Басты жаңалықтар

Ендігі бір мақсат — ем және экотуризм

Аудан

Байғанин ауданы облыстағы  мал шаруашылығына ең қолайлы өңірлердің бірі. Жем-Сағызы жарыса аққан, мұнайлы өлкенің өрісінен ешқашан төрт түлігі азайған емес. Туған жердің төсінде түлігін төлдетіп, ауылын түлеткісі келетін азаматтар саны да бұл өлкеде жетерлік. Олардың тынымсыз еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бағдарламалардың арқасында бұл салаға жан кіріп, бүгінде нақты нәтиже бере бастады.

 Біз бұл жолы Байғанин топырағының перзенті, кәсіпкер Естай Сисенбаевтың қолға алған үлкен жобасы жөнінде әңгіме қозғамақпыз.

 Жылқы  — жанға да, тәнге де дауа

Естай Сисенбаев басшылық ететін «Ая» шаруа қожалығы өткен жылдың мамыр айында іске қосылған. Жылқы өсіруді қолға алып, аталған іске білек сыбана кіріскен кәсіпкердің жаңа жобасы қуантарлық. Кәсіпкер алдағы бір-екі жылдықта бұған дейін иесіз жатқан жазық даланы адам танымастай етіп өзгертіп, демалыс-сауықтыру кешеніне айналдырмақшы. Жұмысын бастаған аумаққа электр желісі тартылса, жылқы еті мен бие сүтін өңдейтін цехтың құрылысын бастамақ.

—  Байғанин ауданы мал өсірем деушілерге өте қолайлы өңір. Өзім осы жердің перзентімін. Негізгі бағытымыз — жылқы шаруашылығы. Мал сою бекеттерін салып, қымызды капсула ретінде шығарып экспорттағымыз келіп отыр. Сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу бағытында да нақты жұмыстарды қолға алдық. Келушілер үшін арнайы санаторий салып қойдық. Бүгінде Байғанинде 500-ге жуық адам ДЦП ауруымен ауырады екен. Ал оның емі — атқа міну, — дейді Естай Сисенбаев.

Кез келген істі бастамас бұрын, алдымен есептеп алатын Естай жаңа жобасына қомақты қаражатты өз қалтасынан шығарып отыр. Алдағы уақытта санаторий жұмысына қажетті мамандарды арнайы оқытып алудан да қашпайтынын айтады.

Жылқы шаруашылығын бірнеше жылдан бері зерттеп-зерделей келе қолға алған кәсіпкер атқа мінудің қазақ үшін нағыз адреналин екенін айтады.

— Жылқы — қазақтың жанын да, тәнін де емдейді десем, менің бұл сөзіме ешкім қарсы келе қоймас. Біздің ата-бабамыздың өзі Қамбар ата төлін аса құрметтеп, биік қойған. Еті мен сүтінен өзге, атқа мінуді де биік өнер санаған. Біздің ат үстінде ойнайтын ұлттық ойындарымыздың өзінен физикалық, психологиялық тұрғыдан демалуға болады. Ал бүгінгі таңда медицина ғылымының бір тармағы саналатын иппотерапия әдісі жүйке жүйесі зақымданған науқастар үшін таптырмас ем. Осы бағыттағы жұмыстарды қолдан келсе неге дамытып, халыққа кішкентай да болса пайдамызды тигізбеске, — дейді кәсіпкер.  

Бүгінгі таңда 500-ге тарта жылқы айдап отырған Естай Сисенбаев келер жылы тағы да 1000 жылқы алуды жоспарлап отыр. Мұғалжар мен Көшім жылқыларынан бөлек, иппотерапия әдісі үшін арнайы жылқылар алдыратынын айтты.

 Қырық аурудың емін капсула түрінде шығарады

Естай алдағы уақытта бұл жерден малды еуропалық стандартта соятын мал сою бекетімен қатар, ет өңдейтін және қымыз өңдейтін цех салатынын айтты. Бұл жұмыстар аумаққа электр желісі тартылған күннің ертеңіне басталмақ. Бұл күннің де ауылы алыс емес. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болды. Қаражат бөлінген. Кәсіпкердің айтуынша, 10-15 күннің ішінде жарық мәселесі де шешімін таппақ. Электр желісі тартылған соң, аймақтан тағы бірнеше нысан бой көтереді. Яғни, малды осы жерде сойып, өңдеп нарыққа шығарады. Ал биенің сүтін ұнтап капсула ретінде экспортқа шығармақшы.

— Әрине, алдымен өңірді, республика аумағын қамтитын боламыз. Содан соң ғана экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Қымызды таблетка түрінде де, капсула түрінде де шығаруға болады. Бірақ біз әзір капсула немесе титро пакетке салынған түрінде шығару әдісін қарап отырмыз. Бұл келер жылдың күзіне қарай іске асыратын жоба. Ал қазір ет өңдеу әдісін жүзеге асыратын боламыз, — дейді Естай Сисенбаев.  

Қымыздың жай сусын емес, емдік қасиеті жоғары өнім екені айтпаса да белгілі. Бие сауып отырған азаматтар биылғы пандемияға байланысты қымызға деген сұраныстың көбейгенін де айтады.

— Бүгінгі таңда нарықта неше түрлі сусындар шығарылып жатқанымен, қымыз өз құндылығын жойған емес. Қымыздың пайдасы туралы талай материалдар мен мәліметтер де айтылып жүр. Бойды сергіту үшін де денсаулықты қалыпқа келтіру үшін де ішуге болатын бұл сусын түрін өзге ұлттар да мойындағанын білеміз, — дейді кәсіпкер.

