Пікір

Тарихи ескерткіштерге жанашырлық — баршаның парызы

Жандос ЕСПАНБЕТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауының «Ұлттың жаңа болмысы» бөлімінде: «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­дің күнделікті өмірлік ұстаным­дары­мыз да өзгеруі керек», — дей келіп, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар салтанат құруы тиіс екенін атап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халқымыз біртіндеп арылуы тиіс жат әдеттерге тоқталып, соның ішінде «Жауапсыздық, немқұрайдылық бү­кіл елді қасіретке ұшыратады», — деді. Бұған ерекше тоқталған себебім, осы жауапсыздық пен немқұрайдылық салдарынан біздің, өкінішке қарай, кей тұста өлкеміздегі өз ата-бабаларымыздан қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге өз қолымызбен зиян келтіріп отырған жайымыз бар.

Көне кесенелер, құлпытастар, тарихи ғимараттар мен киелі орындар — біздің құнды рухани қазынамыз. Олар мемлекет тарапынан қорғауға алынған. 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бергі уақытта ескерткіштерді қорғау, зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсті.

Біздің облыста бүгінде мемлекеттік қорғауға алынған 850 ескерткіш бар. 9 ескерткіш «Киелі Қазақстан» жобасы аясында республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына енді. Былтырдан бері 97 ескерткішке QR-код орнатылды, осы арқылы ғаламтор желісі жоқ жерде де ескерткіш туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік жасалып отыр және бұл жұмыс алдағы жылдары да жалғасады.

Біздің мекеме қызметкерлері осы ескерткіштердің жай-күйін тексеріп, мониторинг жасап отырады. Өкінішке қарай, тарихи орындарға, көне кесенелерге аты-жөндерін жазып кету, бояу секілді келеңсіз жайттар кездеседі, ал даладағы көне қорымдарды мал аралап, бүлдіреді. Жергілікті жұрт тарихи орындардағы тазалыққа да көңіл бөлуі керек. Өткен ғасырларда жеріміз басқыншылыққа ұшырап, ата-бабаларымыздан қалған көптеген кесенелер, ескі мешіттер қиратылып, қорғандар тоналғаны, құлпытастар жойылғаны белгілі, енді сол баға жетпес мұраның сақталып қалған бөлігін көзіміздің қарашығындай қорғап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз. Баршадан көне ескерткіштерге жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарауды күтеміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button