Жастар

Жас саяхатшылар сынға түсті

Слет

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы және Ақтөбе қалалық жас туристер стансасы балалар мен жасөспірімдер туризмінің негізін қалаушы Төкеш Жездібаевтың 85 жылдығына және Халықаралық туризм күніне орай «Менің Отаным — Қазақстан» атты республикалық туристік-өлкетану экспедициялық жасақтары слетінің облыстық кезеңін ұйымдастырды.

Слеттің негізгі мақсаты — облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту,  туристік-өлкетану қызметін жүзеге асыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, балаларды туған өлкенің тарихи, мәдени және рухани мұрасын зерттеуге тарту.

Қашықтан өткізілген шараға Мәртөк, Алға, Қобда Темір аудандарынан, қаладағы №46, №65 және «Сымбат» жеке мектептерінен 60-қа жуық оқушы қатысты.

Қатысушылар орындалған жұмыстарын ZOOM платформасында, Telegram желісінде, электронды пошта арқылы тапсырып, орындады.

Қатысушы командалар өз өлкесінде өткізілген экологиялық экспедицияның презентациясын ұсынып, тақырыптың өзектілігі мен практикалық үлесін бейнеролик арқылы баяндады. Сондай-ақ жас саяхатшылар өз өлкесінде өткізілген экспедицияның маршруттық картасы, өлкетану нысандары, бағыттың ерекшеліктері бойынша презентация жасап, қорғады.

Нәтижесінде топтық есепте «Сымбат» жеке мектебі «Гео-Сымбат» командасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды Қобда ауданы Жарсай орта мектебі «Атланты» командасы иеленсе, ІІІ орынды №46 орта мектептің  командасы иеленді. Жүлдегерлерге облыстық білім басқармасы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының және Ақтөбе қалалық жас туристер стансасының атынан дипломдар мен кубоктар, сертификаттар табысталды.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты туристік-өлкетану экспедициялық жасақтары слетінің облыстық кезеңі тұңғыш рет қашықтан өткізіліп отыр. Слет барысында барлық қатысушылар туризмге деген ынтасы мен белсенділігін көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.

Нұрбек ШҮРЕНБАЕВ,

Ақтөбе қалалық жас туристер

стансасының әдіскер-нұсқаушысы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button