Шаруашылық иесімен сұхбаттаспас бұрын қырық аурудың емі, ал сау адамның бойына қуат беретін қымыздың пайдасы туралы көбірек оқып білдік. Интернет материалдарының бірінде қымыздың кез келген адам біле бермейтін мынадай 10 пайдасын көрсетіпті. Сіз де біле жүріңіз. Сонымен…

Қымыз иммунитетті арттырады екен. Ондағы С витамині иммунитетті нығайтып,  вирустар мен инфекциялардың теріс әсерімен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ қымыз ішсең тісің мен сүйектерің нығайып, қан айналымы жақсарады.

Жүйке жұмысын нығайтуда да қымыздың пайдасы мол. Бұл сусында тиамин (B1) бар екен, ол жүйке жүйесінің қызметіне жағымды әсер етеді.

Ерлер үшін пайдалы ақпарат – қымыз потенциалға жағымды әсер етеді. Бұл сусын ағзаларды қалпына келтіру процесінің жылдамдығын арттырады. Гастритті емдейді деседі.  Қымыз асқазан жарасын, гастрит, ұйқы безінің ауруларын емдеуде сәтті қолданылады. Мұны қымыздағы пантотен қышқылының мазмұнымен түсіндіруге болады. Сондай-ақ қымыз тамақтан уланған кезде жақсы көмектеседі. Аталған мақалада теріні әдемі етіп, жақсартатыны туралы да жазылған. Қымыз көңіл күйді де жақсартады. Ғалымдар бие сүтінен адамның қуанышын тудыратын витаминдер тауыпты.  Халық арасында қымыздың туберкулезді емдейтіні туралы бұрыннан айтылып жүр.  XIX ғасырдың ортасында дәрігерлер өкпе ауруларын емдеуде бие сүтін қолдана бастаған екен. Егер ауру әлі асқынбаған болса, құрғақ дала жағдайында екі-үш ай қымызбен емдеу аурудан толық жазып шығарады. 1858 жылы Самара губерниясында алғашқы қымызбен емдеуді дәрігер Нестор Постников ашты.

Сондай-ақ қымыз обыр ауруының алдын алады. Емдік қымызда ісіктердің алдын алуды қамтамасыз ететін фолий қышқылы бар. Қазақ тағамтану академиясының мамандары бие мен ешкі сүтінен дайындалған өнімдерді химиотерапия курсынан өткен онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың рационына қосуды ұсынды.

Алтайдың арғы жағы адреналин алаңына айналады

Иә, рас. Кәсіпкер Алтайдың арғы жағын нағыз адреналин алаңына айналдырмақшы. Жазық дала, жасыл жайлау, табиғи өнім, жылқының жаңа сауылған саумалы, ашық аспан астында ат үстіндегі серуен. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл жерде құмдағы автокөліктермен серуендеуге де мүмкіндік қарастырылған.

 — Маған көп азаматтар неге кәсібіңді бастау үшін бұл жерді таңдадың деп сұрап жатады. Бұл өңір менің кіндік қаным тамған жер. Қандай еңбек қылсам да туған жерім үшін тер төгуді құп санадым. Әрі Қарауылкелдіден Оймауытқа дейінгі жол қатынасы қиын. Сол ауылдарды бір-біріне жақындатайық, мүмкін келер жолы жол түсіп қалар деген ниетіміз де бар. Сонымен қатар Оймауыт, Жарқамыс, Ебейті секілді ауылдардан малды тікелей алу бізге де, оларға да өте ыңғайлы.

 Облыс әкімі Оңдасын Оразалин айтқандай, Ақтөбе өңірі этно туризмді де эко туризмді де дамытуға өте қолайлы. Ет, қымыз өңдеумен қатар, туризм саласын да дамытуды басты мақсат етіп отырмыз. Аудан аумағында Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Дөңгелек сор, Күлдірдің тақыры, Аққұм секілді киелі жерлер баршылық. Сондай-ақ құмға, тұзға түсіп келем деушілер болса, ауданда ондай да байлықтар бар, — деген кәсіпкер қаладан бір мезгіл тынығып келем деушілерге арнайы демалыс алаңын салып, квадрациклдер әкелуді жоспарлап отыр. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, 3 жылға жоспарланған жоба 2022 жылға дейін толық аяқталады.

Сондай-ақ ол келер жылы аумаққа 3000 түп тал егіп, саябақ жасайтынын айтады.

— Биылғы көктемде Испаниядан арнайы тапсырыспен Павловня ағашын алдырып 10 түп еккен болатынмын. Бойлап келеді. Бір жыл күтім жасасақ, келер жылдың көктеміне дейін жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын, — дейді Естай.

Айтуынша, Павловня ағашы көп жерге бейімді, әрі тез өседі. Жапырақтары үлкен.  Жылына 5 метрге дейін өсіп, 5-6 жылда 25 метр болады. Сондықтан ағаш тұқымын егер алдында арақашықтықты есептеп алған жөн.

Осы ретте айта кетейік, Естай Сисенбаев Байғанин ауданы бойынша америкалық ауыл шаруашылығы техникасын әкеліп, шөп шауып жатқан кәсіпкерлердің алғашқысы. Биыл қожалық  «Eurasia Group» және «Қазагроқаржы» АҚ-нан лизинг арқылы  екі  «Djone Deer»  тракторларын сатып алған. Алдағы уақытта заманауи техникалар қатарын көбейтпек.

Р.S Айта кетейік, маусым айындағы Байғанин ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі «Ая» шаруа қожалығында болып, шаруашылық жоспарымен танысқан болатын. Сол кезде кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі аудан әкіміне барынша қолдау көрсетіп, бастаған істі толық аяқтап, нәтижесін көретіндей етуді тапсырған еді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button