Ауыл

Қауын-қарбыз еккен мұнайшы

Пандемия ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларына да кері әсерін тигізді. Әйткенмен, Темір ауданындағы «Тұлпар» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Алмағанбетов «қалауын тапса, қар жанатынын» айтады. Биыл 25 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, мол өнім алған шаруа өзінің негізгі жұмысы — мұнай компаниясындағы қызметінен де қол үзбеген.

Бүгінгі таңда Кеңқияқ ауылы маңындағы бау-бақша жұмысын дөңгелентіп отырған Ерланның ауыл шаруашылығы саласына ден қойғанына 20 жылдан асқан. Былтыр 7 гектар жерге қауын-қарбыз, өзге де көкөністерді еккен ол осы жылы тәуекелге бел буып, алқап аумағын 3 есеге дейін арттырған. Коронавирусқа қатысты дүниежүзіндегі жағдайға қарамастан, өнім һәм пайда көлемі едәуір өскен.

— 1999 жылдан бері мал шаруашылығымен де айналысамын. Бірер жылда енді егістікке мән бере бастадым. Еңбек етсең, шаруашылықтың қай-қайсысынан да пайда табуға болады екен, соған көзім жетті. Мысалы, осы жерге (қолымен қауын-қарбыз еккен алқабын нұсқады — А.Т.) 8 миллион теңге қаражат жұмсадым. Көрген пайдамды айтсам, 2-3 есе деуге болады. Яғни шығын өз-өзін толық ақтады.

Қарбыздың американдық сортын ектім. Өнімді қоңыр күзге дейін жинауға болады, біздің климатқа қолайлы тұқым. Келесі жылы енді айналамдағы жас жігіттерге көмектесуді жоспарлап отырмын. Солар үшін бірнеше гектар жерге қауын-қарбыз егіп бермекпін. Бұл — менен кейінгілер үйренсін, соларға ағалық қамқорлығым тисін деген ниет. Бір жағынан, білгеніңмен бөлісу, — дейді Ерлан.

41 жастағы азаматтан әңгіме арасында ауыл шаруашылығында тамшылатып суару әдісін қолданатынын білдік. 6 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа отбасылық бизнесті тәуір көреді. Яғни екі інісі, күйеубаласы, жақын-жуықтарымен ғана бірлесе еңбек етеді.

Темір ауданындағы халықтың саны 38 мыңға жуықтайды.

Бау-бақша өнімдерін өзіміздің өңірден бөлек, Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясына экспорттайтын кейіпкеріміз қарбыздың әр келісін 50 теңгеге бағалайтынын, хош иісті дәмді делдалдардың жүк көліктерімен бір-ақ тиеп алатынын қосты.

— Халық арасында «мұнайшы болсаң, жалақың көп» деген қате түсінік қалыптасқан. Мұнай компаниясының иесінің, әрине, табысы көп. Ал жұмысшылар соншалықты қыруар қаржы таппайды. Айына 100-120 мың теңге алады. Осыны баса айтқым келеді. Сондықтан мейлінше өз-өзіңе жұмыс істеген дұрыс. Ол үшін бірінші кезекте жинаған қорың болуы керек. Өз тәжірибемнен айтсам, ауыл шаруашылығы саласынан едәуір пайда табуға болады. Тек ерінбеу қажет, — дейді Ерлан Алмағанбетов.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Темір ауданында 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 11 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 294 шаруа қожалығы бар.

— Ауданда 54571 ірі қара, 179115 қой-ешкі, 10101 жылқы және 430 түйе бар.

Аудан бойынша 8518 гектар жерге егіс егілді. Соның ішінде арпа 1300 гектар, тары 300 гектар, сұлы 100 гектар. 318 гектар суармалы жерге егілетін картоп, көкөніс, бақша дақылдары бар, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Ал шағын және орта бизнестің 2163 субъектісі тіркелген. Қазіргі кезде осы салада 3967 адам қызмет етеді. Бұл — еңбекке жарамды темірлік тұрғындардың 24,3 пайызы.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button