Жаңалықтар

Кәсіпкерлер құқығын прокурорлар қорғайды

Брифинг

Ақтөбе облыстық прокуратурасы Мемлекет басшысының соңғы тапсырмалары аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы қадағалау қызметінің басымдықтарын қайта қарады. Прокурорлар енді кәсіпкерлер тарапынан уәкілетті органдардың заңсыз әрекеттері туралы түскен хабарламалары негізінде дереу тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы облыстық прокуратура ғимаратында өткен брифинг барысында айтылды.

Өздеріңізге белгілі болғандай, республика аумағында пандемия басталған уақыттан бері инфекцияның алдын алу мақсатында бизнес нысандарының қызметін тоқтата отырып, бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Осыған байланысты, біз мемлекеттік органдардың жеке бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтау мәселелері бойынша тексеру іс-шараларын жүргізудеміз. Мемлекеттік органдар шығаратын құқықтық актілер, сондай-ақ монополия субъектілерінің қызметі өңірде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін «тосқауылдардың» болуы тұрғысынан зерделенуде, — деді облыстық прокуратураның үшінші басқармасының аға прокуроры Дамир Сәрсенғалиев.

Прокуратура актісі бойынша 15.08.2020 жылы облыстың бас санитарлық дәрігерінің бизнес субъектілерінің қызметін шектеу туралы №49 қаулысы бақылаушы органның заңсыз әрекеттерінің жолын кесу арқылы күшін жойған. Сондай-ақ прокуратураның қадағалау актісі бойынша Ақтөбе қаласы әкімінің өкімі күшін жойыпты. Өйткені ондағы нормалар кәсіпкерлердің құқықтарын шектеген. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпкерлердің құқықтары заңнамада көзделген 8 миллион теңгеден астам сома мөлшерінде төлемдерді қамтамасыз ете отырып қорғалды.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан облыс аудандарында құқықтық актілерде көзделмеген құжаттарды талап ету фактілері кездесіп жатыр. Мәселен, Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің лауазымды тұлғалары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдірген тұлғалардан мемлекеттік грант алғанға дейін бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді талап еткен. Сонымен қатар әкімдіктер беретін тіркеу туралы анықтамаларды, еңбек кітапшаларының көшірмелерін және тағы да басқа құжаттарды  заңсыз талап ету фактілері анықталды. Осылайша, болашақ кәсіпкерлерге жаңа бизнесті құру жолында заңнамада көзделмеген кедергілер жасалған, — деді Дамир Сәрсенғалиев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласудың ықтимал фактілеріне уақтылы ден қою және ондай фактілердің жолын кесу, оларға кедергілер жасау мақсатында прокуратурада мобильді топ жұмыс жасайды. Оның құрамына прокурорлармен қатар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері кіреді. Жауапты тұлғалар туралы мәліметтер мен байланыс деректерін облыс прокуратурасының ресми сайттарынан таба аласыз.

Облыс прокурорлары мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске заңсыз тексерулер немесе кедергі келтіру фактілері белгілі болса, прокуратура органдарына мобильді топтардың нөмірлері бойынша немесе 90 14 14 сенім телефонына хабарласуларын сұрайды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button