Басты жаңалықтарМәселе

Ойыл қайда, су қайда?

Әлеуметтік желілерде Ойыл өзеніне қатысты бейнежазбалар, пікірлер көптің назарын аударды. Тіпті Whatsapp желісінде арнайы топ та ашылыпты. Олардың айтуынша, Ойыл өзенінің тартылуы тек табиғаттың әсері ғана емес, бұған адамдардың да қатысы бар екен. Қайткен күнде де өзеннің бүгінгі жайы алаңдатып отыр. Адам белінен келетін өткелдерінің өзі аттап кете беретін арыққа айналыпты. Балықтар қырылып жатыр. Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы ауылдарға түгел су жетпей, үзіліп қалған. Ойыл өзенінің мұншалықты күйге түсуіне басқа қандай себептер бар? Кейбіреулердің айтуынша жоғары жақта орналасқан шаруа қожалықтары суды бөгеп отырғанға ұқсайды. Бұл шындыққа жанаса ма? Екі облыстағы 4 ауданның жерін аралап ағатын Ойыл өзенінің қазіргі жайы туралы анық-қанығын айтпақпыз.

Асан қайғы бабамыз: «Ойыл көздің жасы еді» деп, оның таяздығын, суының аздығын айтпаса керек. «Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің» дегені — осындай шұрайлы жерлерді аттап өтіп, Еділдің тар сағасына халықты шоғырландырған сол кездің саясатына ренжігені. Әрі қарай барса береке таппайтындығын ескерткені еді.

Сол заманнан бері 800 шақырым бойы алаңсыз ағып, жағасындағы жалпақ жұртқа жайлы мекен болған Ойыл өзені  бүгінгі таңда шынымен де  «көздің жасындай» болып қалды. Соңғы екі жылдағы құрғақшылық, қыс қарының мол түспеуі, жауын-шашынның аздығы ақыры өзеннің төменгі ағысынан бастап тартылуына әкеліп соқты. Көзбен көргендей, аяқ жағынан бастап өзеннің ағысы қысқарып келе жатыр. Және жыл сайын. Ойыл бойын жайлаған ел сеңді ұмытқалы қашан. Сол себепті жағасын қураған қамыс басып, балдыры өсіп, шылауланып, ластанып кеткен. Бұл шындық. Бұған кінәлі кім?  Әрине, бәрін жүнжіп бара жатқан табиғаттың еншісіне тапсырып қоюға да болар еді. Бірақ жағасында отырып құтқаруға әрекет жасамау адамзатқа тағы сын.

Өзеннің тағдырына алаңдап, алдымен қызылқоғалықтар дабыл қақты. Арнайы экспедиция ұйымдастырылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Мәселені республикалық деңгейге көтеру үшін конференция өтті.

Ойыл  өзені Мұғалжар ауданына қарасты Талдысай ауылдық округіндегі Қызылбұлақ деген жерден бастау алады. Сол жерден жоғарыдан ағатын салалар мен бұлақтардан көбейіп өзенді құрайды. 27 шақырымнан соң Темір ауданына кіреді. Темір ауданының 7 ауылын жанай өтіп, Ойыл ауданының жерінде Қобда жақтан келетін Қиыл өзенімен тоғысады. Өзеннің Темір ауданына тиесілі ұзындығы — 130 шақырым. Бұл аралықта 54 гектар жерге ғана суармалы бау-бақша егіледі. Аудан аумағынан өзенге 6 бұлақ құяды екен.

Ойыл өзенінің негізгі бөлігі, орта ағысы — Ойыл ауданында. Сондықтан да аудан атауы өзеннің атымен аталады. Өзен аудан жерінде көптеген бұрылыстар жасап, айналып ағады.  3-4 сағасы бар. Ойылға барғанша екі рет, ал Атырау облысына қарай шықсаң алдыңнан тағы кездеседі.  Аудан орталығын қосқанда 5 селолық округті аралап ағып, әр округтен екі-үш  ауылдың іргесімен өтеді.  Ойыл өзеніне Қиылдан басқа Кенжалы, Қайыңды, Шилі, Келтесай, Қуырдақты және Ащыойыл өзендері қосылады. Аудан территориясында өзен бойында 200 гектар жерге бау- бақша егіледі.

Өзеннің Атырау облысындағы ұзындығы 280 шақырым болса, Мұғалжар, Темір аудандарындағы ұзындығын алып тастағанда, қалған 363 шақырымы Ойыл жерінде. Сондықтан да Ойылдың шаруашылығы өзенге тікелей байланысты. Су мол болса, шөп те көп. Шөп бітік болса, мал да қоңды. Ш.Берсиев атындағы ауылдық округте Тамдыкөл суландыру жүйесі бар.  Көктемгі суды бөгеп, жайылымға шығарып, шабындықтың барлық жерін толтырып алғаннан кейін су Атырау облысына қарай жіберіледі. Тап осы әрекетті Қызылқоға ауданы да қайталайды. Өйткені ол жақта да ірі бөген бар. Одан кейін барып тарам-тарам болып Тайсойған құмына сіңеді. Ертеде бұл өзен Жайыққа құйған деседі.

