Спорт

«Ақтөбе» 5 гол соқты

Бірінші лига

Бірінші лиганың 7 команда бар бірінші конференциясында үш тур ойындары өтті. Алғашқы кездесуін тең аяқтаған (0:0) «Ақтөбе» екінші ойынға тас түйін даярлықпен шықты.

Бұдан бұрын «Мақтааралмен» болған кездесуде басымдық көрсете тұра гол соғудың ретін таппаған жерлестеріміз дүйсенбі күнгі ойынға шамырқана кірісті. «Байқоңыр» командасына дес бермеген футболшыларымыз бірінші таймда-ақ қарсыластар қақпасына үш доп соқты. Жеңіске жетуге әбден асыққан ақтөбеліктер тіпті алғашқы голды 24-секундта соғып үлгерді. Сол қанаттан Жамбыл Көкеев тамаша тастаған допты Олег Чернышов голға айналдырды.

Екінші таймда ойыншыларымыз бұған және екі голды үстеді де, қоржынға үш ұпай салды.

«Ақтөбе» – «Байқоңыр» – 5:0

Гол авторлары: Олег Чернышов, 1-минут (1:0), Бобан Джорджевич, 25-минут (2:0), Владислав Прокопенко, 41-минут (3:0), Бобан Джорджевич, 61-минут (4:0), Рифат Нурмугамет, 88-минут (5:0).

21 қыркүйек 2020 жыл. БИІК спорт кешені, Шымкент. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Жасұр Нарзикулов (капитан), Куасси Куаджа, Бобан Джорджевич, Әділхан Таңжарықов (Ардақ Сәулет, 67-минут), Рустам Темірхан, Жамбыл Көкеев (Рифат Нурмугамет, 56-минут), Максим Самородов (Әлішер Әжімов, 56-минут), Владислав Прокопенко, Георгий Бурнаш, Эдуард Суханов, Олег Чернышов (Рустам Сахибов, 84-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Тәуіпбек Орналин, Никола Цуцкич, Есен Жасанов, Нұрболат Батырханов, Виталий Волков, Демият Сламбеков, Андрей Часовских.

Басқа кездесулердің нәтижелері:

18 қыркүйек, ІІ тур

«Байқоңыр» — «Арыс» — 2:3

«Қыран» — «Екібастұз — 1:0

21 қыркүйек, ІІІ тур

«Арыс» — «Қыран» — 0:2

«Алтай» — «Мақтаарал» — 3:0

*   *   *

Осылайша бірінші конференция жеті турдан тұратын бірінші айналымның үш тур ойындарын өткізді.

Осы үш турдан соң 9 ұпаймен «Қыран» (Түркістан) көш бастап келеді. Одан соңғы орындардың жайы төмендегідей: «Арыс» (Арыс) — 6 ұпай; «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 4 ұпай; «Екібастұз» (Екібастұз) — 3 ұпай; «Алтай» (Семей) — 3 ұпай; «Мақтаарал» (Атакент) — 1 ұпай; «Байқоңыр» (Қызылорда) — 0.

Үш тур өткенімен бұл командалардың арасында «Ақтөбе» мен «Екібастұз» екі кездесуден ғана өткізгенін еске сала кетеміз.

ІV тур ойындары бүгін, 24 қыркүйек күні өткізіледі.

11.00. «Байқоңыр» — «Алтай»

16.30. «Қыран» — «Ақтөбе»

16.30. «Екібастұз» — «Арыс»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button