АуылБасты жаңалықтар

Мен жайлауға барғанда…

Қой — қиын-қыстау кезеңдерде қазақтың берекесін сақтап, азық ретінде де, киім ретінде де қолданыста болған төрт түліктің бірі. Халқымыз «той малы» деп атаған Шопаната төлі бүгінгі таңда да өрісімізден жоғалған жоқ. Соңғы жылдары атакәсіпке бел сыбана кіріскен кәсіпкер азаматтардың арқасында төрт түліктің бұл түрін асылдандыру, шетелдерге экспорттау жолға қойылып келеді.

Бүгін біз отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі — қой шаруашылығының  дамуына өз үлесін қосып, асылтұқымды қой өсіріп отырған «Мұңал» шаруа қожалығы туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Биыл қой етіне сұраныс артқан

Байғанин ауданында 2004 жылы өз ісін бастаған «Мұңал»  шаруа қожалығы төрт түлік малды тең өсіріп отыр. Алғашында 50 қой сатып алып шаруашылығын бастаған Елеусін Сауытовтың қазір 3 отарға жуық қойы бар. Жылына 700-800 бас асылтұқымды қошқар сатады. Бұған қоса жүзден астам мүйізді ірі қара, жылқы, ешкі малын бағып отыр. Өнімдерін Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарына шығарады.  2018 жылы ет өнімдерін көрші Ресей Федерациясына да тасымалдаған.

Шаруашылық өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларымен толық қамтамасыз етілген. 16 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкер кәсібінің өрге жүзуіне мемлекеттік бағдарламалардың да мол шарапаты тигенін айтады.

Алдағы уақытта аудан орталығынан ет өндіретін цех салғысы келеді. Ол үшін аудан әкімінен жер сұрап қойған. Аналық сиырлары тұрған жерге электр желісі тартылса, арнайы аппараттар арқылы сиыр сауып, сүт өнімдерін шығаруды да мақсат етіп отыр. Ал бүгінгі таңда Қарауылкелді ауылы маңындағы пунктінде мал бордақылау алаңын салып жатыр.

Бұл шаруашылықтың жұмысымен маусым айындағы іссапары кезінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі танысып, шаруашылық иесінен шешімі табылмай жүрген мәселелері болса айтуын сұраған еді. Тек биылдың өзінде 3500 қой қырыққанын айтқан кәсіпкер сол кезде жүнді қайда тапсырарын білмей отырғанын тілге тиек еткен. Шаруа қожалығы иесінің көтеріп отырған мәселесі орынды екенін айтқан Оңдасын Оразалин аудан әкіміне өзінің орынбасары Аманғали Бердалинмен хабарласуды тапсырған болатын. Араға азғантай уақыт салып Байғанин өңіріне қайта барғанымызда бұл мәселенің өз шешімін тапқанын көзіміз көрді. Кәсіпкер де дән риза.

Әңгіме барысында Елеусін Сауытов биыл қой етіне сұраныс артқанын және соған байланысты Шопаната төлінің бағасы да сәл өскенін айтты.

— Биыл 700 қошқар сатуды жоспарлағанбыз. Оның төрт жүзін саттық. Ал биылғы қозылардан келер жылға 800 қошқар сатамыз деп дайындап отырмыз. Тек қошқарларға ғана емес аналықтарына да сұраныс бар. Қойдан бөлек ақбас, қазақы сиырларға да сұраныс жоғары. Ақтөбе облысымен қатар, өзге облыстардан келіп алып кететіндер де бар, — дейді «Мұңалдың» басшысы.

Қой мен жылқы бағып отырған кәсіпкерлер елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл қой еті мен қымызға сұраныс өте жоғары болғанын айтады. Аты жаман індеттің алдын алу үшін дәрігерлер алдымен иммунитетті көтеру керектігін айтқан еді. Ал бұл тұрғыда әркім өзінше ем-дом қолданғаны белгілі. Ауру-сырқаудың алдын алу мақсатында біреулер жаңа сауған жылқының саумалын ішсе, енді біреулер жас қойдың сорпасын ішіп, құйрық майын қайнатып жеді. Қай аурудың болмасын алдын-алу үшін дұрыс тамақтанудың маңызы зор екені белгілі. Осы ретте zhardem.kz сайтында қой етінің пайдасы туралы мынадай мәліметтер келтіріпті. Біреу білгенмен, біреу білмес деп осы ретте бөлісуді жөн санадық. Сонымен…

Пайдалы көмірсу қосындыларымен қатар  темір, фосфор, ақуызға мол қой етін алдымен семіздіктен арылу үшін пайдалануға болады екен. Жас босанған келіншектердің денсаулығы үшін де пайдасы мол. Сойылған жас малдың сорпасын іші ауырған адамға берсе, іштегі желі қайтады.

Сондай-ақ қой етін күйдіріп, көмірін сірке суына салып, жылан, шаян шаққан жерге таңса, уытты қайтарып, сыздап ауырғанды басады екен. Еттен сылынып алынған сүйектерді бөлшектеп, ұзақ қайнатып, сорпасын мешел балаларға күніне екі-үш рет ішкізсе де нәтижесі тәуір деседі.

Берікбол қойшының бір күні

Бүгінде 6 пункті бар «Мұңал» шаруа қожалығы жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Механизатор, жүргізуші, малшыларға ай сайын 100 мың теңге көлемінде айлық төлеп, үй-жайын қамтамасыз етеді. Кәсіпкер мал басының көбейіп, кәсібінің өркендеуі үшін алдымен қарамағында жұмыс жасап жүрген жұмысшылардың жағдайы дұрыс болуы керектігін айтады.

Сапар барысында шаруашылықта үш жылдан бері шопан болып еңбек етіп жүрген Берікбол Бөлекбаевпен де сөйлесудің сәті түсті. Сөйтіп, Берікбол қойшының бір күнімен таныстық. Жас кезінен мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген Берікбол ағаның алдында бүгінгі таңда 1000-ға жуық қой бар. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай жүретін шопанның басты тілегі — алдындағы малын ит-құсқа жем қылып алмау.

Бұл шаруашылыққа 2017 жылы келгенмін. Сол уақыттан бері отбасыммен осында тұрамын. Жалақымызбен қатар, ай сайынғы азық-түлігімізге дейін шаруашылық басшысы әкеп береді. Жастайымыздан малдың жайын біліп өскен соң, аса қиын деп айта алмаймын. Әр малды бағудың өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, қойдың қоздайтын кезеңі шопандар үшін үлкен науқан. Жауын-шашын бар, қоздаған уақытында қозысын алмайтын жас саулықтар болады, біз үшін сол кез қиын. Ал қыста жем-шөбі жақсы болса қой күйлі шығады. Әр жылы әртүрлі ғой. Биылғы қыс жеңіл өтті, — дейді шопан.

Таң енді ата бастаған уақытта қойларын алдына салып айдап өріске қарай бет алады. Жаздың ыстық күндерінде бір мезгіл қайырып жинап аламыз дейді шопан. Қасында бір көмекшісі бар. Айналасынан өзен-көл байқамаған соң, отарын қайдан суаратынын сұрағанбыз. Сөйтсек, шаруашылықты бес саусағындай меңгеріп алған шаруа қожалығы қойлары үшін арнайы скважиналар қазып қойыпты.

P.S. Бір күндік іссапар барысында  Қарауылкелді маңындағы жері құтты, шөбі малға азық, береке дарыған жайлауда біз осындай ірі істердің атқарылып жатқанын көрдік. Биылғы жоспарларының жартысынан көбін орындап қойған шаруашылық иесі қысқа сақадай сай.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button