Өзен тасығанда алқабындағы сайларды толтырып, қарасуларды бір тазартып өтетін. Қазір бой бермейтін шұңқырлардағы сулар  жылдан-жылға құрғап,  мал да ішпес, тізеден келетін шалшыққа айналды. Ішіндегі балығы құрып кетті. Балықтардың қырылу себебі — су деңгейінің өте төмендігінен. Саязданған өзен қыста 60 сантиметрге дейін қатады. Ал оның астындағы балықтарға ауа жетпей тұншығып өледі. Суда тіршілік етеді дегенімен, су астындағы тіршілік иелеріне де ауа керек. Ал жазда өзен жағасы жылқылардан бір босамайды. Тамыз айында жылқылар бөгелектен қашып, су ішінде күнұзаққа тұрып кешке қарай өріске шығады. Сол мал тұрған су ластанып, тезектері газ бөлгеннен кейін балықтар шыдай алмай жағаға шығып кетеді. Тағы бір әуресі, биыл өзен суымен шабындықтарын суарып алатын округтерде шөптің шығымы нашар. Тіпті кей ауыл шөпті өзге округтерден сатып алуға мәжүр болды. Өзен алабының аумағы — 31,500 шаршы метр. Көл табанындағы шөп құнарлы әрі ораққа мол түсетін. Мал баққан шаруаларға қырлық шөпті көбірек тұтынуға тура келді. Сол себепті тасымалдың құны шөп бағасының өсуіне де әкеліп соқты. Міне, Ойылдың тартылуы — «өзен жағалаған» елдің өзегін өртеп, осындай зардаптарын тигізіп отыр.

Ойыл өзеніне ірілі-ұсақты 60 өзен құяды екен. «Теңіз тамшыдан құралады» десек те, сол өзендерден тамшы су ақпайды. Жартысынан көбі құрғап, кеуіп кеткен. Тек шұңырлардағы сулар ғана даладағы малдың шөлін басуға жарап тұр.

Ойыл — дала өзеніне жатады. Бұлақтар мен қыр-төбелерден ағатын сулармен толығады. Ал соңғы жылдары жауын-шашын аз түсіп, аз жауған қар өзен ағысын еселей алмады. Әрі тоң болмағандықтан даладан ағып келетін сулар жерге сіңіп кетті.

Ойыл өзенінің орташа көпжылдық су көлемі —127 миллион текше метр. Тек 2016 жылы ғана 366 миллион текше метр су келіп, тасыды. Одан кейін 2017 жылы 190 миллион текше метрге түссе, 2018 жылы су мөлшері 118 миллионды құрады. Ал былтырғы су көлемі —18 миллион текше метр. Яғни үш есеге азайып кетті. Дала өзендері қыстағы қар суына, көктемгі жаңбырға тәуелді. Қызылқоғадағы құрғақшылық бір-ақ жылдың ішінде Ойыл ауданына  жетті. Бұл — экологиялық қауіп. Облыс деңгейінде көтерілген мәселе аяқсыз қалмайды деп сенеміз, — дейді Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.

Арнайы экспедиция сапары алыпқашпа әңгімелерді жоққа шығарды.  Ойыл өзенін ортадан кесіп тастап, суын бөгеп отырған ешкім жоқ. Ал оған құятын бұлақтарды бітеп отырған шаруашылықтардың қолданып отырғаны кеңес заманынан қалған тоғандар. Бұрынғыдай емес бұлақ көздері де мардымсыз. Жылымшылап аққан бұлақтардың суы өзенді құтқара алмайды. Мамандардың айтуынша, бұлақ суының үлесі 5-ақ пайыз екен. Ол да жерасты суларына байланысты. Егерде жерасты су қорлары мол болса, бұлақ көздері де саңылау тауып ағып шығады.

Ойыл өзенін құтқару, экологиялық апаттың алдын алу мақсатында арнайы топ құрдық. Өзеннің бойында қаншама елді мекен бар. Әр ауылдан ынталы топты ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізу — басты шаруа. Суы қашып кеткен жағалауларды қураған, құлаған ағаштардан, қамыстардан тазартып, бұлақ көзі болса ашуымыз керек. Бұлақтардың көзін жайдан-жай аша салмайды. Киелі болғандықтан ағаш күрекпен, ырымын жасап аршиды. Әр елді мекеннің шекарасын белгілеп, ауыл адамдары бақылауға алса деген ұсынысымыз бар. Өзеннің тартылуына қар  суы мен жаңбырдан басқа нақты себептерін ашып, балықтардың не себепті қырылып жатқанын арнайы мамандар анықтап, нақты дәлелдерді жоғарыға ұсынуымыз керек. Өзенді сақтап қалу жұмыстарының 80 пайызы жергілікті тұрғындарға байланысты, — дейді ынталы топтың өкілі Нұрлан Есенғазы.

Көптің сөзіне қарағанда ендігі үміттері бұлақ көздерінде. Ал бұлақтарды бөгеп, егістікке пайдаланып отырған шаруа қожалықтары болса, оған арнайы тексеру жүргізіледі. Алайда мәселе онымен шешілсе жақсы. Қалай болғанда да, өзенге сең жүретіндей нөпір керек. Сол кезде асты да, үсті де, жағасы да тазарып қалар еді. Шөліркеген даланы суға толтырып, шабындықты шайып өтетін ағыс алдағы көктемнің еншісінде.

P.S. Ойылдың басындағы жайды облыстың барлық өзендері де кешіп отыр. Облыс аумағындағы өзен біткен өзімізден шығады екен де, Ресей Федерациясына және еліміздегі көрші облыстарға ағады екен. Сырттан ешқандай өзен құймайды. Кейбір адамдардың сөзіне сенсек, облыстағы өзен-көлдердің тартылып, бұлақтардың қашуы жерасты суының алынған мұнайдың орнына кетіп жатқандығынан сияқты. Бірақ нақты зерттеу, дерек жоқ. Кім біліпті, бәлкім, рас та шығар. «Халық айтса қалып айтпайды».

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button