Рухани жаңғыру

Ашық аспан астындағы музей ашылмақ

«Әр халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әр азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың «тонның ішкі бауындай» байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазіргі таңда Темір ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Досжан ишан мешітін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген нысан таяу арада мемориалдық кешенге айналмақ.

Досжан Қашақұлы әкесінен сауат ашқан. Білімге жастайынан ден қойған. Бұған оның 16 жасында қажылыққа барғаны бірден-бір дәлел. Жалпы, Алаш жұртына аты мәлім қоғам қайраткері, діни ағартушы, бірнеше мешіт салып, медресе ашқан ұстаз Меккеге 3 рет сапар шеккен деседі. Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылық сапарының бірінде ол Меккеде қазақ қажыларына арнап үй салған.
— ХІХ ғасырдың екінші жартысында Досжан хазірет Шұбарқұдық ауылының аумағында мешіт пен медресе салып, сол жерде балаларды оқытқан. Қайтыс болғаннан кейін мешіттің қасына жерленген. Қазір мұнда оның балалары да жатыр. Өкінішке қарай, мешіттің қабырғалары ғана қалып, күмбезі мен бөліктері қираған. Енді, міне, биылғы шілде айынан бері қорымды қалпына келтіру жұмыстары өз бастауын алды. Құрылыс, абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ишан салған мешіт ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ, — дейді аудан әкімі Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, бұл игілікті іс «Алаш парызы» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Өз кезегінде құрылыс жұмыстарына маңғыстаулық шебер Қуаныш Әлиев бастаған мамандар тартылған. Мұндағы жігіттер кешенді әрлеу жұмыстарын, яғни әр ою-өрнекті қолмен салып, ерекше ұқыптылықпен жасап жатыр. Өйткені бұл — өңірдегі  мемлекеттің қорғауындағы нысандардың бірі.

Кешен аумағында алма бағы жайқалады деп күтілуде. Бұл мақсатта жергілікті билік мұнда 300 көшет егіп қойған.

Айта кетейік, Досжан ишан мешіті Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button