Жаңалықтар

Көрме кейіпкерлері — танымал тұлғалар

Еңбек күні

2013 жылдан бері елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі — «Еңбек күні».

Атаулы күн еңбек адамының беделін өсіруге, жұмысшыны ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етпек. Осы мерекеге орай Әлия музейінде «Еңбегімен елдің даңқын арттырған» атты тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды.

Фотокөрмеге Ақтөбе облысының көркейіп, гүлденуіне, жан-жақты дамуына үлесін қосып жүрген, еңбегімен еленіп, халыққа қызмет етіп жүрген танымал тұлғалардың фотосуреттері қойылды. Атап айтсақ,  «Жүз табыстың тарихы» жобасына енген «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың, ҚР Ұлттық трансплантация орталығының директоры, академик Жақсылық Досқалиевтің, өмірінің тең жартысын музей ісіне арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясованың,  ҚР мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Еркін Құрманбектің, ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосқан Сәрсеналы Қалтаевтың, сондай-ақ «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Италия мемлекетінде өткен жүзуден Әлем кубогының  алтын медаль иегері Шахан Жолдасбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертер суреттер жұртшылық назарына ұсынылды.

Сонымен қатар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қаламызда мәдени нысандардың бой көтеруіне демеушілік жасап, «Жұбановтар әлемі» орталығын салып берген кәсіпкер Қайрат Майтеков, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов секілді елімізге танымал азаматтарымыздың да өмірінің кей сәттерін бейнелейтін суреттер көрмеге қойылды. Осындай туған жерінің көркеюіне атсалысып жүрген азаматтардың өмір жолы — жастарға үлгі.

Осындай мақсатта ұйымдастырылған шарада «Қос Шынар» қоғамдық қорының төрағасы, әлиятанушы Ғалымжан Байдербес пен тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай қатысушыларға жас кезіндегі еңбек еткен жылдарынан естеліктер айтып берді. Шараға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенттері қатысты. Жас туристер стансасының әдеби бөлімінің оқушылары еңбек туралы өлеңдер оқыды. Музейдің инстаграм парақшасында тікелей эфирде өткізілген шарада музей қызметкері А.Қолмурзина тақырыптық фотокөрмеге шолу жасап, экскурсия жүргізді. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

 Айсұлу ТҰРАЛИЕВА,

Әлия  Молдағұлова мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button