Басты жаңалықтар

«Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылды

Бейсенбі күні облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылды. Шараның ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысып, жоба жұмысын бастап берді.

Аталған орталық «Бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында іске қосылған. Яғни бұған дейін кәсіпкерлерге көрсетіліп келген қызмет түрлерінің ауқымы кеңейген.

«Бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерге қызмет көрсетудің жаңа форматын қолдану кәсіпкердің еңбек шығындарын қысқартып, мемлекеттік қызметтер кешенін бір жерден алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бизнес-процестердің мерзімдері қысқарады және қажетті құжаттар пакетін қалыптастыру жеделдетіледі.

Сондай-ақ қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің, табиғи монополия субъектілерінің өкілдері, қаржылық емес қолдау көрсету жөнінде кеңесшілердің т.б 15-ке жуық қызмет түрі көрсетілетін болады.

Облыс әкімі облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржановаға қызмет сапасын одан әрі жақсарту мақсатында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу арқылы сараптама жүргізіп отыруды тапсырды.

— Экономиканы нығайту үшін басты міндет — кәсіпкерлікті қолдау. Бүгінде еліміздің әр өңірінде «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылып жатыр. Себебі көптеген үлкен жобаларға кіріспес бұрын құжаттарды рәсімдеу керек. Ол үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай-ақ, бір жерге келіп, өтініштеріңізді жазып, қызмет алу тиімдірек, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Бұдан соң өңір басшысы жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Олардың ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Нағима Жанғазиева биыл шілде айынан бастап шоколадты құрма мен қолдан жасалған түрлі кәмпиттерді шығаруды бастаған. Кәсіпкер бүгінгі шараға бизнес кеңесшілерден маркетингтік қызмет алуға келгенін айтады.

— 2008 жылы Дубай қаласында болдым. Сол сәтте осындай ерекше тәттілерді көріп, біздің өңірімізде де шығару ойыма келді. Шоколадтың өнімдерін тапсырыспен алдырамын. Құрамы дәрумендерге бай өнімнің адам ағзасына тигізер пайдасы да зор. Біздің қаламызда әзірге мұндай кондитерлік тәттілер жоқ. Сұраныс бар. Өзге облыстан да тапсырыс беріп жатады. Әзірге өзімнің шағын цехым бар. Болашақта ғимаратты кеңейтуді жоспарлап отырмын, — дейді кәсіпкер.  

«Бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде қызмет көрсететін жоба 6 аймақтан тұрады. Олар: цифрлық қызмет, сүйемелдеу, қаржылық қолдау және құзыреттілік аймақтары. Сондай-ақ өткізу мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бар.

Ақтөбе қаласындағы «GRANT ADAL» компаниясы тұтынушылардың сұранысына қарай, тұрмыста қолданылатын 13 түрлі өнімді саудаға шығаруда. Шараға қатысқан компания директоры Арыстанбек Жұмабаевтың айтуынша, соңғы уақытта пандемияға байланысты антисептик шығаруды да бастаған.

— Біздің өнімдеріміз ел аймақтарынан бөлек, жақында Мәскеу қаласында да нарыққа шықты. Қазір 50 жұмысшы бар. Алдағы уақытта жаңадан зауыт салып, қосымша жұмыс орындарын ашқымыз келеді. Ол үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының атынан қолдау болса дейміз, — дейді А.Жұмабаев.

Сондай-ақ жиынға қатысқа «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС директоры Жаңагүл Төреханова да өз ұсынысын жеткізді.

— Пандемияға байланысты дәрі-дәрмек шығаруды 5 есеге көбейтіп, медициналық бетперде тігуге арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Дәрі-дәрмек қоймасы да толықтырылды. Қазіргі таңда  қалалық әкімдік жер бөліп жатыр. Құжаттары рәсімделгеннен кейін, тағы жаңадан цех ашуды көздеп отырмыз. Ендігі мәселе, зауытта мамандар тапшы. Сол үшін мамандар даярлайтын оқу орталығы ашылса дейміз, — дейді ол.   

Облыс басшысы бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізіп, бұл бағытта медициналық университеттің студенттерін де өндірістік тәжірибеге шақыру туралы тапсырма берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button