Басты жаңалықтар

Елордадағы жәрмеңкеде 216 тонна өніміміз сатылды 

Өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында ақтөбелік тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі шарада облыс орталығы мен 12 ауданның ет, сүт, басқа да өнімдері қойылды.

2018-2021 жылдарға арналған азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар аясында ұйымдастырылған жәрмеңке елордадағы Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында, «Хан Шатыр» кешенінің жанында өткізілді. Оған облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілер, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты. Олар бас қала тұрғындарына жалпы саны 62 тонна ет, 83 тонна картоп пен көкөніс,12 тонна сүт өнімдері, 5 тонна өсімдік майы,13 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 0,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 5 тонна ұн өнімдері, 5 тонна алкогольсіз сусындар, 19 тонна басқа да ауыл шаруашылығы өнімін ұсынды. Барлығы — 216,5 тонна өнім. Ал мұндағы баға жергілікті базарлардан 15-20 пайызға төмен болды.

— Екі күнге жалғасқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жақсы өтті. Күн райы да қолайлы болды. Бұл күндері еліміздің өзге өңірлері де өз өнімдерін осылай сөреге қойды. Біздің ет пен сүтке сұраныс айтарлықтай байқалды.

Әр ауданнан 3-4 шаруашылықтың қатысқанын ескерсек, Ақтөбеден бір топ адам боп бардық. Осындай жәрмеңкелер жыл сайын өтіп тұрады ғой, сондықтан бәрі бірқалыпты өтті. Апарған тауарларымыздың баршасы саудаланып, елге ойдағыдай оралдық, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Кулекенова.

Оның айтуынша, өз өнімін ұсынғандардың қатарында «Айс+», «Агрофирма Тау», «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан», «Ақтөбе-нан», «СПК «Айбек», «Степное», «Рокос» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Шыңғыс», «Абылай» шаруа қожалықтары, т.б. бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button