Басты жаңалықтар

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бүгінгі күні облыста коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай облыс басшылығының қатаң бақылауында.

Осы орайда сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында  бірқатар мәселелер талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов облыста эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Өңірде коронавирус індеті мен пневмонияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Осы аптада барлық провизорлық стационарлар жабылды, тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ індеттің екінші толқынына дайындық шаралары жүргізілуде.

— 3588 төсек-орын дайындалды, олар екі санатқа бөлінетін болады. Ақтөбе медицина орталығы мен фтизиопульмонологиялық орталық сияқты бірінші санаттағы мекемелерде 1040 төсек-орын, екінші санаттағы стационарларда 2548 төсек-орын қарастырылған. 305 реанимациялық кереует ашу жоспарда бар, деді Нұржауған Қалауов.

Бүгінде өңірдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда. Қазан айында  өкпені жасанды желдететін 187 аппарат жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ бір компьютер томографы, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі стансасы мен «КамАЗ» ішіндегі екі жылжымалы медициналық кешен, сонымен қатар басқа да құрал-жабдықтар сатып алынады.

Айта кетейік, 1547 төсек-орынның 1438-і оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Өңірдегі стационарлық автокөлік саны тағы 41 машинаға толығады, бұған дейін 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынған.

Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының қажетті қоры бар. Ал кадр мәселесі қалалық емханалардың, ауруханалардың қызметкерлері мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессор-оқытушылар құрамы есебінен шешілмек.

Бүгінге дейін өңірде 37 бақылау тобы карантин тәртібін бұзған 827 жағдайды анықтап, 699 материал қаралды, 55,3 млн теңге айыппұл салынды.

Жиын соңында Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне дайындық жұмыстарын жандандырып, тұмауға қарсы вакцина егу керектігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button