Ауыл

Жұмысы жанданған  «Баубек» шаруа қожалығы

Қазір мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсініп отыр. Соңғы жылдары Шалқар ауданында түрлі жоба бойынша несие, грант алып, мал санын көбейтіп отырғандардың қатары артып келеді.

Аудандағы  шаруашылықтың бірі — «Баубек» шаруа қожалығы. Қожалық 2016 жылы құрылыпты. Аз уақыт ішінде шаруашылықтың жұмысы бір жүйеге түскен. Төрт түлік малдың саны жыл сайын өсіп келеді. Жайылым жер Шалқар қаласынан 60 шақырым жерде. Бұл жерде жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған.

Осыдан бес жыл бұрын бұл маң айдала болатын. Істі бастаған кезде алдымен жұмысшылардың жағдайын жасауды ойладық. Үй салдық, қажетті бұйымдармен қамтамасыз еттік. Қазір төрт жұмысшы бар. Бірі мал бақса, екіншісі өзге шаруаларды атқарады. Трактор жүргізушілері де бар.  Еңбекақыларын уақытында алады. Азық-түлік береміз. Өзге де қажеттіліктеріне көмектесіп тұрамыз. Мал бағатын адамның жағдайын жасамасаң, шаруа алға баспайды, — дейді қожалық басшысы Нұрболат Ноғаев.

Қазір қожалықта 600-ден аса қой, 90-ға жуық сиыр бар. Биыл Нұрболат «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге несие алып, ол қаржыға 35 жылқы, 15 түйе сатып алған. Асылтұқымды мал санын көбейтуді де қолға алыпты. 3 ангус бұқасын, 20 қошқар алған. Биыл 1,5 миллион теңге субсидия төленген.  Шаруашылыққа қажет техникаларды да мемлекеттік бағдарламалар арқылы сатып алуда.  Лизингке «Беларусь» тракторын сатып алып, қазір мал азығын дайындап жатыр. Бүгінде  шөп шабу жұмыстары аяқталып қалыпты. Дайындалған мал азығының артығы аймақтағы шаруаларға, ауыл тұрғындарына сатылады. Сондай-ақ биыл жұмысшылардың үйіне күннен энергия алатын қондырғы, су сорғысы орнатылыпты. Шығынның 80 пайызын субсидия ретінде мемлекет кері қайтарған.

Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Егер бордақылау алаңын салсақ, малды сойып, етін аудан орталығындағы өзіміздің сауда дүкендері арқылы сатуға шығарғымыз келеді. Жалпы жұмыс жасаймын деген адамға мемлекеттен қолдау бар. Тәуір табыс еңбексіз келмейді. Ерінбей іс бастап, мал бақсаң ғана игілігін көресің. Қазір халық табиғи өнімнің пайдасын түсінді. Ет пен сүттің таза, қоспасыз болғанын қалайды. Мал шаруашылығымен айналысқан адам оның игілігін көретіні анық, — дейді Нұрболат Ноғаев.

Соңғы жылдары ауданда мал шаруашылығымен айналысатындардың қатары артқан. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша алынған қаржының басым бөлігі осы бағытқа жұмсалып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжановтың айтуынша, биыл  Шалқар ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 8 жобаны жүзеге асыруға тапсырма берілсе, оның жетеуі орындалып отыр.  Жергілікті шаруалар мал сатып алуға 290 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға 485 ірі қара, 15 түйе, 500 қой сатып алынған. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 24 шаруа қожалық 685 сиыр, төрт қожалық 1207 қой  сатып алған. Үш қожалық 600 қой алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарына өтініш жіберіп қойыпты. Ауданда аталған бағдарлама бойынша жоспар 97 пайызға орындалыпты. Марғұлан Досжанов мемлекеттік бағдарламалар құрылғанына көп уақыт болмаған «Баубек» шаруа қожалығы сияқты шаруашылықтардың алға басуына оң ықпалын тигізіп отырғанын айтты.

Грант алып, балық сатты

Кәсіп бастаймын деген адамға кедергі жоқ. Мемлекет қашанда  қолдауға әзір. Кез келген адам мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алады. Соның бірі —  есепте тұрған, яғни сотталған азамат Ескендір Мырзабеков. (аты-жөні өзгертілген)

Ескендір «Еңбек» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге қайтарымсыз грант алып, балық сатуды бастапты.

Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі есепте тұрған Ескендірді «Атамекен» кәсіпкерлік  палатасы жанындағы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытады. Ескендір оқып жүріп шәкіртақы алады. Оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтайды. Өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантты ұтады. Қаржыға балық сақтайтын екі мұздатқыш және бір  тоңазытқыш сатып алады.

Ескендірдің негізгі мамандығы — құрылысшы. Бірақ бала кезінен балық шаруашылығымен айналысуды армандаған.  Алайда тағдырдың түрлі бұралаңы бұл ойын іске асыруға мүмкіндік бермепті. Пробация инспекторларының қолдауымен осындай мүмкіндікке ие болған ол, ойындағы кәсібін дамыту үшін Алға қаласына отбасымен бірге қоныс аударады.

—  Балықты Атырау, Астрахань қалаларынан алып, Мұғалжар және Алға ауданының дүкендеріне көтерме бағамен сатамын. Қазіргі уақытта бұл кәсіпте маған келіншегім көмектесіп жүр. Әрине, карантин жағдайына байланысты дәл қазір нақты орнымыз жоқ, дегенмен қайтарымсыз несиеге сатып алған мұздатқыштарға балықты сақтап, тапсырыс орындарына уақытында жеткізіп отырамын. Менің кәсіпті бастауыма қолдау көрсетіп, бірден-бір себепші болған Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің сол кездегі бастығы Жанна Досимоваға және аталған пробация қызметінің инспекторларына алғыс айтқым келеді, — дейді Ескендір.

Есепте тұрған азаматтың мінез-құлқына пробация қызметінің инспекторы да оң бағасын берді.

Есепте тұрса да Ескендір өзін жақсы қырынан танытып жүр. Жалпы, біз оның өз бизнесін дамыту арқылы пробация қызметінің сенімін ақтап, қоғамға тез бейімделіп кететініне сенеміз,—  дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспектор психологі, әділет аға лейтенанты Нұргүл Әубәкірова.

Жалпы Алматы аудандық пробация қызметі инспекторларының қолдауымен, өткен жылы есепте тұрған 6 сотталған азамат  онлайн-тестілеуден өтіп,  оқу курсын сәтті аяқтап, сертификаттар алған. Қатесін түсініп, түзелу жолында жүрген азаматтардың қоғамға бейімделіп кетуі үшін үлкен күш керек. Ал Ескендір сияқты қатесін дер кезінде түсініп, қалыпты өмір сүруге ұмтылған жандарды мемлекет қолдауға әзір.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button