуы өте маңызды екеніне тағы бір көз жеткіздік.

 Ойыл ауданы.

ҚОЛДАУДЫҢ ЖЕМІСІ

Жыл сайын Президент Жолдауын тағатсыздана күтетініміз рас. Себебі осы құжатта айтылған мәселелер мен нақты шаралар біздің жасап жатқан ісімізге бағыт-бағдар береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән берілді.  Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтты. «Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды», — деді Президент. Мемлекет басшысының бұл сөзін  аймақтарда бизнесті дамытуға жасалған нақты қадам деп түсіндім.  Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты  осындай тың бастамалар мен жобалар айтылды. Бизнеске жасалып жатқан мұндай қолдау шараларын біз өз тарапымыздан жылы қабылдадық.

Бүгінде біз өз шаруашылығымызда мал басын көбейтіп, егін егу бағытында жұмыс жасаймыз. Жылына 8 мың гектардан астам егін егіп, заманауи технологиялық әдістерді пайдаланудың арқасында мол өнім алуға қол жеткіздік. Соңғы үш жылда дәнді дақылдардың орташа түсімі — гектарына 7-8 центнер. Биылғы өнім де көңілімізден шығып отыр. Әрине, мұндай жетістіктерге біз бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.

Нұрбек ТІЛЕМІСОВ,

«Елім Табантал» ЖШС басшысы.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button