Басты жаңалықтар

«Ақ желкен» — тәрбие мекені

Ұрпақ

Балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру  әрбір ата-ананы жиі мазалайтын мәселенің бірі. Әсіресе, жазғы каникул кезінде. Биыл елдегі жағдайға байланысты көпшілік мәдени іс шаралар мен лагерьлер жұмысы тоқтатылғаны мәлім. Ал балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған  аула клубтары карантинде қалай жұмыс жасады? Осы және өзге де сұрақтарымызды жаңа оқу жылында «Ақ желкен» аула клубының директоры Гүлдариға Бақытжановадан сұрап білген едік.

Аула клубы карантинде қалай жұмыс істеді?

«Ақ желкен»  аула клубында  балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті етіп дамыту, қызықты көпшілік-мәдени, қоғамдық шараларға тарту арқылы белсенділігін арттыру жұмыстары қолға алынған. Баланың бойындағы сан алуан өнердің ұшқынын жарқырата көрсету, сол бір бұлақтың көзін ашуды басты мақсат еткен аула клубы балғындарды оқудан тыс уақытта тәлім-тәрбиеге баулиды. Аула клубында бүгінде 1000-ға жуық балғын шығармашылықтарын шыңдау үстінде. Сонымен қатар  аула клубының аясы кеңейіп, 2020 жылдың 13 қаңтарынан бастап Бекқұл баба елді мекенінде аула клубының филиалы  өз жұмысын бастады. Аула клубының директоры Гүлдариға Бақытжанованың айтуынша, биылғы жаз «Ақ желкен» үшін де өзгерек болыпты. Жыл сайын ұйымдастырылатын жазғы алаң биыл онлайн форматта өткен.

— Заң барлығына ортақ. «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегендей, талап пен тәртіпке бағынуымыз керек. Сондықтан биылғы жазғы тілдік демалыс алаңын онлайн форматта ұйымдастырдық. Бұл алдымен балалардың денсаулығы мен болашағы үшін маңызды. Биылғы жазғы тілдік демалыс алаңында балалар түрлі бағдарламалар арқылы бірнеше тілді үйренуге мүмкіндік алды, — деген ол қазіргі таңда клуб өз жұмысын барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі түрде жалғастырып жатқанын айтты.

— Жоғарыда айтып өткенімдей, биылдан бастап біздің клубтың Бекқұл баба ауылында өз филиалы жұмысын бастады. Ал ол ауылда интернет өте нашар. Сондықтан ата-аналардың өтініштері негізінде сенбі-жексенбі күндері офлайн форматта 5-6 баладан қабылдап үйірмелерді өткізіп жатырмыз, — дейді Гүлдариға Бақытжанова.  

Қазіргі таңда баланың қызығушылығына септігін тигізіп, икеміне қарай жаңа қырынан танылуына, өмірлік жолын анықтауда  аула клубтарының маңызы зор екенін айтқан ол әңгіме барысында аула клубының маңызына тоқталып өтті.

Аула клубы — жастар мен жасөспірім, сондай-ақ балаларға арналған мектептен тыс уақытта мәдени тәрбие мен қосымша әртүрлі саладағы үйірмелерге баулитын тәрбие беретін ұйым түрі. Бұл ұйым түрі балалардың болашақта жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы, көрегенді әрі тәрбиелі боп қалыптасуына өз оңды ықпалын тигізеді. Клубта балалар тек қана өнерді жан-жақты үйреніп қана қоймай, рухани да дем алып қалады және қоғамдық шараларға өз үлестерін қосады.

Ал клубтың мақсаты оқушылардың мектептен тыс өмірін тиімді пайдаланып, өздері оқып жүрген пәндерін тереңдетіп оқыту, жалпы баланы жан-жақты  дамытып, бейімін жетілдіру болып табылады. Өйткені өз ортасында жүрген баланың жауапкершілігі артады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бала бойында жасырынып, ашылмай жатқан түрлі өнердің ұшқынын жарқырата көрсету, сол бір бұлақтан үлкен сарқырама жасау, — дейді директор.

Балаларға бәрі тегін

2009 жылы құрылған клубты қазір қала әкімдігі қаржыландырады. Орталықта 30-дан аса үйірме ашылған. Бүгінде балалардың түрлі үйірмелерге қатысып, ұнаған спорт түрлерімен айналысуларына барлық жағдай жасалған.

Ақтөбе қаласының әкімдігі және Ақтөбе қаласы білім бөлімімен бірлескен жұмыс жоспары негізінде іс шаралар жоспарлы түрде өткізіледі. Аула клубымыздың тәрбиеленушілері қалалық және облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдер мен байқауларға, көрмелерге белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ауламыздағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қызықты іс-шараларды өткізіп, жұмысты одан әрі жандандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда «Ақ желкен» аула клубында күн сайын бала саны артып келеді, — дейді Г.Бақытжанова.

