Жаңалықтар

Тұзды ем орталығы — дертке шипа

Кәсіпкер

Шалқар қаласының жас кәсіпкері Айбану Қожабаева «Tuz-em» тұзды ем орталығын ашып, тұрғындарға табиғи емдік қызметтер көрсетуде.

Шалқар қаласында алғаш рет ашылған орталықта жүрек, тыныс алу, жүйке жүйесі, аллергияға ем жасалады. Тұз бөлмесінен басқа гимнастика, массаж, балалар ойын алаңы, шөп түрлерімен емдейтін кедр бөшкесі бөлмелері де бар.

Кәсіп иесі ойдағыны жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттың пайдасы тигенін айтады.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңгелік гранттың иегері атандым. Бұл негізінен отбасылық кәсібіміз. Анам Айымгүл Өтешованың атынан ашылған орталықты одан әрі дамытуды қолға алдым. Алынған қаражатқа алдымен тұзды ем бөлмесін жасақтап, кейіннен ғимаратты жөндеуден өткізу және басқа да қызметтерді іске қосу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 6 пайызбен 6 миллион теңге несие алдым, — дейді ол.  

Табиғи емдік қызметтер көрсетілетін орталықтың экологиялық аймақта орналасқан аудан жұртшылығы үшін пайдасы зор. Әсіресе, түрлі ауруларға шалдығып, антибиотиктерді қабылдап, иммунитеті әлсіреген жандарға көмегі көп. Ешқандай дәрі-дәрмексіз табиғи ем-домды осы жерден алуға болады.

— Аймақта ауа таза емес екені белгілі. Соның салдарынан бронхит ауруына шалдыққандар көп. Өзім жас анамын. Балам жөтеліп ауырғанда, түрлі емді қабылдадық. Бірде Ақтөбе қаласындағы тұз шахтасына 10 күндік курс қабылдап, жазылдым. Үш күннен кейін баламның жағдайы жақсарып, еміміз оң нәтиже бере бастады. Бұдан соң осы ем түрін бір жылдай зерттедім. Ресейлік арнайы мамандармен сөйлестім. Мен де осындай адам ағзасына пайдалы жоба дайындап, грантты жеңіп алдым, — дейді кәсіпкер.  

Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен және баяу музыкамен жабдықталған. Арнайы аппараттан тазартылған, өңделген тұз ауаға тарайды. Емдік тұз Ресей елінен алынады. Адам 40 минут ем алу арқылы тұзды ағзасына сіңіреді. Бұл ем қатарынан 10 күн алынуы керек. Отбасымен де бірге келіп, ем алуға болатын тұзды бөлмеде созылмалы бронхит, тұмау, жөтел, демалу жолдарының аллергиясы, өкпені никотин мен шайырдан тазарту, т.б. емдер жасалады.

Сондай-ақ буланған кедр бөшкесінде 20 минут ем алса, буын ауруларына шипа.
20 минут денені балмен ысқылау арқылы бүйрек ауруларына ем табуға мүмкіндік бар. Орталықтың ішінде барлық гигиеналық талаптар сақталған.

— Кешендегі көмекші процедура ретінде жүйкенің тозуы, жоғары қан қысымы, буын аурулары, тері аурулары кезінде де қолданылады. Иммунитетті көтеру үшін 10 күн ем алады. Аурудың асқыну түрлеріне қарай курс мерзімі 15-20 күнге дейін созылуы мүмкін, — дейді кәсіпкер.

Емдік қызметтерді алу ересектер үшін — 1000 теңге. Балаларға — 500 теңге. Сондай-ақ көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ата-аналар 7 жасқа дейінгі 1 баласы үшін тегін ем ала алады. Әр аптаның жұма күні Шалқар қаласындағы педагогикалық түзету кабинетінің балаларына тегін емдік қызметтер көрсетіледі. Қазір пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптар қадағаланып, алдын ала жазылу арқылы жұмыс жүргізілуде. Мұнда қазір 2 медбике және массаж қызметін көрсететін жұмысшы бар.

Кәсіпкер болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытқысы келетінін айтады.

— Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан «Бизнес мектепте» оқып, арнайы сертификат алдым. Қазіргі таңда 3 миллион теңгелік грантқа қатысып жатырмын. Енді балшықпен емдеу, парафин қызметтерін ашқым келеді. Қазір асқазан, ішек, буын ауруларымен ауыратындар көп. Ыстық балшықты ауырған жеріне қойып, қыздырса, сол жердегі салқынды алады, — дейді Айбану Қожабаева.  

Мұндай емдік қызметтер негізінен шипажайларда ғана бар. Әсіресе егде жастағы адамдар Алға ауданына, еліміздің Жаңақорған, Көкшетау секілді қалаларына барады.

Кәсіпкердің көздеген мақсаты — аудан тұрғындарына өзге облыстарға бармай-ақ, ауданнан қолжетімді бағада ем алуға мүмкіндік жасау.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button