Экономика

Өңірдегі кәсіпкерліктің өзекті мәселелері қозғалды

Ақтөбедегі кәсіпкерлікке қатысты өңірлік кеңестің жаңа мүшелері бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстарын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен онлайн кездесуде айтты. Сондай-ақ басқосуда пандемия кезіндегі шаралар да талқыланды.

Бизнеске қатысты мәселелерді көтерген өңірлік кеңестің төрағасы, «Дастан» ЖШС құрылтайшысы Асхат Айтжанов жұмыс күшінің тапшылығын да атап өтті. Бұл, әсіресе, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында сезіледі.

— Мәселен, тас өңдеушілер, қыш шеберлері, бордюр орнататын жұмысшылар жоқтың қасы. Ал ауыл шаруашылығында малшы, шопандар жетіспейді. Бұл жайт аталған салалардағы кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отыр, – деді Асхат Айтжанов.

Ал өңірлік кеңестің мүшесі, «Ремстройгрант» ЖШС директоры Арыстанбек Жұмабаев:

— Өндіруші ретінде маған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге экспортталатын, алып тастау тізіміне жататын тауарларға СТ-1 сертификатын алудан кейін тауарға жөнелтпе құжаттарды рәсімдеудің күрделілігі өте өзекті мәселе. Егер бұған дейін тауарға жөнелтпе құжаттар Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде рәсімделіп келсе, өткен жылдың қазан айынан бері экспорттаушылар рәсімдеу процедурасын іске асыру үшін салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуімізге мәжбүр. Ұсыныс ретінде айтарым: аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінде электронды шот-фактуралар мен тауар декларацияларын рәсімдеу үшін «бір терезені» құру керек. СТ-1 сертификатын рәсімдеу процедурасын оңтайландыруды қарастыру және аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінде электронды шот-фактуралар мен тауар декларацияларын рәсімдеу үшін «бір терезе» құру үлгісі бойынша мемлекеттік кірістер органы белгісімен алу, – деді.

Сондай-ақ, ақтөбелік кәсіпкерлер көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарын газдандыру және тұрғынжайды жеке тұлғадан заңды тұлғаға қайта рәсімдеу, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қазақстандық қамту үлесі бойынша мердігерлердің міндеттемелерді орындамауы, сауда үйлер мен базарлардың демалыс күндерінде жұмыс істеуіне қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Жиында ақтөбелік кәсіпкерлердің әр сұрағы бойынша жауаптар беріліп отырды. Мәселен, кадр мәселесіне қатысты жағдайды ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева айтып берді. Оның айтуынша, мәселе әлеуметтік сипатқа ие және бұл палата жанындағы құрылыс жөніндегі комитеттің соңғы жиналысында қаралды. Спикер аталған мәселеде дәйектерді әлі де негіздеу қажеттігін алға тартты. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жұмыс күшін басқа өңірлерден ұйымдастыруға болатынын білдірді.

Ал рәсімдеуге қатысты бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов тауарды жөнелту құжаттарын бұлай рәсімдеу — бірегей құқық қолданудың практикасы деді. Спикер мұндай мәселені өзге өңірлерден бұрын-соңды естімегенін айтты.

Сонымен қатар күн тәртібінде бірқатар мәселе талқыланды. Кеңестің жаңа құрамының бірінші кезектегі міндеті — басымдыққа ие бағыттар бойынша жұмыстың негізгі векторын анықтау. Осы мақсатта өңірлік кеңестің салалық комитеттері жұмысын жаңарту немесе құру жайы сөз болды. Талқылау нәтижесінде 6 комитет, яғни өңір бойынша бизнестің түйткілді мәселелесін шешумен айналысатын жұмыс топтары құрылды. Атап айтсақ, өнеркәсіп комитеті, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті, агроөнеркәсіптік кешен комитеті, сауда комитеті, шағын және орта бизнесті дамыту комитеті, әлеуметтік сала және адами капиталды дамыту комитеті.

Өңірлік кеңес мүшелері шағын және орта бизнес саласындағы қазіргі жағдайға да ерекше назар аударды.  Сатып алулар, монполистердің негізсіз әрекеттері, құрылыс саласының мәселелері, бәсекеге қарсы әрекеттер, сұйытылған газ көлемін бөлуге қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің түйткілді мәселелері бойынша құрылымдық диалог жүргізілді.

Өңірдегі бизнестің өзекті мәселелеріне мониторинг жүргізу алдағы айда да жалғасатын болады. Бұл мәселелер 29 қазанда Үкіметтің қатысуымен өтетін «Атамекен» ҰКП-ның съезінде егжей-тегжейлі  қаралмақ.

Онлайн кездесуді түйіндеген «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев салалық ведомстволармен бірлесіп, көтерілген мәселелерді қорытып, шешу барысын бақылауға алуды тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button