Танымдық орталық шеңберінде тіл-танымдық, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, спорттық-денешынықтыру және сауықтыру бағыттары бойынша бірқатар үйірмелер жұмыс жасайды. Алдағы уақытта үйірмелер саны сұранысқа ие үйірмелермен толығады деп жоспарлануда. Айта кетейік, жас жеткіншектер қолөнер, вокал, домбыра, ағылшын тілі сынды үйірмелерден басқа,  шахмат, грек-рим күресі, волейбол, шахмат, таэквондо сынды көптеген спорт түрлерін үйренеді.

Мұнда күнделікті қызу пікірталастар, диалогтық алаңдар ұйымдастырылады.   Оқушылар саны күннен-күнге артып келедi. Беққұл баба мекеніне жақын орналасқан Өлке, Белогор, Қызылжар, Рауан-3 елдi мекендерінен үйірмеге қатысуға талап білдіруші ата-аналар балаларымен келіп тіркелуде. Үйірмелер өнердің қыр-сырына баулиды. Бір сөзбен айтқанда, балалардың  тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізіп отырған бірден-бір шығармашылық орта, — дейді аула клубының директоры.

Әрбір күн өзгеріске толы. Қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай болу, ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақты саналы, білімді азамат етіп тәрбиелеу, ұстаздарға зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Балалар мен жасөспірімдердің уақытын мазмұнды өткізу осы жердегі тәрбиешілер мен педагогтердің білім сапасы мен шығармашылық деңгейіне  байланысты. Сондықтан  аула клубындағы ұстаздар әр сабаққа жауапкершілікпен қарайды. Үнемі ізденіп, балаларды өнерге баули отырып, білімдерін де шыңдау үшін қызықты сабақтар мен тәрбие сағаттары өтіп тұрады. Аула клубына бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары алынады. Барлық үйірмелерге қатысу тегін. Үйірмеге келетін балалардың жасы  4 пен 16 жастағы аралықты қамтиды. Сондықтан да мұнда оқушылар жылдан-жылға көбейіп келеді.

«Ақ желкен» аула клубтарының тағы бiр ерекшелiгi – балалар тұрғылықты жерiнен алысқа бармайды. Өзi өскен жерiнде қоғамның бiр бөлшегiндей өзiнiң қажеттiгiн түсiнедi. Аула клубтарының ашылуының да, көрсетiлiп жатқан қамқорлықтың түпкi мәнi де осында жатыр. Баланың қызығушылығына, икемiне қарай жаңа қыры ашылып, өмiрлiк жолын анықтауға да аула клубтары септiгiн тигiзедi. Өз ортасында жүрген баланың жауапкершiлiгi де артады. Баланың тұлға ретiнде қалыптасуына мектептен бөлек өз достарының ықпалы зор.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Карантиндегі каникулың қалай өтті?

Райымбек Өтемағанбетов, 3-сынып оқушысы:

  • Биылғы жазғы каникулымды ауылдағы ата-әжемнің үйінде өткіздім. Аула маңын қоқыстан тазалап, атама көмектестім. Кітаптар оқыдым. Карантинге байланысты көп далаға шыққан жоқпын. Тек кешкі мезгілде бетперде киіп ата-анаммен, қарындастарыммен серуендеуге шығып тұрдық.

 

Әлихан Мукадинов, 7-сынып оқушысы:

  • Мен 2013 жылдан бастап Қобыланды батыр атындағы Орталық стадиондағы шахмат үйірмесіне барамын. Ондағы ұстазым Батырхан Қалиханұлының арқасында мен көптеген республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болдым. Қазіргі таңда шахматтан 2-разряд иесімін. Мектепте үздік оқушылардың қатарындамын. Әдетте, жазғы каникулымды түрлі жарыстарға шахмат үйірмелеріне барып өткізетінмін. Биыл карантиннің кесірінен көптеген жарыстар онлайн форматта өтті. Сондықтан үйде болдым.

Нұршашқан Қалдыбекова, 11-сынып оқушысы:

  • Төртінші тоқсаннан бастап үйде болғандықтан ба, биылғы жазғы каникул мен үшін өте ұзақ өткен секілді. Бірақ әрбір күнімді тиімді өткізуге тырыстым. Көптеген әдеби кітаптарды оқыдым. Және интернеттен түрлі тәтті тағамдар мен торттар жасап үйрендім. Жаңа оқу жылы да онлайн форматта басталды. Бірақ биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге баратын болғадықтан, сабаққа ерекше ықыласпен қарау қажет. Қажет уақытымның көп бөлігін сабақ оқуға арнап жатырмын.

Мейірман Мұхамбеталин, студент:

  • Биылғы жыл біз үшін ерекше естеліктерге толы болды. Алтын ұя мектебімізді аяқтап, үлкен өмірге қадам бастық. Жазғы каникул карантин кезімен тұспа-тұс келгендіктен ешқайда бармадым. Ауылда болып, ағамның кәсібіне көмектестім. Ал карантин режимі алынған соң Алматы қаласына барып құжаттарымды тапсырдым. «Студент» деген жаңа статусқа ие болдым. Бірақ қазір сабақ онлайн форматта өтіп жатқандықтан, Ақтөбе қаласында тұрып жатырмын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button